Ордабасыда футбол алаңы ашылды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қала мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын, сол себепті, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынғаны белгілі. Осы орайда Оңтүстікте нәтижелі істер көптеп қолға алынуда. Солардың бірі ретінде Ордабасы ауданының Қажымұқан ауылындағы жабық кіші футбол алаңының пайдалануға берілгенін айтуға болады.

«Ұлытау» спорт кеше­нінің ашу­лы салтанатында ауыл азаматы Ораз Үндемесов, бап­кер, Қазақстан Респу­бли­касы­ның еңбек сіңірген жаттық­тырушысы Ба­қытжан Ибрагимов, тағы басқа азаматтар ізгі ниетін жеткізді. Еркін күрестен Қазақстаның 4 дүркін чемпионы, бірнеше халықа­ра­лық біріншіліктің жеңім­пазы, Лондон оли­м­пиа­дасының және әлем чем­пионатының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Шым­кент қалалық жеңіл атлетика және велоспорт мектебінің дирек­торы Нұрлан Айт­беков, Қазақ күресінің май­талманы, Қазақстан Бары­сының қола, күміс жүл­дегері Жұманазар Ерсұл­танов кешеннің лентасын қиды.

Елбасының жолдауын қолдау үшін туған жерінде футбол алаңшасын салдыр­ған Алтай Оңғар­бай­ұлының өзі еркін күрестен спорт шебері. Салтанатты шарада сөйлеген сөзінде Алтай Оңғарбайұлы былай деді:
«Бұл ауылда күш атасы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасұлы өмір сүрген. Атамыздың қабірі де осында. Ауылымызды Қыдыр қонған қа­сиетті мекен деп бекер атамаған. Қазір ауылдағы екі баланың бірі күрес­пен айналысады. 90-ға таяу спорт шебері бар. Дегенмен, қазір елімізде кіші футбол кеңінен қанат жаюда. Ауыл жастары көшеде бос жүр­месін, әрі жас фут­болшылар осы елден шық­сын деген мақ­сатпен мынадай тамаша ғимарат сал­дық».

Кешеннің ресми ашылу салтанаты арнайы ұйымдастырылған доп додасымен жалғасты. Оған қатысқан 19 команда арасында Қайнар­ ауылынан келгендер бірінші, Отырар ауданының Темір ауылы­ның командасы — екінші, көрші төрткүлдіктер — үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға сый-сияпат тапсырылды.

Р. БАЛАБИ,

ОҚО,

Ордабасы ауданы.