Оңтүстіктегі тілдер мерекесі этностардың бірлігін паш етті
Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – Мәңгілік елдің мәңгілік тілі»атты мерекелік шара өтті. Іс-шара аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының және облыс аумағында әрекет ететін тілдерді оқыту орталықтарының көрмесі ұйымдастырылды.
«Тілдер туралы» ҚР Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына орай биыл өңірдегі этномәдени бірлестіктер тілі мен мәдениеті және салт-дәстүрі күнін берекелі ассамблея шаңырағының астында бірлесе өткізуді ұйғарды. Мұны – достық пен татулықты ту еткен оңтүстікқазақстандық этнос өкілдерінің байыпты бастамасы, салиқалы шешімі деуге болады.
Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, елімізде мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Өз құттықтау сөзінде аймақ басшысы ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда сындарлы тіл саясаты үлкен маңызға ие екенін айтты.
«Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын асыл қазынасы және ұлттық ерекшелігін көрсететін ең маңызды құндылық. Қазақстанда тұратын этностардың тілдеріне құрмет көрсету, олардың ана тілі мен төл мәдениетін дамытуына жағдай жасау – мемлекетіміздің маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі. Республика бойынша халық саны жағынан да, түрлі этностың басым шоғырлануымен де бірінші тұратын және тілі мен салт-дәстүрдің сақталуымен ерекшеленетін өлкенің бірі де осы – Оңтүстік»,-деді әкім.
Бүгінгі шараға қатысушылар да Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық біргейлікті сақтау, үш тілде білім беру, ұлттық қод және қазақ тілін латын графикасына көшіру сынды байыпты бастамаларын қолдап, этностардың тілі мен төл мәдениетін сақтай отырып, барша қазақстандықтарды біріктіруші мемлекеттік тілдің алар орны ерек екенін атап өтті.
Салтанатты шарада қазақстандықтардың берекелі бірлігін дәріптейтін «Ынтымақ» поэтикалық композициясы сахналанып, этномәдени бірлестіктердің жанындағы шығармашылық ұжымдар дайындаған концерттік бағдарлама мен қазақ тілінің қарпін латын графикасына көшіру туралы хореографиялық композициясы көпшіліктің назарына ұсынылды.
Айта кетейік, өңірде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұрғындар үлесі – 92,1 пайыз болса, орыс тілін ұғатындар – 63 пайызға, ал, ағылшын тілін білетіндер – 14 пайызға жеткен. Сондай-ақ, өңірдегі этнос өкілдерінің 70 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
ОҚО әкімінің баспсөз қызметі