ӨРКЕНИЕТ ӨЛШЕМІ — ҒЫЛЫМ МЕН БІЛІМ
Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыру заман талабы. Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» депті. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз әлі күнге өзектілігін жояр емес.
Ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды… Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Ғылыми негізсіз жасалған шаруаның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ.
Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор. Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
“Жасанды интеллект индустриясын одан әрі дамыту үшін мемлекет кешенді қолдау көрсетуі керек. Мәліметтер мен технологиялық инфрақұрылым барынша қолжетімді болуы керек. Сондықтан қолайлы экожүйе қалыптастыру қажет. Сонымен қатар бізге жасанды интеллектіні дамытатын тиісті институттар керек” деуі бекер емес.
Бүгінгі өркениет өлшемі – ғылым мен білімнің даму көрсеткішіне байланысты. Қазір елімізде өркениет көшінен қалмай білім мен ғылым саласын дамытуға баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының қолдауымен ғылым саласында соңғы жылдары бірқатар өзгеріс орын алды. Атап айтсақ, ғалымдардың жалақысы, жас ғалымдарды қолдау шаралары көбейді, сондай-ақ отандық ғылым саласын дамытуға бөлінетін қаражат көлемі де артты.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі: “Былтыр бізде 22 мың ғылыми қызметкер болған, қазір 25 473 адамды құрады. Яғни жастар ғылымға тартыла бастады. Бұрын ғылымнан шығып кеткен, шетелге шығып кеткен ғалымдарымыз ақырындап қайта бастады, ғылыми-зерттеу орталықтарына және білім ордаларына.
Соңғы аталған бағыт кадрлық әлеует мәселесімен сабақтасып жатыр. Президент жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажеттігін кезекті рет тапсырды. Грант құнын арттыру, лайықты стипендия төлеу, шет елге тағылымдамаға жіберу, докторанттар санын арттыру әрі олардың ғылымда қалуына жағдай жасау, «индустриалды PhD» даярлау, яғни өндірісте жұмыс істейтін ғалымдарды оқыту механизмі– мемлекет басшысы осы мәселенің бәрін қамтыды. Шет елде жүрген ғалымдарымызды қолайлы жағдай жасап, Қазақстанға қайтару ұсынысын қолдады” деді.
Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Қазіргі таңда Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 396 ұйым бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлесін қосуда. ҚР Ғылым қоры желісі бойынша 2016 жылдан бастап ғылыми қызмет нәтижелері коммерцияландырылатын 151 жоба қаржыландырылады. Бүгінде 120-ден астам жоба сату кезеңіне шықты. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, ғылым саласында қазіргі таңда 22 665 ғалым мен зерттеуші жұмыс істейді, олардың 35%-ының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар. Сондай-ақ ғылымға қызығушы азаматтарымыздың магистратура мен докторантурада өз білімдерін шыңдауы үшін және шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтуі үшін арнайы гранттар да бөлінуде. Соңғы жылдары гранттардың саны өсумен қатар оларға берілетін стипендияның көлемі де айтарлықтай ұлғайып отыр. Мысалы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2021-2022 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша магистратураға – 13 263, докторантураға – 1 890 грант бөлінген.
Магистратура мен докторантураға гранттар бөлудің нәтижесінде елімізде жас ғалымдардың саны артып келеді. Бұл ғылымдағы буындар арасындағы байланыстың нығаюын қамтамасыз етіп, ғылым саласының болашағына салынған инвестицияға айналды деуге болады.
Нағашыбай Қабылбек