Ортақ валюта тәуелсіздігімізге қауіп немесе Еуразиялық одақтың көксегені не?

Ортақ валюта туралы әңгіме Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін айтыла бастағаны жасырын емес. Анықтап айтсақ, ЕЭО — Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшылары арасында 2014 жылдың 29 мамырында қол қойылған келісім негізінде құрылған экономикалық одақ. Мүше елдердің парламенттері бекітіп, Одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бүгіндері қаралары көбейіп қалды. Беларусь, Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғызстан… Келешекте Тәжікстан, Өзбекстан кіруі мүмкін деген қауесет те өріп жүр…
Оны уақыт көрсетер. Арналы әңгімеге көшпес бұрын мына мәселені тиянақтап алғанымыз жөн. Одақ жөнінде, ондағы болып жатқан келеңсіздіктердің ұшқындары үкіметті де, сенаторлар мен кәсіпкерлерді де бей-жай қалдырмай отыр. Өткен аптада парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза да одақ туралы пікірін ортаға салды. «Еркін саудаға тауар транзиті кезіндегі қиындықтар, кейбір өнімдерге негізсіз тыйым салынуы, жергілікті өңірлік билік өкілдерінің кедергілері тосқауыл болуда. Біздің елдер арасында құжат бойынша кедендік шекара болмағанымен, астыртын кедергілер бар», — деді ол. Әрине мұндай теңсіздік жайлы Беларусь президентінің білуі әбден мүмкін. Соған қарамастан оның осындай кертартпа ой айтуы бізді таңғалдырды. Бүгінгі әңгіме өзегі де осы туралы болмақ.

 

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

 

Бұл мәселенің тамыры әріде жатыр-ау

«Сен саясатпен айналыспасаң саясат сенімен айналысады» деген афоризм бар ғой. Яғни, өмірдің өзі, әсіресе қазіргі қазақ қоғамы саясатпен айналыспауыңа қоймайды екен. Сондықтан келешекке алаңдап, Еуразиялық экномикалық одақ төңірегіндегі өзімнің қорқынышым жайында ой толғамақпын.
Таяуда Белоруссия президенті Александр Лукашенко Минскідегі журналистермен кездесу барысында Ресеймен бірге ортақ валютаға көшу туралы келісімге келісетіні туралы мәлімдеді. Бұл «Ортақ өгізден, оңаша бұзауым артық» деген қазақы түсінікке қайшы әрекет. Сосын тәуелсіздікке де сызат түсіретін ұстаным! Әйтсе де «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылып» кетті. Технологияның, ақпараттың дамыған заманы емес пе, сол сәтінде-ақ бұдан барша ғалам құлағдар болғаны анық.
«Бұл әңгіме қалай өрбіді? Түп-тамыры қайда жатыр? Оған не себеп болды?» — деген сұрақтың да туындауы заңдылық. Егер көптен көкейде жүрген мәселе болмаса, Президенттің аузынан бұл сөз лақ етіп бірден төгіле салмасы да белгілі. Демек, әбден сараланған, жүрек түбінде қордаланған ой-пікір деген сөз!
Естіген құлақта жазық жоқ. Бұл әңгіме «Говорит Москва» радиостанциясының бас директоры Владимир Мамонтовтың Одақтас мемлекеттердің келешегі туралы, олардың алдағы бағыт-бағдарына қатысты сұрағына жауап беру кезінде айтылып қалды. Ортақ валюта туралы да астарлы сауал сөз арасында құйысқанға қыстырылды. Сөзге шешен Лукашенко әңгімені әріден қазбалай келе, одақтас мемлекеттердің жарастығын, татулығын жоғары бағалады. Тіпті ортақ валюта жайлы әңгіме қозғалғанына біраз болғанын да жасырмады. Өз басы бұл ұсынысты мақұлдайтынын білдірді. Демек, Ресеймен ортақ валюта құруға қарсы емес. Оған мына сөзі дәлел. «Бүгінде бізге ортақ валюта құруды ұсынып отыр. Оған қарсы емеспіз. Олай болса, бұл ресейлік те емес, беларусьтік те емес, біздің ортақ рубліміз болады», — деді. Осы жерде бір қызық сұрақ туындайды. Ортақ рубльге қай елдің аты жазылады? Қожайыны кім болады? Егер екі елдің де аты жазылса, кешегі КСРО-дан айырмасы не? Болмаса ұраншыл Хрушевтің елдердің ынтымағын арттыру үшін, жылқы мен шошқаның етінен «Дружба» колбасасын шығарғаны секілді дүбәрә дүние болып қалмай ма?
Обалы нешік, Белоруссия Президентінің бір ойлағаны бар сияқты. «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді» дейтін қазақ баласы мұны аңғара алады деген ойдамын. Александр мырза қандайда бір мәселенің халқына пайдасы тимесе бір қадам алға жылжымайтынын бүкіл әлем біледі. Ол аз десеңіз «көкейіндегі көрікті ойы» сонадайдан «мен мұндалап» тұрғаны тағы бар. Сонымен бұл мәселені қос мемлекеттің сарапшылары 90-жылдары да талқылаған көрінеді, бірақ ол кезде нақты іс-қимыл болмапты. Бәлкім ол кезде пісуі жетпеген шығар. Беларусь Президентінің сөзінен бұл мәселемен қаржыгерлердің айналысып жатқанын да түйсінуге болады. Әйтпесе, ортақ валюта жасау үшін құқықтық рәсімдер мен реттеуге қатысты көптеген жұмыстар істелуі қажеттігін Лукашенко қайдан біледі? Оның сөзіне қарағанда бұл жұмыс бірнеше жылға жалғасуы да мүмкін-ау. Осы тұрғыда басты мәселе эмиссия (құнды қағаздар) орталығының орналасу жері болып тұр екен. Беларусь президенті оның «Ресейде, мәселен, Санкт-Петербургте болуына қарсы емес». Бұл дегеніңіз, қара ала сиырдың «баяғы жжем-шөбін жеп шыққан қорасына қарап мөңіреумен» тең қылық! Әйтпесе Лукашенко ортақ валютаның тәуелсіздікке қауіп төндіретінін білмей отырған жоқ қой.

 

КСРО-ның адал ұлы Батьканы қай түлен түртті?

Осы сөзінен-ақ Лукашенконың Ресейге бүйрегінің бұрып тұрғанын аңғару қиын емес. Енді қанша дегенменде діні бір, тегі ұқсас халықтар ғой. «Айтпаса сөздің атасы өледі», ауыр болса да айтайық, «ақ орыстардың» Қазақстанмен бір ұқсастығы бар: Мемлекеттік тілдері — беларусь және орыс тілі. Біз секілді — айыр тілді! Осының да әсері болып тұр ма кім білсін?!
Алдымен, Александр Лукашенко кім деген сұраққа жауап іздеп көрелік! Ол кісі — кеңестің шекпенінен шыққан коммунист. Сүйегіне сол заманның ұстанымы сіңген көшбасшы! Білетіндердің айтуынша «Кеңес одағының адал қорғаушысы» болған адам. Керек десеңіз КСРО-ны сақтап қалу үшін барын салған жаужүрек. 1991 ж. 8 желтоқсанында Беларусь жоғарғы кеңесінің төрағасы С.Шушкевич, Ресей басшысы Б.Ельцин, Украина басшысы Л.Кравчук қатарлы кісілер «Беловеж келісіміне» қол қойып, КСРО-ны таратуға шешім шығарғанда Беларусь тарапынан қарсы пікір білдірген жалғыз «жүрекжұтқан» адам дәл осы Лукашенко (Беларусь жоғарғы кеңесінің өкілі) болыпты. Осыдан кейін көп адам Лукашенконың Кеңес одағына деген «адалдығына» көз жеткізген. «Айтып айтпай не керек, құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні» демекші, мәселенің бәрі КСРО-ға деген «адал» перзенттердің бүгіндері әр мемлекетте тізгін ұстап отырғанында болып тұрғанында ғой.
Бұрынырақта Беларусь президенті Еуразиялық Одақ жобасы аясындағы ортақ валюта туралы сөз қозғалса болды, мезгілінен бұрын «жүгірмей», жоспарланған кезеңдерден «секірмеу» керек деген сарында пікір білдіретін. Оның қаупі түсінікті. Ортақ валюта енгізуге Қазақстан да құлшынып отырған жоқ қой. Өйткені, ортақ валюта енгізу — саясат. О баста «ғаламат» идеяны тастаған Ресейді қолдап, үштік одақтың дүниеге келуіне Беларуссия мен Қазақстан себепкер болғаны тарих бетінде жазулы тұр. Құдайшылығын айтайық, Еуразиялық одақтың іргетасы қаланғанда, түрлі сыни-пікірлер қарша жауғаны да шындық. Сонда «Біз екінші СССР-ді тірілтуді емес, экономикалық одақ құрғымыз келеді» дегенді Нұрсұлтан Назарбаев та, Александр Лукашенко да бірнеше мәрте айтқан. «Екі сөйлеу, ерге сын» дегенге жүгінсек, Беларусь президентінің бүгінгі әрекеті ақылға сыймайды. Оның бұлайша ортақ ақшаға «сілекейінің шұбыруының» астарында не жатыр екен?
Еуразиялық одақтың мақсатын әдетте ұлттық экономиканың регионализм арқылы әлемдік экономикаға өту деп атайды. Бірақ сол аймақтық экономиканы тым көп қорғану тәсілдері арқылы қымтап, жауап тастау керісінше шектеуші әсер беруі мүмкін. Еуразия одағы елдері тұрақсыз энергия бағаларына тәуелді болғандықтан одақтың шектеуші шараларының нәтижесінде әлемдік экономикадан оқшауланып, шеттетіліп қалуы мүмкін. Ал экономикалық оқшауланудың онсыз да мұхитқа шығатын жолы жоқ Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қауіпті әсері болуы әбден мүмкін.

 

Өгізге туған күн, бұзауға тумасына кім кепіл!

Геосаяси тұрғыдан, Қазақстанның Еуразиялық одаққа кіргені елдің қауіпсіздігі үшін аса маңызды рөл атқарып тұрғаны рас. Меніңше, одақтың құрылуының астарындағы ең негізгі фактор — экономикалық емес, тіпті саяси себептен гөрі, геосаяси және қауіпсіздік себептер ме деймін. Саяси жағынан еуразияшылдықтың қанат жаюының идеологиялық әсері ретінде елдің демократиялық дамуына нұқсан келуі мүмкін. Көрші елдің ақпараттық ықпалының күшеюімен ұлттық ақпараттық кеңістікке зиян келе береді.
Қалай айтсақ та, Еуразия одағы Кеңес одағы кезіндегі экономикалық және басқа да байланыстарды жаңғырту арқылы жүзеге асырылмақ. Біз осы тұста Кеңестік тарихымызға да баға бермей жатып, сол одақтың орнына жаңа одақ құруға кірісіп кеттік. Қоғам ішінде одаққа қарсы азаматтардың пікірі есепке алынбады. Негізі экономикалық интеграцияның негізінде жасандылық емес, керісінше, еріктілік болуы тиіс еді… Жарайды, өткен өтті. Ескі жараның аузын тырнай бергенмен ұтарымыз аз. Қазақ мұндайда, «Болар іс болды, бояуы сіңді», — дейді.
Қуаныш Қаппас деген азаматтың Abai.kz сайтындағы мына бір ойы маған қатты ұнады. «Біз бұл жерде өз елімізден кемшілік таба алмай, Беларусь билігін сынағалы отырған жоқпыз. Бізді мазалайтыны, бүгін Беларусь Ресеймен ортақ ақша енгізсе, ертең қазақ билігі де осы қадамды қолдап шыға ма деген қауіп. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген мәтел бұл жерге еш жараспаса да айтпағымыз осы. Кеңес одағының көне жұртында берекесі жарасып Беларусь, Ресей және Қазақстанның отырғаны бәрімізге белгілі. Ошақтың үш бұтындай болған осы үш елдің алғашқы екеуі ортақ валютаға өтіп кетсе, Қазақстанның да қарап қалмайтыны сөзсіз. Үш сирағының бірінен айырылса ортақ қазанның қайнамасын білетін ана екеуі де Астананы жайына қалдырмас». Бұл енді елдің келешегіне алаңдайтын жұмыр басты пенделердің бәріне тән — қорқыныш!
Ресей президенті Владимир Путиннің еуразиялық ақша бірлігін құру мүмкіндігін қарастыру жайлы тапсырмасы осыдан тура 4 жыл бұрын айтыла бастаған. «Жел соқпаса шөптің басы қозғалмайтыны» рас екен. Бізге жеткен ақпараттарға сенсек, әуелгі жоспар бойынша Еуразия экономикалық одағында бірыңғай қаржы нарығы 2025 жылға қарай құрылуі тиіс, оған әлі 6 жыл бар. Ендеше бұл жанталас нені білдіреді? Менің пайымдауымша Ресейге қазір доллардың ықпалынан шығу үшін ортақ валюта нарығын енгізу өзекті мәселеге айналған сыңайлы. Сосын жан жағынан қысқан санкцияның да әсері болуы мүмкін. Осындай сәтте Беларуссия Президентінің Ресейге жанашырлық танытуға, ортақ валютаға «құштарлығы оянуына» жай қарай салуға болмайды. Бұл ел тәуелсіздігіне күмән келтіретін жарнама!

