«Ораза – это большой стресс для организма» деген «Мегаполистің» көксегені не?

Жайма-шуақ өтіп жатқан рамазан айының орта тұсында исі мұсылманның көңіліне кірбің түсіретін «тың» сұхбат қазақ руханиятын тынымсыз «атқылап» келе жатқан «Мегаполис» газетінің алғашқы бетінде «айқайлап» шыға келді. «Балақтағы бит басқа шықты» дейді қазақ мұндайда. Үнемі жанды жерден қыршып алып, артынан түк білмегендей моп-момақан кейіп танытатын басылымның орысқұлдар үшін орны бөлек, әрине. Жыртығын жамап, құтыртып отырған да солар шынтуайтында. 8 мың таралымы, кере қарыс он алты беті бар (айқара бетінің өзі сала құлаш, ең бастысы билік оқитын), сенсацияға құмар, жергілікті жұрттың жанын жаралауға «шөліркеп» тұратын аталмыш газет, бәрін жиып қойып, қасиетті Құранға «ауыз салды» бұл жолы.

20

Ауыз салғаны емей немене, ораза ұстап жүрген бейбақтарға жандары ашып бара жатқандай, шөліркегендері жандарына бататындай, оларды осы бір «аштықтан» құтқаруға белді бекем буғандай, миллиардтаған мұсылмандарды ақымақ санағандай, қасиетті құран сөзіне күпірлік келтіргендей ниет аңғарылады пиғылдарынан. Сөзімізге дәлел болуға га-зеттің басты бетіндегі елді жалт қаратар тақырыбының өзі жеткілікті. «Возможно, настало время пересмотреть норму отказа от воды во время Оразы». Осы бір сөйлемнің өзімен-ақ сұхбатты ұйымдастырушылар оразаның шарттарын қайта қарауды ұсынып отыр көпшілікке. Мысық тілеулері — қоғамдық пікір қалыптастыру. Олардың түсінігінде Алланың бұйрығы, құранның сөзі Парламентте жылға жетпей кем-кетігі күзеліп, қысқартулар мен толықтырулар енгізіліп жататын заңдар шоғыры тәрізді. Ең бастысы бұл басылымға медицина мен дінді «жекпе-жекке шығару» не үшін қажет болғаны түсініксіз болып тұр. Өзі жаратқан пендесіне Алла тағаланың зиян етуі ақылға қонымсыз нәрсе ғой. Денсаулық исламның басты тірегі емес пе еді?! Дінсіздіктің бұдан асқан шегі болар ма? Жә, діннен мақрұм делік, Исламға деген құрмет қайда? Ашықтан-ашық бес парыздың біріне «шабуыл жасау» қандай қажеттіліктен туындап отырғаны беймәлім. Намысқа тиетін-ақ сұхбат! Қасиетті құран сөзін редакцияламақ па ойлары? Түсінбедік. Қызды-қыздымен сұхбат беруші Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гастроэнтерологы Роза Бектаева: “Дәрігер ретінде мені, қайталап айтайын, күні бойы сусын ішуден бас тарту қатты алаңдатады. Бірақ бұл жерде не істеуге болатынын мен білмеймін. Мүмкін медицина мамандары мен мұсылман діні өкілдері біріге отырып, осы мәселені қайта қарайтын уақыт келген шығар?! Өйткені мен о бастан солай жазылды деп ойламаймын. Мүмкін, біреу Қасиетті жазбаны дұрыс түсіндірмеген болар, бәлкім?!” — деп адасқанымен қоймай, исі мұсылманды сауатсыз етіп көрсетуге бет бұрғаны қалай? Оны айтасыз, осы күнге дейін бір әрпіне кісі қолы тимеген құранға күйе жағып отырғанын сұхбат жүргізушілер аңғармайтын секілді. Әйтеуір жұртты қайтсек елең еткіземіз деген сасық мақсаттары айқын аңғарылады. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, өз ойларымен үндес, пікірлерімен тамырлас, пиғылдарымен бауырлас Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гастроэнтерологы Роза Бектаеваны қалай тауып алғандарын айтсаңызшы бәрінен. «Іздегенге сұраған» демекші, ол да ағып тұр екен. Қамшы салдырмайды тіпті. Әйтпесе Алланың бұйрығына қайшы келетін қитұрқы сауалдарға кім сұхбат берсін.

Газеттің белсенді тілшісі Анна Выприцких салған жерден Роза Бектаеваға (әдейі аудармасыз беріп отырмыз):
— Роза Рахимовна, верующие уверены, что Ораза приносит пользу не только духу, но и телу. Согласна ли с этим тезисом официальная медицина?
— Трудно согласиться с тем, что после такого поста организм человека будет очищенным и обновлённым. Конечно, кто-то может почувствовать улучшение состояния, потому что, как ни крути, а уменьшение объёма принимаемой пищи – это для некоторых правильное решение. Бесспорным плюсом является и то, что на этот период люди отказываются от алкоголя и табака. Но есть несколько очень существенных «но». Во-первых, отказ от пищи не только не исключает, но, наоборот, обязывает голодающего получать как можно больше воды. Есть такой термин, как «дегидратация», или, проще говоря, – обезвоживание. Это состояние очень опасно для организма человека и чревато многим последствиями, вплоть до инфарктов, инсультов и тромбозов. Это если говорить об острых проявлениях. Но есть ещё и хронические. Если человек слишком часто допускает обезвоживание своего организма, то в перспективе он может оказаться даже пациентом онкологии, потому что без регулярного доступа достаточного количества влаги в организме происходит формирование канцерогенеза. По исламским же канонам в течение дня пить любую жидкость запрещено. Мне кажется, это явный перебор. Тем более с учётом того, что пост приходится на летнюю жару… (бұл қысқартып беріп отырғанымыз).
– Получается, что с медицинской точки зрения Ораза – это большой стресс для организма, который для некоторых может закончиться очень печально. Но ведь когда правила поста разрабатывались, вряд ли духовенство ставило своей целью сделать мусульман больными людьми (!)…

Дәрігер ханымның қозы көш сұхбатын қазақы түсінікке салып биязылап «илесек», былай болып шығады. Ораза кезіндегі ашығу адам ағзасының құрғауын туғызады. Ал ол өз кезегінде инсульт, инфаркт, тіпті, онкологиялық ауруларға әкеп соғады екен. Оның пайымдауынша, оразаның шарттары — таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жемнен бас тарту — адам ағзасы үшін тым ауыр жүк.«Күні бойы сусын ішпеу — тым артық кету. Күні бойы тамақтанбай, түн болғанда ас ішу де медициналық тұрғыдан дұрыс емес», — деп тағы да «жөн сілтейді».
Айтқасын жеріне жеткізіп айтайын деді ме (әлде мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келді ме), дәрігер ханым, ауызашар беруді де сын тезіне салыпты. Ол сұхбатта ауызашарды тағам толы дастархан басындағы «түнгі отырыс» деп қысқа қайырады.Оразаның шарттарынан мүлде бейхабар екені осыдан-ақ аңғарылады.Діннің исі мұрнына бармайтындардың «екі елі ауызға төрт елі қақпақ» қоя алмай, өзім білемдікке салынуы соңғы уақыттары үдеп барады. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр оларға.
Айтпақшы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гастроэнтерологы Роза Бектаеваның айтуынша, ораза кезіндегі тамақтану режимнің күнде бұзылуы ас қорыту жүйесіне, жүрек-қан тамырлары мен жүйке-жүйесіне қатер төндіріп, денсаулықты «бүлдіріп» жатқан көрінеді.
Р.S. Иманды қоғам құру үшін құран мен хадиске сүйеніп, харам мен халалдың ара жігін ашып беруге талпынып жатқан мүфтияттың есіл еңбегіне, құранның хақтығына шүбә келтіретіндер жиі кездесіп жүр қоғамда. Соның бірі — біз сөз етіп отырған осы сұхбат. Тілі шұбар ағайынды ойлантып-ақ тастайтыны даусыз. Өйткені біздің қоғамда ресми тілдегі мақалалардың көп оқылатыны тағы шындық. Медицина мен оразаны салыстырып (Исламды терең зерттеп алмай, «пәтуа» шығарып), Алланың бұйрығына мойынсұнған пенденің аманатқа берілген денсаулығына зиян келеді деп «айды аспаннан бір-ақ шығару» «атың шықпаса жер өртенің» кебі емес пе? Қасиетті ораза айында үндемей-ақ қойсақ та болар еді. Алайда әлі де болса ақ пен қараның ара жігін ажырата алмай жүргендерді әрі-сәрі күйге түсіріп қойғаны жанға батқасын, жазбасқа шарамыз қалмады.

Нағашыбай Қабылбек