Оңтүстіктің полиглот жастары «ЭКСПО»-дан оралды
Таяуда ғана елордасы – Астанаға аттанған оңтүстікқазақстандық 100-ден астам ерікті «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келуші қонақтарға бір айдан астам уақыт бойы қызмет көрсетіп, бүгін Оңтүстікке оралды.
Жас полиглоттар 35 күн бойы айтулы халықаралық шараға қатысып, шетелдік меймандарға көрменің жеке аймақ павильондарын таныстырып, мәртебелі шараға белсене атсалысып қайтты.
Күнгейлік жас толқынның еңбегін елеген ұйыдастырушылар тарапы үш тілді жетік меңгерген жастарға зор құрметпен алғыс хат тапсырып, арнайы марапаттады.
Мұндай қуанышты хабарды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлімдеп отыр. Айтуынша, бұл игі бастама мәдени шараға қатысып қайтқандарды қанаттандырып қана қойған жоқ, тиісінше күнгейлік жастолқынның үш тілді меңгеруге деген құлшынысын арттырған. Яғни, бұл арқылы Елбасымыздың «Үш тұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасы да жүйелі жүзеге аспақ.
«Өте әсерлі болды. Қуаныштымын! Ұмытылмайтын сәттер! «Нұр Әлем» павильоны мен өзге де жеке-аймақтардың ерекшеліктері мен мән-мазмұнын бағамдап, болашаққа қажетті деген энергия-қуат көзін атап өтіп, шетелдіктер алдында толығымен таныстыру — мен үшін үлкен мәртебе болды. Еліміздің бүгінгі жетістіктерімен таныстырғанда бойымды қуаныш, мақтаныш сезімдері кернегенін жасыра алмаймын.
Сондай-ақ, халықаралық көрмеде жәй жүрген жоқпын, қажетті ақпарларды ойыма түйіп, қағазға түртіп алдым. Келешекте мен де ғалым болып, елімнің өркендеуіне үлес қоссам деген жоспар түздім» — деп, жас еріктілер жасағаның төрайымы Ботакөз Ізтілеу «ЭКСПО» көрмесінен алған әсерімен бөлісті.
Еске сала өтейік, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне осыдан 1 ай бұрын Оңтүстіктің 150 жасы аттанған болатын. Әзірге, оның 135-і келді. Үздік деп танылған 15 жас елордамыз — Астанада қалып, төрткүл дүниеге Қазақстанның тың туындыларын таныстыруды жалғастырмақ.
ОҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі
басқармасының баспасөз қызметі