Қордайлықтардың сан алуан тірліктері өзгелерге үлгі-өнеге

Аквапоника жылыжайынан миллиондап пайда түсіреді

Кезінде тоқыраудың салдарынан азық-түліктің өзін талонмен алып жүрген кезде аграрлық сектордағы жаңа технологияларды, тың идеяларды жүзеге асыру туралы ойлаудың өзі ертегідей көрінетін. Халқымыз ісі жүрмей жатқан жанды «Әрекет түбі — берекет» деген сөзбен жігерлендіретін. Бұл даналық сөз қолды қусырып, қарап отыра бермей әрекеттенсең түбінде сол тірлігіңнің берекетін көретіңе ынталандырады. Қазақстан экономикасы да азаттықтың алғашқы жылдарында қарқынын жоғалтқанымен құрдымға кеткен жоқ. Табанды әрекеттің арқасында жылдар өте жолға түсіп, даму динамикасы қалыптасқан ұлттық экономикамыздың қай саласында болсын ілгерілеу үрдісі байқалды. Ол ілгерілеуге көптеп мысал келтіруге болады. Солардың бірі әрі бірегейі — еліміздің ғылым саласы мен ауыл өндірісіне енді келіп жатқан аквапоника әдісі.


Аквапоникаға анықтама берер болсақ, мұнда күрмеуі қиын ешқандай күрделі процеспен бас қатырудың қажеті жоқ. Аквапоника — бұл балық шаруашылығында суды тиімді пайдалануға бағытталған технологиялардың бірі, балықтарды тұйық жүйелерде өсіру әдісі. Бұл әдіс шағын бассейндегі суды бірнеше мәрте тазартып, қайта қолдануға негізделген. Былайша айтқанда, балықтардың зат алмасуынан қалған қалдықтар су ағынымен шығарылып, бассейндегі су қоры механикалық және биологиялық сүзгілерден өтіп тазартылып отырады. Тазартылып қана қоймай ол қайтадан пайдалануға жіберіледі. Яғни су да үнемделеді. Ал буланған су орны ғана толықтырып тұрады. Мұндай тың технологиямен бүгінде Қапшағайда, Түлкібаста және Созақта кәсіпорындар балық өсіруде.
Жалпы, ғалымдардың айтуынша, балықтар табиғи жағдайда демалып жатса, аквапоникалық бассейнде суы, азығы, температурасының жағдайы толық жасалғандықтан мұндағы балық тез өсіп, уылдырықты да тез береді. Мәселен, 4 жасар балық шамамен 7 жасар балық сияқты жылдам жетіліп, өнімін уақытынан бұрын әрі молынан төгеді.
Аквапоникалық бассейнде қалдықсыз жүйе жолға қойылған. Балықтан шыққан органикалық қалдықтары бар су өсімдіктер бассейніне құйылады. Ал балықтарға осы өсімдіктердің көмегімен тазартылған су қайта беріліп, тұйық жүйені қалыптастырады. Өсімдік тамырлары балықтардан шыққан қалдықтарды өзіне қорек қылып сіңіріп алады. Яғни, аквапоника — акво мәдениет пен гидропониканы біріктірген технология. Топырақсыз ортада өскен өсімдіктердің тамыры суға малынып тұрады. Осы технологияның арқасында біріншіден балықтар үшін таза су алынса, ал өсімдіктер үшін органикалық қалдықтар жинауға мол мүмкіндік бар. Өсімдіктер лабораториялық жағынан да, санитарлық жағынан да таза жағдайда өсіп, дамиды.


Аквапониканың артықшылығы мұндағы ортада арам шөп шықпайды екен. Осындай аквапонды жүйелер арқылы адам табиғи биологиялық теңдікті қолдан жасап, кез келген өсімдік, көкөністі өсіруге болады. Әлем ғалымдары бүгінде осы әдіспен көкөніс пен жемістің 150 түрін өсіруге болатынын дәлелдеген.
Дегенмен, елімізде бұл бағыт әлі терең зерттеле қойған жоқ. Ғылымға да, өндіріске де енді ғана аяқ басты. Ендігі мақсат — бұл әлеуетті саланы дамыту үшін білікті мамандарды дайындап, оқу-тәжірибе алаңын жетілдіру жағы өзекті болып отыр. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай аквапоникалық кешен сиреп бара жатқан өсімдік я балық түрлерінің популяциясын өсіріп, көбейтуге таптырмас орталық екен. Отандық ғалымдар осы мәселеге де баса назар аударуды көздеп отыр.
Әзірге біздің облыста аквапоника әдісіне ден қойып отырған жалғыз-ақ шаруашылық бар. Ол — мемлекеттің қолдауымен жылыжай кәсіпорнын ашып, бүгінде қанатын кеңге жайып келе жатқан Қордай ауданындағы «GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ауданда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатан «GREENWILL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы жаңа технологиялар мен сапасы жоғары өнімдерге негізделгені әуелден белгілі. Заманауи жылыжай өндірісін мықтап қолға алған серіктестік осыған дейін тек қызанақ пен қияр өсірумен айналысса, енді биылдан бастап аквапоника әдісін қолға алып отыр. Демек, жоғары технологиялы жылыжай кешенінде бірден балық пен өсімдік өсіруге мүмкіндік туды. Айта кетсек, мұндай озық технология елімізде балық шаруашылығында кәдеге жарап жатқанымен, бірде-бір жылыжай кешенінде әлі күнге қолданылмапты.
Жылыжайда кәдімгі табиғи экожүйе қалыптастырылған. Мұнда сусалат, ақжелкен, аскөк және тағы да басқа тамақтың дәмін келтіретін хош иісті өсімдіктер өсірілу көзделуде. Жүйе балық пен өсімдіктердің табиғатта өсіп-өнуінің табиғи кезеңіне толығымен сай келгендіктен, химиялық тыңайтқыштар мен басқа да бейорганикалық қоспалар қолданылмайды. Жалпы, мұнда көкөністі өсірудің аталмыш әдісі жоғары өнім алуға көп септігін тигізбек. Әзірге құрылысы аяқталуға жақын аквапоника кешені жыл соңына қарай ашылып, жұмыстын бастағалы отыр. Құны 923 миллион теңгені құрайтын жобаны Оңтүстік Кореяның инвесторлары қаржыландырыпты. Жергілікті әкімдік көмегімен жылыжай кешеніне қажетті инфрақұрылымжүргізіледі. Мұндағы жұмыстың барлығына дерлігі автоматтандырылған. Монтаждау жұмыстарын кореялық мамандар басқаруда. Кешенде жылына 300 тонна «Айсберг», «Руккало», «Листовой», «Роблен» сынды жоғары сұрыпты салат көкөністері және 41 тонна балық өсіру жоспарланған. Айта кетсек, қазіргі таңда бұл салаттардың 80 пайызы елімізге Орталық Азия, Қытай, Израиль және Польша елдерінен жеткізіліп жүр.
Аудан әкімі Болатбек Байтөленің айтуынша, жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті билік тарапынан барлық жағдай жасалыпты.
— Серіктестік иелері қазір жылыжайдың құрылысына ерекше қарқын қосуда. Бұйыртса жыл соңына дейін толықтай іске қосылады деп күтілуде. Жоба облыстың кәсіпкерлікті дамыту картасына енгізіліп, алдағы уақытта бұл маңда өзге де шаруашылық жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Бұйыртса, жаңа әдіспен салынған жылыжайдың жемісін көретін күн алыс емес, — дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, мұнда 20 жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім базардағыдан төмен бағамен саудаланбақ. Осының нәтижесінде аталған жобадан жергілікті бюджетке жылына шамамен 1,2 миллион теңге кіріс кіріп, аудан қазынасының толыға түсуне септігін тигізбек. Осылайша қордайлықтар тың шаруашылықты түленіп ғана қоймай, аудан бюджеттін толықтыратын тәсілді де тауып отыр. Бұл бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

Әкім болса, Болатбектей болсын…

Бүгінде Елбасының «Туған жерге туыңды тік!» жобасы аясында мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап жатқан жандар аз емес. Алайда мұндай игі бастамаға тікелей өздері ұйытқы болып отырған әкімдер некен-саяқ. Міне, сондай «болыстың» бірі — Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөле.


Болатбек Байқонысұлы жуырда аудандық мәслихаттың депутаты Айман Әшімовамен бірлесе отырып, елді мекендегі аз қамтылған отбасыларға арнайы кіріп шықты. Ең алдымен көпбалалы ана Алтынкүл Мәдиеваның шаңырағына келген әкім жанұяның тұрмыс-тіршілігімен танысып, сыйға бес саулықты тарту етті. Сондай-ақ көпбалалы ананың алдағы жағдайы әкімдік тарапынан жіті бақылауда болатындығына уәде етті. Өз кезегінде Алтынкүл шаңырағына аудан әкімінің өзі келіп, тосын сый жасағанына әлі сене алмай отырғанын айтып, алғысын жеткізді.
Келесі кезекте Болатбек Байтөленің аялдағаны бес балалы ана Айнұр Дүйсенованың шаңырағы болды. Айнұр күнделікті тұрмысы үшін үйде отырып тігіншілікпен айналысқанымен, тігін машинасының ескіруіне байланысты көп тапсырыс қабылдай алмаған. Осыған орай, аудан әкімі көпбалалы анаға заманауи үлгідегі су жаңа тігін құрылғысын тарту етті. Және кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, шағын және орта бизнесті дамытуда қосып жатқан үлесі үшін алғысын айтты.
Осылайша Қордайдың әкімі бір күнде екі бірдей игілікті іс істеп, аналардың алғысына бөленді. Осындай сәтте, әкім болса Болатбектей болсын дегің келеді!

«Street Workout» енді тұрғындарға таңсық емес

Қазіргі таңда елімізде спорттың «Street Workout»түрі мықтап қарқын алуда. Әсіресе үлкен қалаларда спорттың бұл түріне деген қызығушылық күн санап артуда. Еліміздің әрбір өңірінде ашылып жатқан бұл спорт түрі енді міне, Қордай ауданында да құлашын кеңге жаюда. Осы аптада орталық саябақта аудан әкімдігінің ұйымдастырумен «Street Workout» спорт алаңшасының ашылу салтанаты өттіп, тұрғындарды қуанышқа кенелтті.

Спортты жанына серік еткен жандар мен аудан тұрғындарының бұл күні қарасы көп болды. Спорт алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімі Болатбек Байтөле, Қордай ауылдық округі әкімі Бақыт Сахатов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет бастаған бір топ азаматтар қатысып, лентасын қиды.
— Жыл сайын спортпен шұғылданатын жастар саны артып келеді. Ауданымызда салауатты өмір салтын ұстанатындар қатарының көбеюі аса маңызды. Аталмыш спорт түрінің алаңшасының ашылуына қол ұшын созған кәсіпкерлерге аудан жұртшылығы атынан алғыс білдіремін, — деп алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Болатбек Байқонысұлы аудандағы спорт саласының дамуына тоқталып, аудан жұртшылығын құттықтады.
Сондай-ақ, аудан басшысы бұл спорт түрі бойынша арнайы жаттықтырушы жұмыс істейтінін және де осындай «Street Workout» алаңшасы келешекте әр ауылдық округте ашылатынын айтып, оған халықтың қызығушылығы арта түсетініне сенім білдірді.
Шара барсында аталмыш алаңшаның ашылуна демеушілік көрсеткен кәсіпкерлер Сәрсен Ибрайкулов, Мизер Асратов, Александр Кузьмин және Артем Лешкиндерге жиылғандар алғыстарын жеткізді.
Спорт алаңында аудан тұрғындары мен жас спортшылардан бөлек, Тараз қаласынан келген облыстық «Street Workout» федерациясының спортшылары өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Қонақтармен қатар ауданымыздың да жастары өз шеберліктерін ортаға салып, тәжірибе алмасты.
Бұл бастама бұқаралық спортты дамыту үшін бағытталған бағдарлы жоба болып отырғаны даусыз.

Қарасудың бал қымызы-ай!

«Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?» — деп Ақтамберді жырау жырлағандай сан мың жылдардан бері қалыптасқан салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлтымыздың өмір сүру тәжірибесі — бүгінге бейімдейтін, өткенге аманаттайтын құндылықтарымыз. Сол себепті де оны қастерлеп, өзіндік болмыстың бір белгісі ретінде басқаға паш ете аламыз. Ұлттық бренд деп таныған, шипалы сусын қазақтың бірге жасап, қанып ішер қастерлі шарабы екеніне дау жоқ. Келген қадірлі қонағына ұсынатын бал қымыздың қазіргі таңда кәсіпкерлікке жол ашып отырғаны да жақсы ырым, жағымды жаңалық.


Қордай ауданы Қарасу ауылында тұратын Барманқұловтар әулеті дайындайтын қымыздың дәмін татып көрген адам ол жаққа тағы бір мәрте ат басын бұрары анық. Тіл үйірген қанық дәм тостағаныңды тағы мәрте толтырып беруді өтіндіріп тұрады. Барманқұловтардың бал қымызына бүгінде сұраныс артқан, тұрақты тұтынушылары көбеюде.
— Аңыз бойынша қазақтар қымыз жасауды жылқының пірі — Қамбар атадан үйренген деседі. Қымыздың пайдалы қасиеті қаншама. Ол бүкіл ағзаға жағымды әсері туралы айтар болсақ зат алмасуын күшейтіп, астың жақсы сіңуіне себеп болып, тәбетті ашады. Қымыз ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады, сонымен бірге оның терлеткіш және несеп айдайтын әсері бар. Бұрын қымызды туберкулез ауруының бастапқы және орта кезеңінде ем ретінде қолданатын. Бұл сусынды гемоглобин азайғанда, рахит, семіздік, жүйке аурулары сынды дерттерге ішуге кеңес беріледі, — дейді қымызхана иесі Қуанышбек Барманқұл.
Қуанышбек Жолдасбекұлы ауылдың барша қара домалағы сияқты бала күнінен жылқыға құмар болған. Атасы, кейіннен ата-анасы да жылқы ұстап, желіде бие байлап, көбеде қымыз ашытқан. Әрине, алдымен дәмін тататын жақындары мен көршілері болды. Уақыт өте келе отбасылық бизнес туралы ой туындап, бүгінде көпшілік сұранысына ие болып отырған жайы бар. 15 биені күтіп-ұстау оңай жұмыс емес. Азанмен басталатын тіршілік кеш батқанша толастамайды.
— Бие сауу оңай шаруа емес. Бұл сиыр емес. Әр биенің өз мінезі бар, кейбірі асау, шатақтау болады, сондықтан оны әкем, інім немесе балам сауады. Ал әйелдер жағы қымызды дайындайды, — дейді отағасы.
Ежелгі әдісті бұзбау үшін автоматтандырудан бас тартқан. Әйелдер кезекпен бар күшін салып сабада піседі.
— Қымыз — маусымдық сусын, ол мамыр айынан желтоқсан айына дейін ғана болады. Қордай ауылында өз қымызханамызды аштық, қымыз алу үшін бізге бүкіл аудан тұрғындары келеді. Алматы қаласынан және Қырғызстаннан да ағылып жатқан тұтынушыларымыз бар. Кей күндері тапсырыс 80 литрге жетеді. Әрине, бұл бізді әрі қарай ісімізді дамытып, жұмысты жақсы істеуге жігерлендіруде, — дейді шаруа.
Қуанышбек Жолдасбекұлының айтуынша қымыздың дәмі жылқының жайылған жеріне, жеген жем-шөбіне байланысты екен. Қымызды жасауда да өз құпиялары бар, олар сусынға ерекше дәм береді.
Кәсіпкерлер осымен шектелмей, болашақта бие мен ірі қара мал басын көбейтіп, жерлестері үшін жұмыс орындарын ашпақ. Бұл сөз жоқ, көпке үлгі бастама екені анық.

Ардагерлерге көлік сыйлады

«Қартың болса, қазына» деген халықпыз. Ал шежірелі қарттар сарқылмас тәрбиенің қайнар бастауы. Ауылда қария болса ырыс пен береке үзілмейтіні де рас. Бүгінде үлкендерге айтарлықтай көңіл бөлініп, үкімет тарапынан жан-жақты қомқорлық жасалуда. Соған дәлел ретінде жақында Қордай аудандық ардагерлер кеңесіне сыйға тартылған темір тұлпарды айтса болады.


Кезінде еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі еңбегімен өзіндік үлесін қосқан ардагерлер кеңесінің мүшелері бүгінде қоғамдық өмірге белсене атсалысып жатыр. Түрлі іс-шарадан қалмайтын қариялар, өскелең ұрпаққа тәрбие беруден де жалықпайды. Ардагерлер кеңесінің өздері отыратын кеңсесі, жұмысқа қажетті жабдықтары бар. Енді міне, ауыл арасында қатынайтын жаңа көлік ардагерлерге салтанатты түрде табыс етілді. Аудан әкімі Болатбек Байтөле ардагерлерді көлікпен қамту мәселесін о бастан қаперге алған болатын. Аудан басшысының бұл бастамасын қолдаған демеуші де табылды. «Азия Сад» ЖШС ұсынған «Киа Рио» көлігі ардагерлердің көңілінен шыққаны рас. Болатбек Байқонысұлы қарияларды бұл қуанышымен құттықтап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбетке темір тұлпардың кілтін табыстады.
— Болатбек Байқонысұлы жаңа көлік қарастыруға уәде берген болатын, айтқанында тұрды. Бұл аудан басшысының бізге деген қамқорлығының айқын көрінісі. Барша ардагерлер атынан сізге үлкен алғыс айтамыз. Енді біз қалаған жерімізге еш қиындықсыз қатынауға керемет мүмкіндік алдық, — дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет.
Бұдан кейін Біржан Әбдікерімұлы «Азия Сад» ЖШС директоры Рахим Машухейге алғысын айтып, жұмысына табыс, отбасына амандық тілеп, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде ардагерлерді құттықтауға келген көпшілік игі тілектерін жеткізіп, қуаныштарына ортақ екендерін білдірді. Содан кейін ардагерлер жаңа көлікке отырып, жүрісін байқап көрді. Аудан басшылығы мен жомарт жандардың осындай игі істері мұнымен тоқтамейілсімейтіні анық.
Жарайсыңдар, қордайлықтар!

Саятхан Сатылғанов