Оралда қайырымдылық айлығы жалғасуда

Бұл жолғы іс-шара қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі Орал медициналық-әлеуметтік мекемесінде өтті.

«Қариялы ел – қазыналы ел» атты шараны Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері бірлесе ұйымдастырды. Пандемияға байланысты санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған қайырымдылық шарасына қатысқан қала әкімі Абат Шыныбеков: – Мейірбандылыққа толы қазан айында қазыналы қарттарымызды қамқорлауға баса назар аударамыз. Бұл жолғы шарамыз мемлекет қамқорлығындағы өздеріңіздей жандарға арналып отыр. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік жағынан қорғау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Еліміздің дамуына өз үлесін қосқан, бүгінде әлеуметтік қамқорлыққа мұқтаж азаматтарды қолдау – біздің басты мақсатымыз, – деді.

 

 

Іс-шара барысында аталмыш мекемеге қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты аула клубтары қолөнер үйірмелерінің жетекшілері дайындаған «Торсық» бұйымының сұлбасы тарту етілді. Торсық – түркі халықтарының жолаушылап шыққан адамға қымыз, шұбат, іріткі құюға арналған ежелгі ыдысы.

Мерекелік кеш Жастар мәдениет үйі мен мәдени-ағарту бірлестігі шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Қазан айындағы халықаралық қарттар күнінен басталған қайырымдылық айлығы аясындағы іс-шаралар одан әрі жалғасады.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы