ОҚО: мырзашөлдіктер Елбасыға ерекше разылығын айтуда

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Мақтарал ауданы Атакент кентінде жаңа аудандардың құрылуына байланысты «Елбасының Жарлығы — өңірдің өркендеуі» атты салтанатты шара өтті. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттары мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аудандағы «Алпамыс батыр» атындағы орталық стадионында өткен шара өңірдің тарихынан сыр шертетін театрландырылған қойылыммен басталды. Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы тарихи оқиғаның маңызына тоқталып, жергілікті жұртқа құттықтауын жеткізді.

«Елбасымыз Мақтааралға қатысты Жарлығын Оңтүстіктің жұртшылығы айрықша зор қуанышпен қабылдады. Халқы ең тығыз шоғырланған ауданды Мақтаарал және Жетісай деп бөліп берген Президентімізге ел ерекше ризалығын білдіруде. Мырзашөл жері аса құтты, қымбат мекендердің бірі. Осы дала төсінде маңдай терін төккен 35 жерлесімізге кешегі Одақтың ең жоғары наградасы Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі тегін емес. Сондықтан қасиетті Мырзашөл өрлік пен ерліктің, қайсарлық пен қаһармандықтың құтты мекені десек артық айтқандық емес. Баршаңызды Оңтүстік Қазақстан облысы үшін маңызды да, айтулы осындай оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!», — деді облыс әкімі.

Айта кетерлігі, енді жаңа құрылым бойынша Жетісай ауданының аумағы аумағы — 104428 гектарды, халқынының саны — 172 903-і құрайды. Құрамында 13 ауылдық округ пен 113 елді мекен болмақ. Орталығы- Жетісай қаласы. Ал Мақтаарал ауданының аумағы 80970 гектарды құраса, халқының саны – 131781. Ауданда 11 ауылдық округ пен 69 елді мекен қарамағында болады. Орталығы – Мырзакент кенті.

Сонымен қатар, аймақ басшысы салтанатты жиында ауданға еңбегі сіңген бірқатар азаматтарды марапаттады. Атап айтқанда, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен Мақтарал аудандық орталық ауруханасының аға мейірбикесі Көкбаева Қарлығаш, шаруа қожалық төрағасы Арапов Алейдар және Кенжаев Туркмон, Оңғаров Сейітбек сынды ардагерлер иеленді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім, кәсіпкерлік, құқық қорғау саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан өңір тұрғындары Облыс әкімінің грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелі шара концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған жұрт жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі