Оңтүстікте «WorldSkills Kazakhstan — Жыл шебері — 2017» аймақтық чемпионаты өтуде
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі №3 колледжде болып, кеше басталған «WorldSkills Kazakhstan — Жыл шебері — 2017» аймақтық чемпионатына қатысып жатқан үміткерлерге сәттілік тіледі. Колледжді аралап көріп, ондағы ізденушілердің қолымен жасалған заттарға жоғары баға берген өңір басшысы «Шатқал» бағдарламасы аясында құрылып жатқан саябақтарға осынау өнімдерді қоюға болатынын айтты.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы Жолдауында: «2017 жылы «Тегін кәсіптік-техникалық білім-баршаға» жаңа жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін – өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс» — деп атап көрсетті. Сондықтан, әрбір азамат өзінің еліне пайдалы болуы үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр Яғни, жастарға өзінің қалаған жұмысшы мамандығын алуға бізде барлық мүмкіндік бар. Біздің жастарымыз бос қиялмен өмір сүрмеуі қажет, керісінше туған Қазақстанға қызмет етіп, өз елінің экономикасын көтеруге үлес қосу керек», — деді Ж.Қансейітұлы.
Биыл өңірімізде екінші жыл ұйымдастырылып жатқан жарысқа Оңтүстіктегі 35 колледж арасында 79 студент 9 мамандық – «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Әрлеу және декоративті жұмыстар», «Электромонтаж», «Пісіру технологиясы (сварочные технология)», «Кірпіш қалау», «Аспаз ісі», «Дизайн және киімдерді моделдеу», «Инженерлік графика CAD» және «Плитка жапсыру» бойынша бақ сынап жатыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру шеңберінде жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында қолға алынған. Шарада кәсіптік білім берудегі техникалық, қызмет көрсету және құрылыс салалары бойынша қатысушылардың тәжірибелік дайындығы, кәсіптік біліктілігі, шығармашылығы мен жоғары еңбек мәдениеті, заманауи, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды іс жүзінде қолдана алу біліктілігі сынға түсетін болады.
WorldSkills жарысы әлемнің 75 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. 2014 жылы Қазақстан 70-ші қатысушы-мемлекеті болып анықталды.
Өткен 2016 жылы алғаш рет облыста аталған аймақтық чемпионат өткізіліп, нәтижесінде жарыстың жеңімпаздары болып табылған №3, №5, №6, №16 және Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледждері Ұлттық чемпионатқа қатысуға жолдама алған. Нәтижесінде, №5 колледждің студенті тігінші мамандығынан 1 орын, №6 колледж кондитерліктен II орын, №16 колледж құрғақ сылақтан (сухое штукатурка) II орын, №3 колледж «үздік дәнекерлеуші» номинациясын жеңіп алған-ды. Ал жеңімпаз атанған №5, №6, №16 колледж студенттері өз мамандықтарына сәйкес, Түркия Ұлттық білім министрлігіне қарасты алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында 2017 жылдан тегін білім алуға жолдама алды.
Ал биылғы чемпионат қорытындысы 30 наурызда анықталып, жеңімпаздар мамыр айында Астана қаласында өтетін Ұлттық Чемпионатқа қатысатын болады. Техникалық және кәсіптік білім мекемелері студенттерінің арасында өткізілетін «WorldSkills Kazakhstan-Жыл шебері-2017» аймақтық чемпионатының жеңімпаздарына Облыстық білім басқармасының І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары мен бағалы сыйлықтар, «Бал Текстиль» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС т.б. кәсіпорындар тарапынан да бағалы сыйлықтар тапсырылатын болады. Мұнан бөлек, облыс әкімінің атынан «Мамандар даярлауда ең үздік әлеуметтік әріптес» номинациясымен 5 кәсіпорын басшыларын марапаттау жоспарлануда.
Айта кетейік, 2017 жылы облыстық бюджет есебінен 12,5 мың адам «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» аясында техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық, қызмет көрсету салалары бойынша, ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» Бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 11437 адам маманданады деп жоспарлануда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі