Оңтүстікте «Ontustik Tourism. Invest 2017» форумы басталды
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет «Қазақстанның Ұлы Жібек жолына саяхат» халықаралық фестивалі аясында екі күндік «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік, инвестициялық форумы өз жұмысын бастады.
Форум жұмысына ҚХР Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары ДУ Цзян, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрайымы М.Мурзамадиева, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясының төрағасы Р.Күзембаев, «Атамекен» ҰКП өкілдері, халықаралық және қазақстандық туроператорлар, инвестициялық компаниялар, туристтік ассоциациялар мен шетелдік және қазақстандық БАҚ жалпы саны 500-ге жуық адам қатысуда.
Оңтүстік өңіріне қош келдіңіздер деген облыс әкімі Ж.Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінгі таңда мықты экономикалық әлеуеті бар, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін атап өтті.
«Аймақ Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқан. Нәтижесінде – шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс өркендеп, облысымыздың туристік тартымдылығы көбейіп, тамашалауға келуші туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Сондай-ақ, өңіріміздің жағымды инвестициялық имиджі қалыптастырылып, ұлғайюда.
Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны облыста 31 пайызға өсіп, 195-ті құрады. Оларда көрсетілген қызметтер көлемі 43 пайызға көбейіп, 1,7 млрд.теңгеге жетті. Осының нәтижесінде биыл Оңтүстік Қазақстан облысына 128 мың турист келсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға артқанын көрсетеді»,-деді Ж.Түймебаев.
Сонымен қатар әкім Оңтүстікке келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленіп, аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени объектілер мен табиғи орындар енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» аталымы бойынша 8 ескерткіш яғни, Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері Оңтүстік өңірінде орналасқанын айтты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шарада туризм саласындағы әлеуетті жобалар таныстырылып, оларды жүзеге асыру жолдары талқылануда. Сала мамандарының басы қосылған жиында сонымен бірге Ұлы Жібек жолында туризм индустриясын дамытудың өзекті мәселелері мен Жібек жолы бойындағы туристік өнімдерді дамыту, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және инвесторларды тарту жайы қаралмақ.
Сондай-ақ, қатысушылар әлеуетті серіктестермен В2В форматында кездесулерге қатысып, отандық және халықаралық деңгейдегі сарапшылармен сұхбаттасатын болады. Келуші қонақтар сонымен бірге Қазақстанның Жібек жолына арналған фотокөрме, «Silk Road Fair» туристік жәрмеңкесін тамашалады.
ОҚО әкімінің баспасөзі