«Оралмандармен» орта толсын, ағайын!

Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі ширек ғасырда жүзеге асқан игі істердің бірі, шетелдерде тұрып жатқан қандастарымызбен байланыс орнатып, оларды Ата-жұртына түбегейлі оралуға мүмкіндіктер жасап, жол ашу болды. Бұл мәселеге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлы айрықша көңіл бөліп келді. Соның нәтижесінде осы жылдар аралығында Ата-жұртына 1 млн.- ға жуық қандастарымыз оралып, еліміздің әлеуметтік-эко­номикалық, мәдени-рухани дамуына өз үлестерін қосуда.

joih

Соңғы бірнеше жылда түрлі себептермен қарқыны бәсеңдеп тоқырауға ұшыраған көшіміз, Көші-қон туралы қайта қабылданған заңның нәтижесінде биыл қайта жалғасын тапты. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында Ата-жұртқа 15 мыңға жуық қандастарымыз оралған екен. Дәлірек айтсақ, 2016 жылғы 1 шілдедегі дейін, елге 6,840 отбасы немесе 14,947 қандастарымыз көшіп келіп, «Оралман» мәртебесін алған. Олардың басым бөлігі (66,7 пайызы) Өзбекстаннан, 23,6 пайызы Қытайдан, 4,2 пайызы Түркменстаннан, 2,4 пайызы Моңғолиядан, қалған 3,1 пайызы басқа елдерден көшіп келгендер. Сондай-ақ, көшіп келген қандастарымыздың басым бөлігі Алматы өңіріне, (2, 364 отбасы, 4, 729 адам), Оңтүстік Қазақстан өңіріне, (1, 572 отбасы, 3, 044 адам) және Маңғыстау өңіріне, (506 отбасы, 2, 311 адам) қоныстанған. Көшіп келгендер ішінде еңбекке жарамды жастағы азаматтардың үлесі 64,2 пайызды құраса, 18 жасқа дейінгі балалар 29,7 пайызды, зейнеткерлер 6,1 пайызды құрап отыр. Сонау 90 — ыншы жылдардағы ұлы көштің алғашқы қарқынымен салыстырғанда, бұл көрсеткіштер онша көңіл көншітеді деп айта алмаймыз.

«Елге ел келсе құт — елден ел кетсе жұт», -деп бұрынғы бабаларымыз бекерге түйіндемеген. Ата-жұртына оралып жатқан әрбір қазақтың, қазақ елі үшін, оның болашағы үшін берері мол екендігін тәтпіштеп жатудың өзі артық. Ең бергісі біздің демографиялық тұрғыда өсуімізге, мәдениет пен спорт, өнер салаларындағы жеткен жетістіктерімізге, сондай-ақ, шұрайлы ана тіліміздің қайта оралуына, ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, қазақы әдет-ғұрыптарымыздың қайта жаңғырып жандануына шеттен келген осынау қандастарымыздың қосқан үлесі зор деп айта аламыз. Кезінде Мемлекет және қоғам қайраткері, Алтынбек Сәрсенбайұлы: ««Қазақ ұлтына сырттан келер үлкен көмек бар, ол — оралмандар. Мен мұны «көмек», — деп әдейі бөліп айтып отырмын. Себебі, оралмандарды ұлтқа көмектесуші адамдар ретінде қабылдауымыз керек. Ұлттың санын молайтатын, сапасын жақсартатын, ұлттық экономикаға ие болатын, сырттан келіп қосылып жатқан «жаңа күш» ретінде қараумыз керек. Әсіресе, гуманитарлық салада, тіл, мәдениет саласында біз көріп отырған қиыншылықтардан алып шығуға өз үлесін қосатын күш ретінде қарауымыз керек», -дегенді!

