Ортақ валютаға В.Путиннің пікірі
Ресей президенті Владимир Путин «Россия-24» телеарнасында берген сұхбатында Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасының болашағы туралы қойылған сұраққа жауап берді. РФ пезиденті: «ЕАЭО ортақ валютасын енгізу – үлкен мәселе. Бірақ, болашақта, біз оған ұйым мүшелері экономикасының даму деңгейі теңелгенде келеміз. Бізге Еуропалық одақтың қателігін қайталауға болмайды. Олар мүше елдердің экономикалары бір-бірінен алшақтығына қарамастан ортақ валюта енгізді. Сондықтан оларда Грекияға қатысты қиындықтар тууда. Сондықтан, біз өз одағымызда осы мәселелерді ескеріп, кезең-кезеңмен қозғалуымыз қажет. Бұл – ерікті мәселе. Бұл жерде бізде консенсус болуы қажет, ортақ валютаға көшу үшін оны барлығымыз бірдей қалауымыз керек»,— деп, миға қонатын уәж айтты. Путиннің бұл мәлімдемесі оның бұған дейін айтып келгендерінен едәуір алшақтау. Өйткені, былтыр ресейлік экономистер: «Ортақ валютаға көшу — қаржылық дағдарыстан шығудың бірден-бір жолы»,— деп жар салса, ортақ валютаға, тіпті рубльге көшу туралы бастама қазақстандық экономистер тарапынан да айтылған-ды (мәселен, Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығы ұйымының төрағасы Талғат Акуов тарапынан). Күні кеше осы пікірді Қырғызстан вице-премьері Аалы Қарашев те қозғап, ЕАЭО-ның бірыңғай валютасына көшу мәселесін жеделдетуге шақырған. Бірыңғай валютаны енгізу ең алдымен Ресейге ғана тиімді екендігін ескерсек, ол жайлы ортақ шешім бүгін-ертең шешілеріне сенім аздау, әрине.
Ермек Назым