ОРЫСТАН ҮЛГІ АЛАРЛЫҚ, ЕЛІКТЕРЛІК ЕШ НӘРСЕСІ ҚАЛҒАН ЖОҚ
Көршіміз орысты алайық. Бұлардың қара халқы надан болды. Оқығаны ұлт қамын ойлаған жоқ, қызыққа, шенге, дәрежеге салынып, бас пайдасынан өзгені ескерген жоқ.
Шенеунігі өзі қожа, өзі төре болып, қара халықты менсінбеді, жан есебінде көрмеді.
Кешегі ояздар, жандаралдар, генерал-губернаторлар өз алдына кішкене патша еді. Олардың ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс болды, асуға, атуға әмірі жүрді.
Қара халқы мен оқығанының арасында жақындық болмады, бірін бірі жек көрді.
Ақсүйек, дворяндар қара халықпен сүйкесуді бойына қорлық, намыс көрді.
Екінші жағынан арыс — патшасын құдайдан жаман әспеттеп, көкке көтерді. Именді, қорықты, патшадан күшті әмір иесі бар деп ойлаған жоқ. Патшаны шырғалаған өңкей ақсүйек, шенеуніктер патшаны қара халықтан алыстатпаса, жақындатуға себепші болған жоқ. Қара халық қорлықта, қысымшылдықта жүріп жатты…
Қорлыққа көніп, тепкіге шыдап жүрген орыстың қара мұжығы үнсіз, тілсіз, көнбіс надан емес.
Қылжыр, өзімшіл, зор көкірек надан еді. Патшаның пәрманына, ақсүйектің тізесіне амалсыз көніп, кекетіп-мұқатып, сырттан қоржиып жүруші еді. Мұжықтың мұндай болған себебі — орыстың жоғарғы табынан шыққан талай атақты, білімді жазушылары мұжықты мадақтап, кітаптар жазып, көтеріп, өзімшіл қылып, тәңірсітіп жіберіп еді.
Міне, осы халда жүрген орыстың бір тәңірісі Николай патша (1868-1918ж.) жоқ болып еді — не болды?
Тәңірсінген, өзін-өзі зор тұтқан қожа болып, мемлекеттің астын үстіне келтірді. Неше түрлі бассыздық қылып, Россияның күл-талқанын шығарды.
Жоғарғы айтылғаннан шығатын қорытынды мынау: орыстың ақсүйегі, оқығаны ұлт қамын ойлап, халыққа жаны ашып, қызмет қылған жоқ: «дәреже» қуып кетті.
Тәңірісінген қара халық жүгенсіз надан болып қалды. Қысқасы, орыс ұлтшыл жұрт еместігін, таптан тапқа, партиядан партияға бөлінген берекесіздігін көрсетті.
Мұнан былай маңдайына тас тиіп барып түзелмесе, бұ қалыпта ОРЫСТАН ҮЛГІ АЛАРЛЫҚ, ЕЛІКТЕРЛІК ЕШ НӘРСЕСІ ҚАЛҒАН ЖОҚ.
ОРЫСТАР ТУРАЛЫ ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ.
(«Ұлтты сүю» мақаласынан үзіңді) (1918ж.)
Дастан Абдырахманұлының парақшасынан