 

ТҮЙІН:

Бұл одақ — Ресейдің ұлы державалық  пиғылы емес пе?

Меніңше, тап қазіргі аласапыран дүниеде әлдебір ортақ ақша бірлігін құруды емес, ұлттық валюталарды нығайту жағын ойлау керек сияқты. Бұл арада менің есіме одақтас екі елдің (Ресей мен Беларусь) арасындағы қатынас тарихы түсіп отыр. Ол кезде ортақ валюта енгіземіз деп кесіп айтып, тіпті кезеңдерін де жоспарлап қойған көрінеді. Кейін халықтың дүмпуінен қорықты ма, жоқ әлде, астындағы тақтың жұмсақтығы әсер етті ме, Александр Григорьевич уәдесінен тайқып кетіпті. Бірнеше рет түлкі бұлаңға да салыпты. Негізінде екі ел бірыңғай одақтық валютаны 2005 жылы енгізбек болған. Ал жеме-жемге келгенде Беларусь басшысы тартыншақтап отырып алыпты. Ол тіпті «жалақы алу үшін Кремльге барып жүрмеймін» деп ашық айтқан деседі білетіндер. Сондықтан валютамен бірге биліктің көп бөлігін орталыққа, яғни Мәскеуге беруге тура келетінін сезінген болар, байғұс.
Енді өзімізге оралайық. Еуразиялық одақ елдерімен бірлесіп, сауда-саттықты күшейтсек, ортақ ақша шығарып, баяғыдай одақ көлемінде тегін жүріп-тұрсақ, нағыз коммунизм сол дейтіндер арамызда толып жүр. Оларға тәуелсіздік емес, қарынның тойғаны — мұрат! Бұл «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген орыс мақалын еске түсіреді. Және олардың жағдайы бізде өте жақсы. Қазақтың нанын сүйсініп жегенімен, әнін тыңдауға құлықтары аз. Қазақтың ақшасын пайдаланғанмен, тілін қолдануға «шабыттары» жоқ. Сондықтан мысық пиғылды, сасық ойлы, арамза мақсаттағы жандардың күткені, Ресейдің «қолтығына барып тығылу»…
Бүгінгі тәуелсіз ұрпақ бұған көне қоймас деген ойдамын. Әйтсе де қауіп басым. Жоғарыдағы шенділердің үнемі Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеуі, Саммит, өзге де ғаламдық проблемаларды көтеретін мәжілістердің орыс тілінде өтуі, жиын-тойлардың Ресей әншілерімен әспеттелуі көңілге күдік ұялататыны жасырын емес. Елімізге келген шетелдік саясаткерлердің Ресейдің бір Губерниясында жүргендей әсерге бөленетінін айтып жату артық іс. Мұның астарында үлкен саясат жатпасына кім кепіл?! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, бәлкім мұның бәрі еуразиялық одақ талаптарына негізделген, ортақ валюта құру қарсаңындағы дайындық емес пе? Қалай болғанда да халықтың құлағын Ресейдің ақпаратымен толтырып, оларға деген сенімді күшейтуде астыртын жүргізіліп жатқан жоқ па, осы? Саясаттан бәрін күтуге болады… Көзіне қамшы тиіп жалтақ болған ат құсап Ресейге қарайлай беру, адамды түрлі берекесіз ойларға итермелей береді екен! Сөз соңында айтарым:
Қазір көзі ашық халық арасында Ресейдің сыртқы саясаты астарында Ресейдің ұлы державалық мүдделері тұр деген фобиялар күшейіп тұр. Ендеше Еуразиялық одақтан бізге не қайыр?..
Ел сенім артқан Елбасы тығырықтан шығар жол табарына сенемін. Бұдан да қиын кезеңдерде «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» талай мәрте алып шыққаны — бір аңыз! Ендеше ата-баба аманатын арқалаған ұл — орта жолға жеткенде райынан қайтпасы белгілі!.. Біз тек қауіп еткесін айтамыз…