Ордабасыдағы жәрмеңке әр сенбіде өткізілмек

 

Соңғы кездері ауылшаруашылық тауарларын тұтынушыларға базар бағасынан төмен ұсыну үшін жер-жерлерде жәрмеңке ұйымдастыру үрдіске айналып барады. Осындай жәрмеңке жуырда Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылында да өтті. Ауыл округтерінен жеткен шаруалар өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағада ұсынды. Мәселен, картоп 70-90 теңгеден, қырыққабат 40-50, пияз 60, асқабақ 40 теңгеден сатылды. Ал, қой еті 1200 теңгеден асқан жоқ.

Аудан әкімі Рашид Қайыпжановтың сөзіне қарағанда мұндай жәрмеңкені орталық алаңда әр сенбіде өткізу жоспарланып отыр екен. Ондағы мақсат — ауданда өндірілетін өнімдердің тұрғындарға қолжетімділігін арттыру.

— Биыл ауданда 7 мың тоннадан астам картоп, 59 мың тонна көкөніс, 50 мың тоннаға жуық бақша өнімдері жиналды. Жыл басынан бері 282 мал бордақылау алаңы, 60 шағын жанұялық сүт аулалары іске қосылды. Мал мен құс еті өндірісі тоғыз айда 16 996 тоннаға жетті. 34 426 тонна сүт, 7869 мың дана жұмыртқа өндірілді. Осы өнімдермен біз ең алдымен аудан тұрғындарын қамтамасыз етуіміз қажет, — деді аудан басшысы Рашид Үсіпханұлы.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері өздері өндірген өнімге өздерінің қолы жетпей, қымбатынан сатып алып жатқандар аз емес. Осы жағынан қарағанда ордабасылықтардың озық үлгісі өзгелерге сабақ болса, қымбатшылықпен күрес дегеніміз бәлкім осы шығар.

С.Сайлау