Орманшыларға жаңа техника табысталды
Облыстық орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында орманшыларға жалпы саны 121 жаңа техника тапсырылды.
Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысып, орман шаруашылығы жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, оларға жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдаулар жалғаса беретінін жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша отырғызылатын 2 миллиард ағаштың 140 миллионы облысымыздың орман қорына отырғызу көзделген. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды толықтыру және молайту туралы» кешенді жоспары қабылданып, бүгінгі таңда 26 180 гектар алқапқа 50 миллионнан астам сексеуіл мен қарағаш отырғызылды. Біздің ендігі міндетіміз – осы орман қорын өрттен, заңсыз ағаш кесуден және өзге де табиғат заңнамасын бұзушылықтардан қорғау. Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – басты мәселе. Сондықтан өртті болдырмау, алдын алу осы орман шаруашылығының бірден-бір міндеті. Жалпы, осы саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін 2018- 2022 жылдары 1 миллиард 300 миллион теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде техникалардың жаңару деңгейі 78 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ, биыл орман шаруашылығы, «Сапсан жедел қызметі» және «Жамбыл су қоймасы» мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 280 миллион теңге қаржы қаралып, қажетті техникалар алынуда, – деді Нұржан Календеров.
Мұнан соң, орман шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер өңірдің орман шаруашылығы мен табиғатты қорғау саласына қосқан үлесі үшін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ, ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемелерге жаңа техникалар табысталды. Сонымен қатар, «Жамбыл су қоймалары» мекемесіне 3 «УАЗ» автокөлігі берілді.
Айта кету керек, облыс аумағының 31 пайызға жуығын яғни, 4,4 миллион гектарын мемлекеттік орман қоры құраса, ондағы 15 орман шаруашылығы мекемелерінде 932 қызметкер жұмыс істейді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