Міне, сол үшін де біз елге оралып жатқан қандастарымызға барынша мүмкіндіктер жасап, әсәресе оларды келген бетте бұрынғыдай сарсаңға салмай тез құжаттандырып, мүмкіндігінше баспанамен қамтамасыз етіп, жұмысқа орналасуына жергілікті билік өкілдері баса назар аударулары қажет! Сондай-ақ, келіп жатқан және де ендігі келетін оралмандарға, қоныстанған өңірлеріне (облыс, аймақтарына) байланысты берілетін қаражаттар мен көрсетілетін түрлі жеңілдіктер жайлы түсініктеме жұмыстарын жақсылап түсіндіріп нәсихаттау қажет. Осы орайда, әсіресе ауылдық елді мекендерге келіп жатқан оралмандарға айырықша көңіл бөліп, оларды жаппай жұмыспен қамтамасыз ету тұрғысынан, оларға жеңілдетілген несие беру, жайылымдық, егістік, шабындық жер беру арқылы, оларды жеке, және ұжымдасып егін салып, мал шаруашылығын дамытып, әрі өздерінің тұрмыс-тірліктерін түлетуге барынша мүмкіндіктер жасау қажет. Ата-жұртына оралған бұрынғы оралмандарға, баспана мәселесі, азаматтық алудағы кедергілер, шетелден көшіп келген жоғары білімді азаматтардың өз тарихи Отанына келгенде алған білімінің кәдеге аспай қалатындығы, қайсыбір кәсіппен шұғылданып шаруашылық жүргізуге қолдау көрсетіле бермейтіндігі, яғни жеке кәсіппен айналысуға жағдайдың жасалмайтындығы үлкен кедергі болып келгендігі белгілі. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысайын десе, оған қажетті жер мәселесінің шешімі табылмайтындығы, аяғынан тік тұрып кетуі үшін несиенің жеңілдікпен берілмейтіндігі, егін салайын десе тағы да тиесілі жер беріле бермейтіндігі дегендей көпшілікті толғандыратын басты мәселелер әрбір өңірде дұрыс шешімін тапса екен дейміз. Келген ағайын әрине ата-жұрттан бірдеме алу мақсатымен келмейді. Оларға тезірек орнығып, ел қатарлы еңбек етіп кету жағдайларын ғана толықтай шешіп берсе болғаны. Ешкімнің аштан өлмесі де, далада қалмасы да анық. Қанша дегенмен ендігі келгендерге сүйеу демеу боларлықтай мұнда да өз ағайындары жетерлік. Басты мәселе, бар жиған тергенін осында жетіп алуға жұмсап құралақан келетін ағайындарымызға, жоғарыдағы жағдайлардың жасалуы олардың қиналмай қатарға қосылып, ел қатарлы тірлігін түлетіп кетуіне үлкен дем болар еді. Сондай-ақ,»Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» демекші, мұнда келіп кім көрінгенге көзтүрткі болу, кімге де болса оңай соқпасы анық. Елім, жерім, ұлтым, қандасым, бауырласым деп келгенде, оларға ең бастысы ортаның жылы қабақ танытуы аса қажет екендігін айтып жатудың өзі артық болар. Біз әрдайым берекелі болсақ, бауырмал болсақ одан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ешкім де бұл өмірге мәңгі емес! Адам ұрпағымен мың жасайды. Біз не жасасақ та, сол болашақ ұрпақтың қамы үшін жасаймыз. Бұл елін сүйген, ұлтын, ұрпағын ойлаған әрбір азаматтың парызы болмақ.

«Берекені көктен тілеме — Бірлігі мол көптен тіле», -деп бекер айтпаған ғой. Ел болып ескерсек, көп болып қолдасақ, біз аспайтын асу, біз алмайтын қамал жоқ қой, ағайын! «Ауылдың иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді», -деген де мақал бар. Міне осының да астарына үңілген адам, менің не айтпағымды түсіне жатар! Алла бізді бірлігімізден жазбасын. Көп болып көбейейік, көркейейік ағайын!

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі