Оралда жаңа мектеп қолданысқа берілді

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Оралдағы Зашаған кентінде 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков арнайы қатысты.

Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы: – Баршаңызды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын. Атаулы мерекеге орай Зашаған кентінде жаңа білім шаңырағы бой көтеріп, мектеп ғимараты оқушыларға есігін айқара ашуда. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Елді түзетуді бала оқыту ісімен бастау керек» деген болатын. Бұл пікір әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Ұл-қыздарымыз сапалы білім алу үшін оларға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Биыл мемлекет тарапынан білім саласына баса назар аударылды. Алты мектептің құрылысын бастадық. 27 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Бір мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылғалы тұр. Ұстаздар мен ата-аналарға еліміздің болашақ мәдениетті, білікті, еңбекқор патриоттарын тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін, – деп, кент тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.

Жаңа ғимаратқа осыған дейін Оралдағы мемлекет қорғауындағы көне архитектуралық нысанда орналасқан Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі көшірілді. Сондай-ақ Зашаған кенті мектептеріндегі үшауысымдылық мәселесі шешімін тапты.

Мектеп құрылысын жүргізген атыраулық «Нұркапстройгаз» ЖШС директоры Әділбек Кәрімов су жаңа ғимараттың кілтін мектеп-лицей директоры Шынар Сағынғалиеваға табыстап, құрылысты мерзімінен бұрын аяқтауға мүмкіндік жасаған жергілікті билікке ризашылығын білдірді. Салтанатты шарадан соң облыс әкімі бастаған меймандар мектеп ішін аралап көріп, ішкі жай-күйімен танысты.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы