Оқу орындарына бөлінетін грант рекордтық көрсеткішке жетті
Қарап отырсақ, қашан да сапалы кадр дайындау оңай шаруа емес. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан саналуан жүйелі бағдарламалар қабылданып та жатады. Соның бірі, атап айтсақ, негізгі басты 6 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт, білімге қолжетімділікті кеңейту, екінші – академиялық еркіндікті қеңейту және менеджментті жетілдіру, үшінші – білім беру бағдарламаларын жаңартып, жаңа бағдарламалар ашу, төртінші – жұмыс берушілерді кадрларды даярлауға тарту, бесінші – жоғары оқу орындары мен колледждердің әлеуетін арттыру, соңғы бағыт сапаны қамтамасыз ету жүйесін жақсарту. Осы атқарылған жұмыстардың аясында бүгінгі таңда білім гранттары Президент тапсырмасымен арттырылуда.
Биыл жоғары оқу орындарында берілетін білім гранттарының саны рекордтық көрсеткішке жетпек. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарына берілетін білім гранты 73 мың болмақ. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің көп бөлігі мемлекет есебінен тегін оқу мүмкіндігіне ие болады деген сөз.
Атап өтерлігі, гранттарды бөлу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арналған квоталар саны ұлғайтылған. Яғни көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелерінің грант алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Сонымен бірге биыл мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына, сондай-ақ педагогикалық және жаратылыстану ғылымдарына ерекше көңіл бөлінбек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл техникалық кадрларды даярлау және техникалық бағыттар аясында мемлекеттік тапсырыс үлесі 60 пайызға дейін арттырылыпты. Сондай-ақ студенттер арасында сұранысқа ие және қажетті мамандықтарға жаңа гранттар бөлінбек. Бұл туралы да Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында баян етті. «Президенттің қолдауының арқасында мектеп түлектерінің бюджет есебінен оқуға мүмкіндігі артып келеді. Колледждерде білім алу үшін биыл білім беру гранттарының саны да рекордтық көрсеткішке, яғни 31 мың грантқа дейін ұлғайып отыр. Гранттардың басым бөлігі техникалық мамандықтар бойынша беріледі. Сондай-ақ біз емтихандарды алып тастадық және азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін арнайы квоталарды енгіздік. Гранттар барлық колледжге берілмейді. Студент грантты жеңіп алып, белгілі бір колледжді таңдайды. Осылайша қаржыландыру студент таңдаған колледжге жіберіледі. Яғни бұл жерде «ақша студенттің соңынан ереді» қағидасы жұмыс істейді. Бұл кадрларды даярлау бойынша колледждердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Ең бастысы – еңбек нарығының сұранысына сай болу», – деп атап өтті білім министрі.
Министрдің тағы бір атап өткені, жоғары білімге қол жетімділікті кеңейту үшін бірнеше жыл ішінде гранттар саны екі есеге көбейтілетіндігі және студенттердің стипендиясының да екі есеге артатындығы. Бұл жаңалық бүгінде студенттерді қуантуда.
Соңғы жылдары білім және ғылым саласында көп өзгерістер орын алғаны белгілі. Соның бірі Ұлттық бірыңғай тестілеудің цифрлы форматқа көшірілуі және жылына 4 рет тапсыру мүмкіндігінің берілуі. Осы мүмкіндікті пайдаланған мектептің 11-сыныбын бітірушілері қаңтардан бастап оқуға түсу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ талап та күшейтілген. Педагогикалық бағыттар бойынша шекті балл 75 балға дейін, медициналық бағыттар бойынша 70 және заң бағыты бойынша 75-ке дейін жоғарылатылған.
Жоғарыда айтқанымыздай ел Президентінің тапсырмасы бойынша техникалық мамандықтарға грант үлесі 40 тан – 60 пайызға көбейген. Колледждерге берілетін оқу гранттары да жыл санап артуда. Білім министрі айтқандай, биыл олардың саны рекордық 31 мыңға өссе, оның 70 пайызы техникалық мамандықтарға беріліпті.
Тағы бір атап өтерлік тың жаңалық, білімнің нарықтың талабына сәйкес болуы үшін жоғары оқу орындарына академиялық дербестік берілуде. Бұның алдында қалай болды? Қандай пән, неше сағат оқытылу керек, оның мазмұны қандай болуы керек деген ережелердің барлығы министрлікпен бекітілетін. Сондықтан жүйе ескіріп, тез өзгеретін нарықтың талабына сәйкес келмеді. Ал жаңа мамандық ашу үшін бір-екі жыл кететін. Ендігі таңда университеттерге академиялық дербестік беріліп, олар білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға немесе нарық талабына сай әзірлей алады. Яғни енді мемлекет емес жұмыс берушінің өзі бұл бағдарламаларды реттеуге мүмкіндік жасайды. Ендігі проблема – нарыққа қандай мамандықтар керек, соны анықтап алу. Мұндай мүмкіндік колледждерге де берілуде. Бұрын студенттер ұзақ оқыды (2-4 жыл), жұмыс берушілердің талаптары толығымен ескерілмеді, мектепте оқыған пәндер қайталанды, бір ғана біліктілік ала алды. Енді колледждерге де кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын дербес өздері әзірлеу, сондай-ақ оқу мерзімдерін өздері айқындау мүмкіндігі беріліп отыр. Сонымен маман бір ғана мамандық емес үш біліктілікке дейін алып шыға алады. Нәтижесінде бүгінгі сұранысқа жауап беретін мамандықтар ашылып, 50-ге жуық ескі мамандықтар жабылған.
Сапаны қамтамасыз етудің тағы бір шарты – білім беру бағдарламаларын жаңарту. Дайын болған кәсіби стандарттар бойынша университеттерде 4 мыңнан астам бағдарлама жаңартылыпты. Мысалы, жасанды интеллект, IT медицина, цифрлық заңгер сияқты бұрын болмаған 269 жаңа бағдарлама енгізілген. Колледждерде де осы жұмыс қарқынды іске асуда. Сондай-ақ теория мен тәжірибені ұштастыра отырып оқыту жүзеге асырылмақ. Яғни дуалды оқытудың маңыздылығын уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Келесі бағыт ірі кәсіпорындардың колледждерді қамқорлыққа алу жұмысы. 2021 жылы елімізде 51 кәсіпорын колледждерге қамқорлық жасаса, қазір 406 кәсіпорын 406 колледжді қамқорлыққа алыпты. Мамандардың сапалы білім алуы оқу орындарының материалдық базасына да байланысты екені белгілі. Жас маман жобасының арқасында 180 колледждің шеберханалары жаңартылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім министрлігінің алдына қойып отырған бір талабы, елімізде шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу. Осы тапсырма аясында бүгінде елімізде Де Монтфорт Лестер университетінің филиалы жұмыс істеуде. Онда британдық диплом береді. Сол сияқты Қозыбаев университетінде әлемнің ең үздік университетінің бірі – Аризона университетінің бағдарламалары ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар Алматы мен Атырау қалаларында шетелдік жетекші техникалық университеттердің филиалдарын ашу көзделген.
Қорыта айтсақ, бүгінде отандық білім беру жүйесінің сапасын халықаралық рейтингтерден де байқауға болады. Ел жастарының бәсекеге қабілеттілігі өте жоғары деп айтуға негіз де жоқ емес. Мәселен, колледждер бойынша WorldSkills чемпионатының қорытындысын қарасақ Қазақстан 60-тан астам қатысушы елдердің арасында 50-ші орыннан 14-орынға дейін көтерілген. QS халықаралық рейтингісінде 2016 жылы 8 ғана университет болса, бүгінгі күні 14 жоғары оқу орны еніп отыр. 3 жоғары оқу орны беделді Times Higher Education рейтингісіне кіреді. Көршілес елдермен, көп шетелдік мемлекеттермен салыстырғанда бұл жақсы жетістік.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
aqjolgazet.kz/