ОҚО-дан Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артады

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Қытай Халық Республикасы «Шэньси ауыл шаруашылығы экономикалық бірлестігі» компаниясының Президенті Фанг Ши Джинг бастап келген делегациясымен кездесті. Басқосуда тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту және өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдерін Қытайға экспорттау мәселесін талқылады.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетімен таныстыра келе, облыстың дайын өнімді экспорттауға деген мүмкіндігі мол екенін айтты.

«Біздің облыс еліміздегі мақта талшығы мен мақта майын 100 пайыз, жеміс, көкөніс, жүзім, бақша, ет, құс еті, балық, сүт өнімдерін ірі көлемде өндіретін және сол өнімдерді республика аймағынан сыртқа экспорттаушы аймақ болып табылады. Өңір халқының жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету теңгеріміне сәйкес, жеміс-жидекпен 1,2 есе, көкөніспен 3,4 есеге, бақша өнімдерімен 4,6 есе, жүзіммен 5,9 есе қамтамасыз етіліп, артығы экспортқа шығарылады. Облыс экономикасының түрлі саласына инвестиция тарту өте қолайлы, оған мемлекет тарапынан қажетті жағдайлардың барлығы жасалған», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде қонақтар жыл өткен сайын Қытайда ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс артып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, бір ғана Шэньси облысы былтыр 7 млн. тонна ас майын, 8 млн, тонна сиыр етін, 5 млн. тонна қой етін тұтынған. Қытайлықтар сұранысқа байланысты бұл көрсеткішті 10 пайызға дейін арттыруды көздейді. Сондай-ақ, делегаттар бүгінгі күні елімізде өндірілген азық-түліктің 10-нан астам түрі Қытай нарығына шығып жатқанын айта келе, тағы қосымша ұн, ет, май өнімдерін алуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Қонақтардың ұсыныстарын тыңдап шыққан облыс әкімі сала басшыларына көрші елдің экспорттық сұранысын бағытталған жұмыстарды жүйелендіруді тапсырды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі