«Орал-Жайық» экспедициясы Батыс Қазақстан облысының тарихи орындарымен танысты
Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы және Атырау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» жобасы аясында «Орал-Жайық» экспедициясы ұйымдастырылды.
Аталған шараға этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері қатысты. Экспедиция мүшелері Орал өңірінің Жымпиты елді мекеніндегі Алаш орда үйіне, Жұмағазы Хазірет кесенесіне, Жайық қалашығына, Тақсай қорған кешеніне, Емельян Пугачев музей-үйіне барып, киелі жерлердің тарихымен танысты.
Экспедиция мүшелерінің мақсаты — Батыс Қазақстан облысының тарихи, қасиетті жерлерімен танысу және оны жас ұрпаққа әңгімелеп айту арқылы олардың патриоттық сезімдерін дамыту. Жастардың рухани байлығының жетілуіне, адами қасиеттерінің қалыптасуына тарихи оқиғаларды, тұлғалардың өмір жолын үлгі-өнеге етіп, зерделерін ашу.
Экспедицияға қатысушылар киелі орындарды аралай жүріп, БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловпен кездесіп, Тақсай ханшайымы кесенесінің ашылу салтанатына қатысты. Жергілікті меценаттардың қолдауымен тұрғызылған ақ шаңқай кесененің биіктігі — 7 метр, ені — 4 метр.
Экспедицияға қатысушылардың бірі «Светоч» славян этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Раиса Биткова Орал өңіріне жасаған сапарында Қазақстанның киелі жерлерінің тарихы ерекше екендігін, көне қаланың әсем жерлеріне тәнті болғанын, сондай-ақ экспедицияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, өзінің алған әсерімен бөлісті.
Атырау облысы әкімі аппаратының
«Қоғамдық келісім» КММ