Оралдықтар жолдауды талқылады

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің төрағалығымен өткен актив жиынында Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауы жүктейтін мақсат-міндеттер айтылды.

Алдымен сөз алған қала басшысы Абат Абайұлы кезекті Президент жолдауында бес бастаманы және жеті бағытты іске асыру көзделгенін жеткізді. Сонымен қатар өз баяндамасында облыс орталығында халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға шолу жасады. – Ең маңызды мәселелердің бірі – шаһар тұрғындарын баспанамен қамту. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге биыл жеке инвестициялар есебінен жалпы көлемі 72 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің бірлескен жұмысы нәтижесінде апатты үйлердің мәселесі шешілуде. Ағымдағы жылы осы жұмыстардың нәтижесінде бір көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек қала жолдарының жағдайын жақсарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда 13 нысан бойынша жол құрылысы жүргізілуде, – деді қала әкімі. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің аулаларын жаңарту жобасына айрықша тоқталып,  аулалардың жолдарын жөндеу, жарықтандыру, кіші архитектуралық нысандар орналастыру, демалыс орындарын жасақтау, балалар ойын алаңқайлары мен спорт алаңдарын салу жұмыстарының әрқайсысы әр бөлек мердігерге тапсырылғанын атап өтті. Осындай кешенді жұмыстар облыс орталығында жүйелі жүзеге асырылып жатқаны мәлім болды.

Денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға тоқталған шаһар басшысы бүгінгідей ұлт саулығы сынға түскен кезде індетке қарсы вакцина салдыру ісіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. – Мемлекеттің қолдауымен және жеке инвесторлардың қаражатына қаламызда спортшылар үшін ғана емес, қарапайым халықтың салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік беретін көптеген спорт алаңдары мен спорт кешендері салынуда. Сонымен бірге жаңа мектеп ғимараттары бой көтеріп, апатты жағдайдағы білім ошақтарын жою, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді, – деген қала әкімі облыс орталығындағы №33 орта мектептің орнында жаңа ғимарат құрылысы жүргізіліп жатқанын, 300 орындық білім нысаны жыл соңына дейін пайдалануға берілетінін жеткізді. Ал қала маңындағы елді мекендердің біріндегі мектептің ғимараты да жаңадан тұрғызылып, нәтижесінде үш ауысымда оқыту мәселесі шешімін таппақ. Сондай-ақ жеке инвесторлар есебінен мектептер салу арқылы да білім ордаларындағы орын тапшылығы мәселесін реттеу көзделуде. Өз баяндамасында Абат Абайұлы биылғы оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта оқуға көшкенін, оларға сапалы білім алуға барынша жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатындағы іс-шаралар мұнымен шектелмек емес.

Әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға тоқталған қала әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, жастарды еңбекке тарту, бизнес бастағысы келетін адамдарға әлеуметтік гранттар беру – басты бағыттардың бірі екенін айтты. Жұмыссыз отырған жерлестеріміздің өз кәсібін ашуына себепші болатын әлеуметтік гранттардың маңызы зор екенін жеткізді. Қала әкімі өз сөзін түйіндей келе, актив мүшелері мен тұрғындарды алда тұрған қоғамның сұранысын қанағаттандыру бағытындағы жұмыстарға белсене атсалысуға шақырды.

Бұдан әрі актив жиынына қатысушылар Президент жолдауы туралы ой-пікірлерімен бөлісті. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның директоры Дәурен Тұрлыбеков аталған құжатта еңбек өнімділігін арттыру мен инновацияларды дамыту мәселесіне де назар аударылғанын айтып, бұл бағытта компанияда белсенді жұмыстар жүргізілу үстінде екенін атап өтті. – Жыл басынан бері постпандемиялық кезеңге қарамастан «Орал трансформатор зауытында» экономикалық өсім 30 пайызды құрады. Бұл – біздің ұжымның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Мемлекет басшысы ел экономикасын дамытуға өңдеу өнеркәсібінің қосып жатқан үлесіне тағы бір мәрте көңіл аударды. Біз осы саладағы ірі компаниялардың бірі ретінде мемлекеттің қолдауын сезінудеміз. Одан әрі де биік межелерді бағындыру үшін жұмысымызды жалғастыруға дайынбыз, – деді Дәурен Дастанұлы.

