ОҚО: Шардара ауданында 8183,6 шаршы метр  тұрғын үй пайдалануға беріледі  

Шардара ауданында өткен жылы бірнеше ауылдық округте бір пәтерлі 9 коммуналдық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 4 қабатты 40 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Жалпы ауданда 2018 жылы 8183,6 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 110 отбасы баспанамен қамтылатын болады.  Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов мәлім етті.

Бұдан бөлек, биыл мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберінде Шардара қаласында сметалық құны 166,5 млн.теңгені құрайтын 2 қабатты 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің және Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 1 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. 

Инфрақұрылым бойынша аудан тұрғындарының 17,3 пайызы табиғи газ көзіне қосылған.

«Елді мекендерді газдандыру бойынша аудандық бюджет есебінен 4 жоба әзірленуде. Жалпы 2018-2021 жылдар аралығында 16 елді мекенді газдандыру жоспарланып, нәтижесінде аудан тұрғындарының 99,5 пайызы табиғи газбен қамтылады. Ал ауызсумен қамтамасыз етуде аудандағы 25 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған құбыр суын, 3 елді мекен  ұңғыма суын, қалған 9 елді мекен тұрғындары құдық суын тұтынады. Аймақта құбыр суымен 73000 адам қамтылған, бұл аудан тұрғындарының 92 пайызы», — деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Бүгінгі таңда Шардара қаласы, Қоссейіт, Шардара, Көксу, Ұзыната ауылдарында ауыз су 24 сағат бойы берілуде. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының 99,8 пайызы электр энергиясымен қамтылған. 

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі