Ораз-Мұхаммед Қазақияға неге қайтпады?

Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» дейтін атақты романын баршамыз оқыған шығармыз. Сібір хандығын билеуге келген жас сұлтан, аңдаусызда орыс қолбасшысының қақпанына түсіп қалады Сосын тұтқын ретінде Мәскеуге жіберіледі. Көбінде, патшалығынан, халқынан айырылған мұндай кісілерге орыс патшасы бұрынғы мәртебесін сыйлап, орташа бір лауазым беретін. Сонымен бітті. Тарих ол кісіні ұмытатын. Ал Ораз-Мұхаммедте бәрі керісінше болды. Ол алғыр әрі қайсар еді. Патша Борис Годунов жас сұлтанның потенциалын байқап, оны швед, поляк елшілерін қабылдау рәсіміне қатыстырып, түрлі кеңестерге ертіп жүрді. Ханзада 24 жасында швед жорығына қатысып, осы соғыста дәрежесі бойынша армиядағы үшінші адамға айналады. Речь Посполита мен Қырым одағына қарсы шайқаста 27 жастағы сұлтан орыстың воеводасы деген ат алады.  Соғыстағы һәм бейбіт өмірдегі ерен істерін бағалаған Борис Годунов Ораз-Мұхаммед сұлтанды Мәскеуден 250 шақырым қашықтағы Қасым дейтін ойыншық мемлекеттің басшысы етеді. Бұл оқиға 1600 жылы болып еді.  Уақыт өте берді. Борис патша өлді. Оның орнына таққа отырған мұрагері тым жас болып шықты. Билікке дәмелілер, жас княздің көзін құртып, өздері таққа отырмақ болды. 1612: аласапыран Ресейде аласапыран басталды. Жалған патшалар қаптап, әр қайсысы қала-деревняны өз жағына тартуға тырысты. Көнбегінін өртеді, жойды. Әр патша келіп салық салып кеткеннен, халықтың ішерге тамағы болмай, қырыла бастады. Зығырданы қайнаған шаруа-кедейлер, бұрқ етіп көтеріліс жасайды.  Осы кезде Ораз-Мұхаммед қол қусырып отырмай, орыс мәселесіне белсене араласуды ойға алады. Бірақ, кім болып, қай жаққа жақтасу қажет?! Поляк тарихшыларының деректеріне сенсек, Ораз сұлтан – қазақтың сол кездегі ханы Есіммен хат-хабар алмасқан. Көктем шыға, Есім хан, Ораз-Мұхамедке армия жіберіп, Мәскеу тағына отыруға көмектесерін уәде еткен дейді.  Таңғалар түгі жоқ. Қырым ханы Дәулет Керей Иван Грозныйдың армиясын талқандап, Мәскеуді өртеп, ал орыс тағына Сайын Бекболатоғлы деген татарды қойып кетіп еді. С.М. Соловьев деген орыс тарихшысы: «История России с древнейших времен» деген кітабында, Иван Грозный Мәскеуге кіру үшін, рұқсат сұрайтын деп, мынау хатты дәйек етеді.  «Государю великому князю Семиону Бекбулатовичю всеа Русии Иванец Васильев с своими детишками, с Ыванцом да с Федорцом, челом бьют». Бірақ, көп өтпей, Дәулет Гирейдің ұлдарының бірі әкесіне қарсы шығып, Қырым хандығында азаматтық соғыс бұрқ ете қалады. (!) Осы сәтте, Иван Грозный Мәскеу боярларына арқа сүйеп, тақты өзіне қайтарады. Бірақ, Сайын-Болатты өлтіріп тастауға жүрегі дауаламай, қалға ретінде қалдырады. Ораз-Мұхаммедтің Мәскеу тағынан дәмеленуі бекер емес еді. Симеон Бекбулатович Қырым ханының күшімен Орыс кінәзі болса, бұл сұлтан қазақ ханы Есімге сүйенбек болды.  Бірақ… Болотников бастаған кедейлердің көтерілісі, жеңіліс тапты. Патша жансыздары, Ораз-Мұхаммедтің бүлікшілерге дем бергенін анықтады. Мәскеу – қазақ сұлтанының бұл ісін сатқындыққа балап, бар қаһарын төкпек болды.
Бір айналдырғанды шыр айналдырады емес пе?! Көктем жетті. Ал уәде еткен Есім ханның жасағы келмейтін болды. Себебі, Ташкентте Тұрсын хан деген бүлік жасап, қазақ хандығын екіге бөліп жіберді. Есімнің бүкіл армиясы осы сепаратист сұлтанмен соғысып жатқан. Қазақ жұртындағы бұл келеңсіздік оқиға «Қатаған қырғыны» деген атпен тарихта қалады… Ораз-Мұхаммед дереу басқа жоспарды жүзеге асыруға кірісті. Ол өзін Иван Грозныйдың ғайыптан аман қалған баласымын деп жүрген жалғаншы Дмитрийге өз қызметін ұсынды. Қазақ сұлтаны әлгі жалғаншыға: «- Василий Шуйскийдің армиясын талқандап, Мәскеу тағына отыруға көмектесем. Есесіне Еділ бойындағы қалаларды маған бересің»,- деген талап қойыпты. Бұл деректер В.О.Ключевскийдің кітабында бар. Екі жақ қол алысып, уағдаласты. Әлгі жалғаншыға Польша мемлекеті де әскери көмек көрсетті. Не керек, поляк-лях және татар-чуваштан тұратын біріккен армия Мәскеуді келіп қоршайды. …Не болар еді? Мәскеу үшін шайқас қызып тұрған сәтте, Дмитрий ІІ-ші қорқақтық танытып, майдан даласын тастап шығады. Мұның соңы, ойсырай жеңілумен бітеді.  Осы шайқастан кейін, Речь Посполита императоры Сигизмунд ІІІ-ші, Дмитрийдің карерьерасына «крест» қойған еді. Ол енді, қайсар-алғыр сұлтан Ораз-Мұхамедке назар бұрды. Мәскеуді билеуге осы татар мырзасы лайықты деп ойлады!  Бүкіл өмірін Ресейдегі «бұлғақ заманды» зерттеуге арнаған В.О. Ключевский осы оқиға жайында мынадай ой-пікір айтады: «…Была высокая вероятность того, что престол займут не Романовы, а Мухамедовичи». Бірақ поляк армиясын орыстың жасағы талқандап тастайды. Сигизмунд тағы да әскер әкелу үшін, Варшаваға кетеді. Ал Дмитрий, қазақ ханзадасы мен императордың арасындағы келісімнен хабардар еді. Ораз-Мұхаммед, басына бір бәлекеттің жақындап қалғанын сезді. Жалғаншының жанында қалса, жақсылықпен бітпейтін еді. Ол өзіне бағынышты қалың қолды ертіп, қазақ хандығына қарай өтіп кетуді ойластырды. Ораз-Мұхаммедтің армиясы жайлы орыс жылнамашылары бүй деп естелік жазыпты: «Большой полк насчитывал в своем составе несколько десятков тысяч человек стрельцов, пеших и конных воинов. Ураз-Мухаммеда знали и любили в войсках».  Тарқатып айтар болса, сарбаздардың жалпы саны 10-13 мың еді. Әскердің көп бөлігі татар-ноғай-чуваш жігіттерінен құралды. Мұнан бөлек біршама неміс-лях, поляк жауынгерлері бар еді. Ең бастысы бұл жасақ — мылтықпен қаруланған, еуропаша соғысудың тәсілін әбден меңгерген, кәсіби армия болатын. Ораз-Мұхаммед «Қазақияға бару» жоспарын өзі секілді Мәскеуге аманат ретінде алынған, күшпен шоқындырылып кейін қайта мұсылман болған – досы, ноғайлық Петр Урусовқа айтып береді. Ол толық қолдайды. Әскерді қазақ даласына ертіп кететін күнде жетеді. Тек, Ораз-Мұхаммедтің отбасы жалған Дмитрийдің лагерінде еді. Сол туыстарын алып кетуге келгенде, әлгі авантюрист мұның бұл жоспарын кішкентай баласы арқылы біліп қояды. Сөйтеді де, сұлтанды аңға шығуға алдап көндіреді. Тасалау жерге жеткенде, оншақты орыс-казак Ораз-Мұхаммедке шабуыл жасап, піскілеп өлтіреді. Содан әлгі жалғаншы лагерге шауып келіп, Ораз-Мұхаммед мұны өлтірмекші болды деп жар салады. Осыдан соң, татар корпусы қоршауға алынып, жан досы Петр Урусов қапасқа қамалады. Бірақ, Петр өзіне әбден берілген нөкерлердің көмегімен босап шығып, Дмитрийдің басын кесіп алады. Петр Урусов қайда кетті? Не керек, Петр Урусов бүлікшілер қаптаған, өтірік патшалар өріп жүрген орыс жерін бұзып-жарып 15 мыңдық қолды Ока өзенінің жағасына алып шығады. Енді бір-екі күн жүрсе, қазақ даласына да өтіп кетер еді. Бірақ, ноғайлық батыр аттың басын, Қырым жаққа бұрды. Қазақияға барсам, Ораз-Мұхаммед жанымда жоқ. Есім хан мені танымайды. Қазақтың би-сұлтандары мені өзіндей қабылдай ала ма деген қорқыныш болған шығар?! Тәуекел етуге жүрегі дауаламады. Сөйтті де, Қырым хандығына қарай жортып кетті. Ол – бұл мемлекеттің би-шонжарларын жақсы танитын.

Петр Урусовтың бұл армиясы қырым хандығының әскери қуатын еселей түсті. Себебі, бұл әскерде зеңбірек құю ісін жақсы білетін, қала соғу, көпір салу сынды істерді жетік меңгерген әскери инженерлер көп еді. Дәл осы жылы, Қырым хандығы Осман империясына бағыныштылықтан құтылып, Еуропада дербес саясат жүргізе бастады. Енді, түріктің анау елді шап, мынау елге тиіспе деген әмірін тыңдамайтын болды. Австрия империясы, Речь Посполита, Мәскеу кнәздігі қырымдықтарға алым-салық төлейтін жағдайға жетті (Петр І өзі 1706 жылға дейін салық төлеп отырған). Ортағасырлық, феодалдық мемлекеттің айналдырғаны оншақты жылдың ішінде қарыштап алға дамуы Стамбұлға ұнай қойған жоқ. Түрік билігі Қырым ханының кеңесшісі — Петр Урусовты саяси да, физикалық та жоқ етуге барын салды. Соның көзін жойса, түбекті түріктің қолына қайта қаратуға болатын еді. Осман шпиондары Петр Урусовты бірнеше рет қапыда мерт етпек болды. Бірақ, барлық қақпаннан ноғай мырзасы құтылып кетіп жүрді. Тек, 1639 жылы жолы болмады. Оны Кафа қаласына алдап шақырып, хайуандықпен азаптап өлтірді. Қырым ұлтының пассионарлық қабілеті жаңа оянып келе жатыр еді, Петр Урусов немесе Жан-Арыстан ұлы Орақтың өлімімен бұл процесс мәңгілікке тоқтады. Ораз-Мұхаммедтің ұрпағы Бұл тарихтың мазағы дегенді қойсаңшы. Ораз-Мұхаммед шейіт кетіп, оның отбасы орыс жерінде қалып қойды. Жо-жоқ, ұрпағы Қазақияны ұмытпапты. Келді. Бірақ, кім ретінде келді? Қашан келді? 1731 жыл 19 ақпан. Қазақтың би-төрелерін сатып алып, Қазақияны Ресей отары болуға көндірген Тевкелеев дейтін авантюрист Ораз-Мұхаммедтің ұрпағы еді. Иә. Дәл солай… Тевкелевтің шын аты Құтлы-Мұхаммед! Ораз-Мұхаммедтің билік еткен ҚАСЫМ хандығында туып-өскен. Я.В. Ханыков деген тарихшының «Сведения о роде Тевкелевых» дейтін кітабы бар. Соның шежіресі бойынша, Тевкелеев Ораз-Мұхаммедке барып тіреледі.

  Нұрбек БЕКБАУ