Биыл екінші жыл қатарынан отандық медицина қызметкерлері пандемия жағдайында коронавирус дертімен күресуде. Осы ретте қалалық №1 емхана директоры Светлана Ермекқалиева ел Президенті жолдауда денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырмағанын айтты.

Президент өз жолдауында сапалы білім беру мәселесіне де басымдық бергені белгілі. Оралдық педагогтар да жыл сайынғы жолдаудан жағымды жаңалықтар күтетіні жасырын емес. Қаладағы №33 ЖОББ мектебінің директоры Үміт Ерғалиева айтып өткендей, елдегі пандемия жағдайында ұстаздардың еңбегі қаншалықты маңызды екені сезілді. Ұстаздың еңбегінің жемісі – шәкіртінің жеңісі. Білім ордасының басшысы Үміт Ілиясқызы Президенттің білімді оқушыларға сыйақы тағайындау, оқу гранттарын бөлу туралы айтқан оңды шешімі оқушылардың білім, ғылым жолындағы ізденісін, құлшынысын, қызығушылығын арттыра түсеріне сенім білдірді.

Ұлты орыс болса да қазақ тілінде баяндама жасаған Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу секторының меңгерушісі Анжела Горбунова қазақы ортада өсіп, ұлттық сана мен дәстүрді бойына сіңіріп өсіргенін жасырмады. Бұдан әрі өзінің жұмысында басшылыққа алатын Жолдау жүктеген міндеттерге ойысты. – Менің күнделікті жұмысымдағы басты мақсат – халықтың әл-ауқатын жақсартудағы Президентіміздің салиқалы саясатын кең көлемде жүзеге асыру. Солардың бірі – күні кешегі Қазақстан халқына арнаған жолдауы. Бұл құжатта көтерілген бірнеше бастамалардың алғашқысы – ең төменгі жалақы деңгейін көтеру мәселесі. Әлемді жайлаған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Әсіресе, айлық табысы төмен, карантиндік шектеулерге байланысты жұмыстары уақытша тоқтаған азаматтарға оңай соқпағаны рас. Енді осы Жолдау негізінде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 42500 теңге көрсеткіші 60 мың теңгеге көтерілетін болды. Бұл игі бастама әлеуметтік салаға оң әсерін тигізетіні және азаматтардың ахуалын жақсартары анық, – деді әлеуметтік сала өкілі.

Ал қалалық мәслихат депутаты Мирболат Ерсаев жолдауда айтылған маңызды мәселелердің шешімін табуға ықпал ету, игі бастамалардың аяқсыз қалмауын қадағалауға депуттаттар да мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар депутат жолдау аясындағы Президенттің тапсырмаларын негізге ала отырып, өз қаламыздағы кейбір өзекті мәселелерді тілге тиек етті. – Мәселені тек айтып қоймай, шешу одан да маңызды. Арада апта өтпей жатып, Үкімет Жолдауда қойылған міндеттерді орындау аясында елдің Жалпыұлттық жоспарын мақұлдады. Президенттің бастамаларын келесі жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асыру үшін резервтен 215 миллиард теңге қарастырылып отыр. Бұл көкейге берік сенім ұялатады. Жолдаудан өңірлерге қатысты айтылған мәселелерді жұмысымыздың басым бағыты ретінде назарда ұстағанымыз жөн, – деген Мирболат Бижанұлы өз сөзінде қаланың даму жоспарын құруда урбанистердің пікірін ескеруді, ал инфрақұрылымдық даму бағдарламасын жасақтауда депутаттардың ой-пікірін тыңдауды және зиялы қауымды түрлі рухани шараларға тартуды ұсынды.

Қала әкімінің баяндамасын, жастардың жолдау туралы қолдау сөздерін ұйып тыңдаған аға буын өкілдері де үнсіз қалмады. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов Жолдаудың маңызы зор, бағыт-бағдары белгілі, жүктер мақсаты айқын екенін айтты.

Жиын соңында жарияланған қарар негізінде Жолдауды халыққа түсіндіру және іске асыру шаралары аясында бірқатар ұсыныстар қабылданды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА
БҚО Орал қаласы