ОРЫС ТІЛІ ҰЙЫМЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫН неге «ТІСІМДІ ШЫҚЫРЛАТЫП» ҚОЛДАДЫМ?
* «Қазақстанда орыс тілінің проблемасы жоқ, қазақ тілін қолданудың ғана зәрулігі бар».
Әртүрлі интернет ресурстарында Парламенттің қос палатасы қабылдаған «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР Заңының жобасына қатысты сан-саққа алыпқашпа сөз айтылуда. Пошымдап пергілеген пікірлер арасында: «Бұл заңды депутат Ермұрат Бапидың қолдағанын түсінбедім…» деген сыңайдағы аң-таң сұрақ та бар екен.
Ендеше, түсіндіріп көрейін!
Паламент Мәжілісінің 20 қараша (2024ж) күнгі пленарлық отырысында жария еткен тезистерімнің тігісін жазып, сәл-пәл толықтырып, өз сайлаушыларым мен әлеужелі әулетіне жеткізуді жөн көрдім. Ескерте кетейін, күн тәртібіндегі бұл мәселе Парламенттің пленарлық бір отырысында ежел-жедел қабылданатын болғандықтан, сол жиынның үстінде қолма-қол сөйлеу қажет болды. Енді мен сол сөзімді тарқатып жазып, менің дауыс беру себебімді Фейсбукте «түсінбегендерге» түсіндіріп бағайын.
Сонымен, мен неге бұл құжатты қолдадым?
Бірінші кезекте, мен өз сөзімді қазақ қоғамына арнадым. Себебі, «орыс тілі жөніндегі» ұйымға қатысты заң қабылданған сәттен бастап, қоғамда қарсылық толқыны туындайтыны мәлім. (Бүгінде наразы пікірлер туындамақ түгілі, әлеуметтік желінің белсенділері осы заңды қабылдаған депутаттар корпусын сатқындар қатарына қосып қойған).
Әрине, бір жағынан бұны әбден түсінуге болады: біріншіден, қазақтың өз тілі қарық болмай жатқан сыңаржақ заманда, басқаның тіліне жік-жапар болғанымыз – қай жетіскеніміз деген сұрақтың тууы заңдылық. Қазақ тілі үшін шыр-пыр болған көптің аузына қақпақ бола алмайсың.
Екіншіден, 300 жылдан астам уақыт Ресейдің отарлық езгісінде болған халықтың наразылығы – қисынды қарсылық. «Қашанға дейін жалтақтаймыз, қашан тәуелсіз елдің өз тілін төрге шығарамыз?» деген сұрақтарға мойынсұнбасқа болмайды.
Үшіншіден, Қазақстанда «орыс тілінің» проблемасы жоқ: балалар бақшасынан бастап, Ақордаға дейінгі шүлдіріміз – орыс тілі. Біздің тәуелсіз елімізде өзіміздің қазақ тілінің ғана қолданыс зәрулігі бар. Және бұл – еліміз тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта ешбір шешімін таппаған проблема!
Сондықтан қоғамның бұл қарсылығын тойтаруға «тізеге салу» әдісі жүрмейді. Бұны тиісті құзырлы уәкілетті органдар түсінуі және халыққа түйсіндіре білуі керек! Бұл дабырада әдеттегідей қоғамның сынына жауап беретін — депутаттар болады, барлық жұдырық бізге тиеді, ал уәкілетті органдар «сен тимесең, мен тимен…» тәмсілінің тасасында тұрады.
Дегенмен, менің «орыс тілі ұйымын» қолдауға қатысты түйсінгенім не еді?
Біздегі «орыс тілін қолдау» тақырыбы орыс тілінің емес, сыртқы саясаттың сыздап, солқылдап тұрған мәселесіне айналды. Бір анайылау тәмсілге тақатып айтсақ, әсіресе Ресейге қатысты дәл қазіргі біздің сыртқы саясатымыздың нәзіктігі сондай, ол масаның «сідігі» сияқты өте жіңішке: біз сол жіңішкелікті көзбен көре алмасақ та, көңілмен тоқи білуіміз керек!
