Оңтүстікте тағы да 364 үй салынып жатыр
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысындағы селекторлық мәжілісте қолға алынған игі жаңалық айтылды. Аймақта «Нұрлы жер» бағдарламасымен 364 көпқабатты үй салынып жатыр екен. Атқарылып жатқан толағай істі облыстық құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев айтты.
Аталмыш бағдарлама өңірде бес бағытта жүзеге асып жатыр. Мәселен құрылыс жүргізушілердің есебінен 107 тұрғын үй бой көтеруде. Ал тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесі бойынша 73 тұрғын үй салынуда. Оңтүстікте жалға берілетін тұрғын үй қоры да құрылуда. Міне бұл бағытта 88 үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен бірге жеке үй салушылардың есебінен 107 көпқабатты тұрғын үй тұрғызылуда. Олар 2017 жылы 11 үйдің құрылысын аяқтайды деп күтілуде. Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру мақсатында тиісті жұмыстар жасалуда.
Міне, бұл жұмыстар несиеге үй алудың қолжетімділігін арттырмақ. Жаңа да, сапалы үйлерді жалға алғысы келетін жас отбасылар ниеттеріне жетпек. Оның үстіне, Оңтүстік Қазақстан облысында үйлердің құны арзандайды. Алдағы уақытта көпқабатты 11 үйден жаңа жылға дейін пәтерлер талай жандарға бұйырғалы тұр. Биылдың өзінде үй кезегінде тұрған қаншама көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеушілерге пәтерлер берілді.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