Өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері өткен 3 тәулікте 60 рет шақыртуға шықты

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің күштері мен құралдары әр күн сайын көз ілместен жауынгерлік кезекшілікте қалтқысыз қызмет атқарады және кез келген минутта көмекке шығуға дайын тұрады. Мысалы, тек соңғы 3 тәулікте (31 наурыз, 1 және 2 сәуір аралығында) өрт сөндірушілер мен құтқарушылар 60 рет түрлі сипаттағы шақыртуларға шықты. Шақыртулар түрлі сипатта болғанымен, барлығына ортақ нәрсе — құтқарушылардың көмегіне мұқтаждық болатын.
Жалпы, жану жағдайларына -33 рет, өрттерге -20 рет, есіктерді ашуға – 2 рет, мысықты құтқаруға – 2 рет, жыланды адамдарға қауіпсіз жерге шығаруға – 1 рет, үйдің ішінен түтінді шығаруға – 1 рет, полицияға көмекке-1 рет шыққан. Сондай-ақ, соңғы уақытта шөпханадағы өрт оқиғалары жиілегендігін байқауға болады. Мысалы, тек 31 наурыз күні, яғни бір күннің ішінде Қордай ауданында Жамбыл, Қақпатас және Сарыбұлақ ауылдарында 3 мәрте жиналған шөптегі өрт оқиғасы болды. Ол жағдайлардың барлығына Қордай ауданының №15 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шықты. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарында есік алдында жиналған шөптегі өрттер орын алды. Мұнан өзге сол күні Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мысықты биіктіктен құтқару үшін 2 рет жолға шықты. Бірінші жағдайда мысық электр бағанасынан, ал екінші жағдайда талдың басынан жерге түсірілді. 2 сәуірде Өрт сөндірушілер Жамбыл ауданындағы тұрғынүйде орын алған өрт оқиғасына шыққан. Сондай-ақ, Шу ауданындағы жұмыс істемейтін дәмхана мен сарайдың өртену оқиғасына, сондай-ақ Қордай ауданындағы автокөлік өрті мен бастырманың, сарай мен шөпханадағы өрт оқиғаларына шықты.
Жоғарыда аталған барлық төтенше жағдайларға өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бөлімшелерінің күштері мен құралдары шықты. Аталған жағдайлар бойынша қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелмеген. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен келтірілген залалы анықталуда.
Құрметті облыс және қала тұрғындары! Үйден шығарда балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, газ және электр құралдарын қуат көздерінен ажыратуды естен шығармай, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды еске саламыз. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» нөмірлеріне жедел хабарлау қажет.

Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті