ОҚО: Сарыағаш ауданында 585 пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы басталды
Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 780,2 мың шаршы метр тұрғын үй ел игіліне беріледі. 2018 жылдың 4 айдың қорытындысы бойынша 296,3 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 2844 пәтер пайдалануға тапсырылды. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 143,5 пайызға ұлғайғандығын көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданына жасаған сапары кезінде айтты.
Мәселен, Сарыағаш ауданында өткен жылы 19,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылған. Ал ағымдағы жылдың 1 мамырдағы қорытындысы бойынша 7,780 шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданындағы сапары кезінде Қапланбек оқу-тәжірибе шаруашылығы аумағындағы 5 қабатты 585 пәтерлі «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан 13 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме — «Ынтымак Бес-Арыс» ЖШС. Жобаның құны — 407 млн теңге. Ағымдағы жылы құрылысы басталған 13 тұрғын үй 2019 жылы толық пайдалануға берілетін болады. Өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы тұрғын үйлердің сапасына көбірек көңіл бөліп, құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтау қажеттігін тапсырды. «Қазіргі таңда жаңа Сарыағаш бой көтеріп келеді.
Құрылысы басталған 45 пәтерлі 13 тұрғын үй аяқталса, 585 отбасы баспаналы болады. Мұндай жағдай соңғы 45 жылда болмаған. Бұл дегеніміз — Елбасымыздың халқына деген қамқорлығы, елдің мерейі. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді салу барысында ауыз су, газ, электр, жылу, жол және абаттандыру жұмыстары сынды барлық инфрақұрылым мәселелеріне шешімін табатын болады. Әсіресе, аудан басшылығына кәріз жүйесінің шешімін табуды тапсырамын», — деді Ж.Түймебаев.
Бұдан бөлек, облыс әкімі жоспардан тыс Сарыағаш қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Ондағы көрсетіліп жатқан қызметтермен танысты. Сондай-ақ, сол маңдағы заңсыз құрылыстарды сынға алды. Сапасы сын көтермейтін нысандардың қала көркіне кері әсерін тигізіп жатқандығын айтты.
Сонымен қатар, аудандағы сапары барысында өңір басшысы Қапланбек кеден бекеті аймағына тоқтады. Ондағы тозығы жеткен нысандар мен заңсыз сауда нүктелерін ретке келтіріп, кеден маңын абаттандырудың қажеттігін айтты.
«Сарыағаш өзге елмен шекаралас жатқан жер. Театр – киім ілгіштен басталады дегендей, Өзбекстан елінен келген қонақтар ауданға қарап елді таниды. Сондықтан экономиканы, туризмді дамытамыз десек, ең әуелі бет-пердеміз болып табылатын өңірлерімізді көркейтуіміз керек», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, аудан басшысы Қайрат Әбдуәлиевке жоғарыда аталған кемшіліктерді реттеп, қорытындысын баяндау қажеттігі тапсырылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі