ОРТАҚ КЕЛІСІМ ҚОС ТАРАПҚА ДА ТИІМДІ

Кез-келген мекеме қызметкерлері азаматтық қорғау саласында тәжірибелік көмекке мұқтаж екені, шындық. Себебі, айтып келмейтін апатты жағдайлар орын ала қалса, жабық ғимарат жағдайында кәсіби көмек көрсету үшін сол саланың мамандарының кеңесі аса қажет. Міне, осыны ескерген М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Талғат Ешенқұлов пен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бұйрық негізінде әрекет ететін бастығы, полковник Ермек Момабев қос тарапқа ортақ келісімдер жасасып, меморандумға қол қойды.

Дулати университетінде «Өмір тіршілік қауіпсіздіг» кафедрасында 5В073100 – «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілік қауіпсіздігі», 6В11201 – «Техносферадағы өмір тіршілік қауіпсіздігі», 6В11202 – «Техносферадағы өрт қауіпсіздігі» білім беру бағдарламалары бойынша осы салаға қажетті мамандар даярланатыны белгілі. Сондықтан ортақ келісім қос тарапқа да тиімді болары анық. Әрі ұзақ мерзімді тиімді ынтымақтастық кадрлардың біліктілігін арттыру ісініне септігін тигізері сөзсіз. Университет ректоры Талғат Ешенқұлов өзара келісім теориялық және тәжірибелік білім алмасуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашады деген сенімде.

Ал департамент өз тарапынан азаматтық қорғау саласында теориялық және тәжірибелік көмек көрсетуге дайын. Арнайы базада студенттердің, магистранттардың және докторанттардың оқу-өндірістік зерттеу тәжірибесін өткізуін ұйымдастыру да меморандум шеңберінде қарастырылған. Келісім бойынша мұндай кезеңде қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп, жетекшілік жасау – департамент басшылығының міндеті.