Орталыққа 150 сәнді ағаштар отырғызылды
Түбірлі өзгерістер мен жаңару үрдісі басталатын Наурызнаманың — Жаңару күнінде аудан аумағында тал егу акциясы ұйымдастырылды.
Акцияға АМАНАТ партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы қатысып, зиялы қауым өкілдері, ақсақалдармен бірге аудан орталығына көшет отырғызды.
Акцияда сөз алған аудан басшысы көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Республика көлемінде «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу акциялары өтуде.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» — деп халық даналығы айтқандай, Наурыздың шуақты күндерінде ел аумағында отырғызатын жаңа көшеттермен жыл басының жаңа дәстүрлері сіңіріледі деп санаға түйген жөн.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы ұстанып, жыл сайын ағаш отырғызу жұмыстары жалғаса бермек.
Ал, енді Ұлыстың ұлы күнінде ағаш отырғызудың жөні бөлек. Бұл тірліктің астарында төл мерекеміздің қадір-қасиетін сезіну, кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, еңбек дәстүрлерін жалғастыру мұраттары жатыр.
Қадірлі қауым! Баршаңызды Жаңару күнінің мазмұнды өтуіне атсалысуға, жасыл желекті көбейтуге үлес қосуға шақырамын. Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас қажыр-қайрат, ортаймас дәулет тілеймін, — деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Бұл күні аудандық Мәдениет үйінің алаңына 150 сәнді ағаштар отырғызылды. Акция ауылдық округтерде жалғасын табуда.
Жалпы аудан аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстарына, айналаны көріктендіріп көгеріштендіруге айтарлықтай көңіл бөлініп, «Жасыл белдеу» бағдарламасы сәтті іске асырылуда. Бағдарлама аясында ағымдағы жылы да 17 гектар жерге 20 мың түп ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары басталуда.