Оралда тағы бір кеме суға түсірілді

Оралда тағы бір кеме суға түсірілді. FC–19 жобасымен жасалған «Ратмир» жүрдек катері ««Зенит» Орал зауыты»  АҚ даярлаған — 27 ші кеме. Бұл кеме ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің тапсырысымен даярланған.

Су жаңа кемені суға түсіру салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі бас штабы ҚР жағалау күзеті басқармасының бастығы, 1 ранг капитаны Сабыр Хасанов, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі өңірлік жағалау күзеті басқармасы бастығының орынбасары,   1 ранг капитаны С.Қалдыбаев және жергілікті басқару органдарының өкілдері мен ««Зенит» Орал зауыты»  АҚ-ның ұжымы қатысты.

  — Жыл сайын суға жаңа кеме түсіру біз үшін дәстүрге айналды. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде «Зенит» зауыты осымен 27-ші рет кеме құрастырып шығарып отыр.  Міне, бүгін біз сол кемені суға түсірдік. Осының барлығы Елбасының индустриалдық-инновациялық даму бойынша жасақтаған бағдарламасының арқасында мүмкін болып отыр. Бүгінгі таңда «Зенит» зауыты жетідірілуде, нәтижесінде кәсіпорын қазіргі талапқа сай замануи кемелер шығара бастады. Жыл басында біз сиымдылығы 250 тонна кемені суға түсірген болатынбыз. Енді міне, бүгін суда жүзу жылдамдығы 100 км/сағатты құрайтын жүрдек кемені суға жіберіп отырмыз. Осындай замануи кемелерді пайдалана отырып, шекарашылар мен әскери қызметшілер ел тыныштығын күзетеді. Мұндай замануи техниканы жасау үшін зауытқа мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Кәсіпорын жұмысының тоқтаусыз жүруі үшін мемлекет жыл сайын зауытты тапсырыстармен қамтамасыз етуде. Бұл жағдай кадрлардың біліктілігін көтеруіне де оң ықпалын тигізуде. Сіздердің сапалы жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіре отырып, ел экономикасын көтеру мақсатында Елбасының технологияны жаңғырту бойынша берген тапсырмасын сіздер мен біздер біріге отырып орындайық дегім келеді, -деді облыс әкімі Алтай Көлгінов өз сөзінде.

««Зенит» Орал зауыты»  АҚ  бас директоры Вячеслав Валиевтің айтуынша, мұндай жүрдек катерлерді кәсіпорын осымен бесінші рет даярлап отыр. Дегенмен, «Ратмирдің» алдыңғыларына қарағанда, айта қаларлықтай ерекшеліктері бар. Жаңа кеменің корпусы бұрынғыларға қарағанда едәуір жетілдірілген және 3 баллға дейінгі толқында қозғалыс мүмкіндігін шектеусіз сақтайды.  Сондай-ақ, жаңа кемеде экипаж үшін тұрмыстық жағдай барынша оңтайлы жасалған.

– 26 тонналық су сиымдылығы бар бұл катер өте жүрдек және қажет кезде оңтайлы маневр жасауға қабілетті. Кеменің осы артықшылығы оның өзендерге емін-еркін түсіп, Каспий теңізі аумағында кездесіп қалатын тәртіп бұзушылармен, сондай-ақ, браконьерлармен белсенді күресуіне мүмкіндік береді. Бұрын мұндай мақсатқа арнайы вертолеттер пайдаланылатын, бүгінде осындай жетілдірілген кемелердің көмегімен қылмыскерлердің, соның ішінде шекара бұзушылардың жолын кесуге болады, -деді Вячеслав Валиев жаңа кеменің артықшылығына ерекше тоқталып.

Бұл кемені «Ратмир» деп атаған тапсырыс берушілердің өздері.

-Әскери флоттың негізгі міндеті – мемлекет шекарасын қорғау, тыныштықты сақтау. «Ратмир» деген сөз тыныштықты сүюші, бейбітшілік қорғаны деген мағынаны білдіреді. Бұл кеме теңіз жағалауындағы тыныштықты қорғайтын болғандықтан, біз оны «Ратмир» деп атадық. Бүгінде басшылар тарапынан отандық кеме жасау ісіне зор көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде біз бүгін шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толу қарсаңында жасалған заману кеменің суға түсірілу салтанатына қатысу құрметіне ие болып тұрмыз.  «Зениттен» шыққан кемелер мемлекет шекарасын қорғауда бізге әрдайым сенімді көмекші болып келеді, — деген ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі бас штабы ҚР жағалау күзеті басқармасының бастығы, 1 ранг капитаны Сабыр Хасанов кәсіпорын ұжымына сапалы қызмет көрсеткені үшін ҚР шекара қызметі басшыларының атынан алғыс айтты.

Шараны қорытындылаған Вячеслав Валиев шекарашыларға арнап тағы бір жаңа кеме дайындауды жоспарлап отырғандарын айтты. Оның сөзінше, бұл кеме, бұйырса, 2019 жылы тапсырылады. Жаңа кеменің су сиымдылығы «Ратмирден» 10 есе көп болмақ. Ол, сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігінен де тапсырыс күтетіндерін жеткізді.

Бұдан соң кемені суға түсірілу рәсімі жасалды. Басшылардың сөзінше, кеме 10 күннен соң тапсырыс берушілерге аттандырылмақ.

 

Айша ӨТЕБӘЛІ,