ОРНЫҢНАН ЕНДІ ТҰР, ҚАЗАҚ!

Рухы тірі қазақтың бәрі бас көтеретіндей өлең екен!
«Әр қазақ — менің жалғызым!» — деген көпке ортақ болған ақынның дуалы ауызынан шыққан осы өлең көптің жүрегіне жетсін!
Сенер де сенбей таң болды,
Қазақтың басы даң болды.
Шұбырынды ақ табан,
Шұбалған тарих шаң болды.
Қарға – құзғын тонады,
Айдаһар келіп орады.
Жеңдескен тұстан қол шықпай,
Елдескен тұстан бас шықпай,
Сөз жебедей борады.
Амалы құрып халық тұр,
Аш белінен талып тұр.
Өз елінде панасыз,
Көзінен қаны ағып тұр.
Қысылған жерде жол таппай,
Қайран да ЕРЛЕР неғып тұр?
Жағадан алып жұлмалап,
Арға да тиді бұл мазақ.
Шынымен жансыз болмасаң,
Орныңнан енді тұр, қазақ.
Шүршіт те шіркей кірмелер,
Шүлдірлеп келіп іргелер.
Шырылдап жүр әр тұста,
Соның да бәрін білген ер
Тамырдан үзіп ырғалап,
Талауға салар шырғалап.
Ұлдарыңды құл етер,
Қызыңды дұшпан сырғалап.
Өлген болсаң: «Өлдім» — де,-
Көрстанға көндім» — де!
Тірі болсаң егер де:
Өлшеусіз биік, өрмін де,
Киесі кетпес төрмін де!
Ата бір қоныс, ар үшін,
Ұл менен қыз, жар үшін,
Әлпештеген кәрі үшін,
Дін менен дәстүр бәрі үшін,
Орныңнан енді тұр, қазақ!
Орныңнан енді тұр, ҚАЗАҚ!!!
Түссек те түпсіз табытқа,
Түспейік құлдық қамытқа.
Әділ заң керек – Ұрпаққа,
Бостандық керек – Халыққа!
Береке-бірлік, ортақ ой
Жеткізер елді жарыққа..!
ОРНЫҢНАН ЕНДІ ТҰР ҚАЗАҚ!!!
Сабыр Адай