Оңтүстіктің қуыршақ театры астаналық бүлдіршіндерге керемет көңіл-күй сыйлады  

 

Оңтүстік Қазақстан облысының қуықшақ театры елордалық бүлдіршіндерге керемет көңіл-күй сыйлады. «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Астана қаласындағы Оңтүстік Қазақстан облысының күндерінде облыстық қуыршақ театры Астана қалалық қуыршақ театры мен балабақшаларында жас көрермендерге Мақпал Малдыбаеваның «Алтын балық» қойылым мен Антонина Малюченконың «Масақ» («Колосок») қойылымдарын қазақ және орыс тілдерінде ұсынды.

Алтын балық қойылымы кедей баласы Фархаттың бойындағы әділеттілік, адамгершілік пен Хан шабармандарының бойын жаулап алған зұлымдық, қара басының қамын ойлаушылық, мансапқорлық секілді ымыраға келмес өзара қақтығысын көрсетеді. Қойылым жас жеткіншектерге адамгершілік, еңбекқорлық секілді кез-келген адам баласына тән жақсы қасиеттерді бойларына сіңіруге шақырады. Көрермендер мен ата-аналар тарапынан зор ықыласқа бөленген қойылым жас бүлдіршіндер мен жеткіншектерге ерекше әсер қалдыра алды.

«Масақ» қойылымының мақсаты –  балаларды еңбекке баулу. Спектакль барысы Әтеш пен Тышқанның бидайдың масағын тауып алуынан бастау алады. Еңбекқор Әтеш пен еріншек Тышқанның өзара қарама-қайшы әрекеттері көрініс тауып, қойылымды тамашалаған көрермен балақайлар «еңбекпен келген нан тәтті» деген мақалдың мағынасын осы қойылым арқылы терең түсінді деуге болады.

Кішкентай көрермендерді шат-шадыман қуанышқа бөлеген театр қойылымдарының басты мақсаты –  балалар мен жасөспірімдерге рухани тәрбие беру, жас ұрпақтың рухани-эстетикалық дамуын қалыптастыру мен ұлттық мүддені насихаттау, мәдениетке, өнерге қызықтыру, Отансүйгіштікке, елін, жерін қорғауға, құрметтеуге, адалдыққа, достыққа, адамгершілікке т.б. адами қасиеттерге жастайынан баулу болып табылады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі