Оңтүстікте Ұлыстың ұлы күні киелі Қазығұрттан басталады

Оңтүстік Қазақстан облысында биыл Наурыз мерекесі киелі Қазығұрт тауының бөктерінде аталып өтіледі. Мерекелік шара 21 наурыз күні өтетін болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан мәлім етті.

Оның айтуынша, «Наурыз — Қазығұрттан басталады» мерекелік іс-шарасы аясында театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, мерекелік концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.

«Қазығұрттағы мереке күні тау бөктерінде кеме тектес сахна қойылады. 40 шақты киіз үй орнату жоспарланып отыр. Өңірдегі өнер майталмандары ел алдында ән мен биден шашу шашады. Сондай-ақ,  қолөнер шеберлерінің өнімдері мен ұлттық тағамдардың көрмесі өтеді. Ұлттық спорттық ойындар бойынша түрлі жарыстарда қатысушылар бақ сынайды. Салт-дәстүрге арналған қойылымдар қонақтарға мерекелік көңіл сыйлайтын болады», — деді Асылхан Темірханұлы.

Бұдан бөлек, 19-21 наурыз аралығында облыстағы барлық қала, аудандарда «Жыл арқауы — жыл басы Наурыз», «Қош келдің, әз – Наурыз!», «100 кітап» сынды сурет көрмелері мен жас ақындар айтыстары өтеді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласында Қошқар Ата өзенінің бастауында «Қошқар-Ата Сейілі» атты көктем фестивалі ұйымдастырылып, Наурыз мерекесіне орай Зообақтың маусымдық ашылуы болады.

Мерекелік шара 22 наурыз күні Шымкент қалсындағы Наурыз алаңында «Наурыз көктем – Шымқала!» мерекелік іс-шарасымен жалғасады. Онда жұрт «Наурыз-думан» мерекелік шеруін тамашалайды. Сондай-ақ, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Ұлттық спорт түрлерінен ойындар көрсетіліп, шара соңы мерекелік отшашумен аяқталады.

23 наурыз күні Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне орай облыс орталығында кітап фестивалі мен республикалық «Наурыз» ақындар айтысы ұйымдастырылады.

 фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі