ОРАЗА ТҰТТЫҢ БА?

Бірде төрт жігіт адамдардың көзінен тасалау жерде тамақтанып отырған ақсақалды көреді. Бұл рамазан айы болатын. Жігіттер қариядан:

— «Ақсақал, сіз ораза тұтпадыңыз ба?» — деп сұрайды. Ақсақал:

— «Тек тамақтанып, су ішкенім болмаса мен ораза тұттым» — дейді. Жастар:

— «Сіз нені меңзедіңіз?» — деп езу тарттып ақсақалға күле қарады.

— «Мен өсек айтпаймын, ешкімге тәкаппарлықпен қарамаймын, біреуді күлкі етпеймін, жан баласына қиянат қылмаймын, Алланы зікір етемін, біреудің дүние — мүлікіне қызғана қарамаймын… Алайда асқазаным ауыратындығы себепті ашығуыма болмайды» — деді. Сөйтті де жастардан:

— «Сендер де ораза тұттыңдар ма шырақтарым?» — деп сұрады.

Төрт жігіттің үшеуі ұялған түрде үнсіз бастарын изеді. Төртінші жігіт естілеу, алғыр азамат екен:

— «Жоқ ақсақал, біздікі құр ашығу мен шөлдеу ғана» — деп жауап беріпті.

Algadai Abylgazyuly фб парақшасынан