Оңтүстіктің сыртқы инвестициясы 42,3 миллиард теңгені құрады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті. Конференцияға Ұ.Сәдібековпен бірге жауапты басқарма басшылары қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдениет күндеріне арналған шаралар жайын баяндады.

Осы жылдың 7 айының қорытындысымен облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталғанын айтқан аймақ басшысының орынбасары жыл басынан бері 439,1 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға өскенін айтты.

«Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы (2015-2019 жж.) аясында жалпы сомасы 47,1 миллиард теңгені құрайтын 47 жоба іске асырылып, 1 650 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал, осы жылы құны 1,7 миллиард теңге болатын 3 жоба іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін өнеркәсіп өнім көлемін 850 миллиард теңгеге жеткізіп, 2,1 пайызға өсімін қамтамасыз ету көзделуде. Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 229,9 миллиард теңге инвестиция бағытталып, 31,5 пайызға артты (2016 ж. 166,4 миллиард теңге). Оның ішінде сыртқы инвестициялар 42,3 миллиард теңгені құрап, үлесі 14,1 пайыздан 16,9 пайызға көбейген», — деді өз баяндамасында Ұ.Сәдібеков.

Оңтүстік өлкесінің бітімі бөлек, тарихы терең өңiр екеніне тоқталған аймақ басшысының орынбасары бес күнге созылатын Оңтүстік Астанадағы күндері аясында өтетін іс-шараларға барша астаналықтар мен қонақтарды шақырды.

Шалқар БЕК.

Оңтүстік Қазақстан облысы