Қоныстой «Нұрлы жердің» нұры төгілуде

Әлеуметтік жағдайың қалтаның қалыңдығымен өлшенетін бүгінгі заманда баспанасыз жүргендер амал жоқ пәтер жалдап күнелтуде. Десе де, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар немесе жетім-жесірлердің көбісіне жалдамалы пәтерде тұруға мүмкіндігі келе  бермейді. Осыны ескерген мемлекет «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды жалға берілетін баспанамен қамтуды қолға алған болатын.

Бұл игі іс өз Жамбылда да  көрініс тауып, таяуда Тараз қаласы «Бәйтерек» ықшамауданында 60 пәтерлі арендалық-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныстой иелерінің қуанышымен бөліскен облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев оларға пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.

– Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биылғы жылға 30 тұрғын үйдің құрылысына 12 миллиард теңгеден астам қаржы қаралды. Оның бүгінде құрылыс жұмыстары қызу қарқын алып, соның нәтижесінде 60 отбасының баспанамен қамтылу қуанышына ортақтасып отырмыз. Бұдан бөлек, осы жылдың соңына дейін 30 тұрғын үйдің 28-і пайдалануға беріледі деп күтілуде. Соның есебінен жұртшылыққа 2 175 пәтер тапсырылмақшы. Өңірімізде 25 мың адам үй кезегінде тұрса, оның 14 мыңнан астамы тұрғын үйге өте мұқтаж азаматтар. Оның ішінде 2 641-і көпбалалы отбасы санатында. Бюджет тапшылығына қарамастан, баспана мәселесін шешу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен 360 пәтерлі 8 жатақхананың құрылысы жаз айында қолға алынатын болды. Ол жаттақханалар  әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға беріледі. Жалпы, жыл аяғына дейін осы тектес жаңадан салынатын жатақханалар есебінен тұрғын үй кезегі келгенше азаматтарды жайлы  баспанамен қамту мақсатында жұрт 612 пәтермен қамтылады деп күтілуде, – деді Еркебұлан Әбілханұлы.

Пәтер кілтіне ие болғандар негізінен тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері. Пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын топтардың азаматтарына жекешелендіру құқығынсыз берілген. Олар айма-ай жалға берілген пәтерге төлейтін 5-6 мың теңге төлемақыны үлкен көмек деп отыр.

Жалпы, қонысты құтқа балағандардың қатарында 17-сі мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкері болса, 31-і әлеуметтік жағынан қорғалғандар, 12-сі жетім балалар. Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау орталығының тәрбиеленушісі Бекболат Серікбай ата-анасынан ерте айырылғанын, мемлекет қамқорлығы арқасында арманы біртіндеп жүзеге асып келе жатқанын айтады.

– Негізінен, бір үйден 5 ағайынды шыққанбыз. Пәтер кезегінде тұрғанымызға 10 жылдан асты. Мына пәтер інім екеуміз тұру үшін берілді. Өзім өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қорғау орталығының 11 сынып оқушысымын. Болашақта жоғары оқуға түсіп, мамандық игеріп, елге, Отанға қызмет етсем деген арманым бар, – дейді ол.

Аталған тұрғын үй құрылысын мердігер «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Ондағы пәтерлердің 30-ы 71 шаршы метірді құрайтын 3 бөлмелі болса, қалғаны 1,2 бөлмелі (58,40 шм) пәтерлер.

Алдағы уақытта пайдалануға берілетін 1 460 пәтерлі 21 үй кредиттік болса, 526 пәтерлі 7 үй арендалық негізде салынбақ. Оның ішінде 187 пәтер кезектегі көпбалалы отбасылардың сатып алуы үшін жоспарланған.

Төлен Дедек