Нәзік болатын себебі – біздің атқарушы билік «орыс тілі» жөніндегі ұйымды құру шартына қосылуға еріксіз мәжбүр екенімізді ашық айта алмайды. Біз амалсыздан «аш пәледен – қаш пәле» саясатын ұстанып отырғанымызды мәймөңкелеп, «орыс әлемін» ашындырып алмау үшін, майдалап сипаттауға мүдделіміз.
Қазақстанның түстігіндегі жеті жарым мың шақырымдық шекараның сыртындағы ел соғыс сойқанын салып, теңселіп тұрған геосаяси әлемде ядролық ракетасын кезеніп жүрген желікпе кезде, бізге сол жіңішке саясаттың соқпағымен жүре тұрудан басқа балама жоқ. Балама боларлық мүмкіндік тапшы.
Алпауыт АҚШ-тың өзі Украинаға алысқа ататын қаруын Ресейдің ішкертін жағын атқылауға рұқсатты құдайдың зарымен әрең-пәрең бергенін ескерсек, қансыраған аюға біздің «мінез көрсетер» қауһарымыз қайсы?
Бұл ретте теңселіп тұрған қазіргі әлемдік геосаяси жағдайда президент Тоқаевтың сабырлы сыртқы дипломатиялық саясатына қандай альтернатива табуға болады? Біз кімге білек күшімізді білейтіндей жағдайымыз бар? Әлеужелідегі далбаса дабырамен біз 7,5 мың шақырымдық шекарамызды қалай жауып тастай аламыз?!
Желіде желдей есіп жүрген қоғамдық пікір «серкелерінің» Қазақстанның Қарулы Күштері қатарына шақырылуға тиісті жастардың әскерден қашып жүргені жөнінде жазған дені дұрыс бір посттын оқысам, атым өшсін! Керісінше, ҚР заңнамалары бойынша әскери борышын өтеуі тиіс қашқын жігіттерді көшеден, вокзалдардан ұстап әкету мәжбүрлігін мазақ қылған видеолар желілерде өріп жүр. Патриоттық жігерден жұрдай осындай жалаң «жұдырық түюмен», кеу-кеулеп кіжінумен еліміздің қауіпсіздігін біз қалай қорғай аламыз?
Сонымен бірге, «Ермұрат Бапи орыс тілін қолдапты…» деген желідегі желбегей жазғыруға тағы да мынадай аргумент айтқым келеді. Биылғы 2024 жылдың қаңтар – қазан аралығындағы 9 айында Қазақстан 58 млн тоннаға жуық мұнай экспорттады. Міне осы экспорттың 46 млн тоннасы, яғни 85 пайызға жуығы Ресейдің жері арқылы тартылған Каспий құбыры концорциумы (КТК) арқылы әлемдік нарыққа (Германия, Нидерланды, Италия, т.б., Азия мен Африка елдеріне) шығарылған. Басқа экспорттық бағыттардың үлесі небәрі 12%-дан аспайды.
Біздің елдің бюджетіне 60 пайызға жуық кіріс осы мұнай экспортының үлесінен келеді. Қазынаның қаржысын толтыруға үлкен үлес қосатын сол 58 млн тонна мұнайдың 90%-ы Ресейдің Новороссийск теңіз портындағы терминал арқылы сыртқы нарыққа экспортталады.
Ал енді тағы да еске алайық: осыдан екі жыл бұрын сол Новороссийскдегі КТК терминалында екі рет апат болды. Оның бірінде біз бір айға жуық тасымалды тоқтатуға мәжбүр болдық.
Сонда Қазақстан бюджетінің сарқылуына себеп болар қатер тудырған бұл апат дүлей табиғаттың салдарынан ғана болды ма? Жоқ әлде сыртқы күштердің әсері, әлдебір диверсиялық әрекеттің салдары ма? Екі елдің арасындағы бір құбырдың көмейін бітеуге қазақ мұнайына мүдделі үшінші бір елдің қастық жасауы мүмкін бе? Егер нақақтан жасалған қастандық болса, ол апаттың ұйымдастырушы Қазақстанға қандай сестің белгісін білдірмек болды?
Міне Қазақстандағы «орыс тілінің» мәселесі бір тараптан саясаттың сойылына айналып тұрғанын; екінші тараптан дипломатиялық саясаттан басқа дәрменнің жоқтығын осы сұрақтардың астарынан аңғаруға болатын сияқты. Біз бүгінде еліміздің төңірегіне төніп тұрған геосаяси тәуекелдерді мешел мәнде емес, қатердің қоюлана түскенін салиқалы азаматтық пайыммен әлдеқайта кеңірек түйсіне білуіміз керек.
Пленарлық отырыстағы экспормтпен айтылған сөзімнің соңында былай деген едім: «Қорыта келгенде, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге қатысты сыртқы дипломатиялық саясатына дес беріп, осы заң жобасын тісімді шықырлатып отырып қолдаймын. Қоғам да бұл шешімге осындай түсіністікпен қарайды деп үміттенем»!
Міне, қансыраған қазақтың тіліне араша түсудің орынына, орыс тілін қолдау қорының құрылуына қарсы болмаған себебім осындай. Орыстың тілі сыртқы саясаттың саудасы болып тұр деуімнің себебі осы еді.
Иә, дау жоқ, Қазақстандағы қазақ тілінің «жаман жәутік» жағдайы да созылмалы дертке айналуына тағы сол саясаттың «салқыны» тиген. Ельцинмен арақ ішіп, Путиннің алдында частушка билеген 30 жылдық «монстр» Назарбаевтың өзі де бұл дерттің ем-шешімін таба алмаған. Құдайдың беті біржола Украинаға бұрылмаса, «бұл соғыста Ресейді жеңу мүмкін емес» деп, реалды мойындауға мәжбүр болған Тоқаевтың тұсында да шешіліп кетуі неғайбыл…
Егер мен бұрынғыдай «көшеде ұрандап жүрген» қызылкөз оппозицияшыл Бапи болсам да, президент Тоқаев бастамашылық жасаған осы халықаралық ұйымның құрылу қисынын түсінуге тырысар едім. Себебі, бізді аюдың апанына «Құдайы көрші» қылған тарихи тағдырдың басқа реалы болмай тұр… Біз еліміздің территориялық тұтастығы мен Қазақ деген халықтың қауіпсіздігін ессіз ерегестің саудасына сала алмаймыз…
Ермұрат БАПИ
21.11.2024.
PS: Айтпақшы, бұл ратификациялық заң жобасына 1 депутат қарсы дауыс берді, біреуі қалыс қалды. Бір қызығы, менің білуімше, екеуі де «Аманат» партиясының өкілі. Мен қарсы болсам немесе қалыс қалсам, небәрі үш депутат боламыз. Нені быт-шыт қылғандай едік?
Әрине, үшеудің бірі болсам, «Бапи қарсы болыпты…» деген қоғамдық қолпаштаудың қаһарманы боларым хақ. Қарсы болудың қиындығы жоқ, әр пленарка сайын, жекелеген заң жобалары бойынша көпшілікке кереғар дауысты беріп жүрсек те, пәленбай қарсы бопты деп, «аталып өткен» кезіміз болмаған.
Десек те, дәл осы «орыс тілін қолдау ұйымына» қатысты құжатқа қарсы болсам, бұным популизмнің пошымы болып шығар еді. Себебі менің танымымдағы түсінік басқаша — жоғарыда жазылғандай. Қоғамның сын-сыбауына қалам-ау деп, өз түйсік-түсінігіме қарсы шығатын әдетім жоқ еді…
Ермұрат Бапидің
Фб парақшасынан