Өсек айтудан осылай сақтаныңыз…
Амал дәптерімізді тазалап алғанымыз жөн
Ғайбат – біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсыз сөз айу. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуы.
Мұсылман ғайбат сөз бен нақақ айтылған өсектен аулақ болуы керек. Өйткені, ол ислам дінінің ғайбат айтуды құптамайтынын жақсы біледі. Қасиетті Құранда: «Ей мүміндер. …Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны ұнатпайсыңдар. Расында, Алла тәубаны тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» делінген. Хақ тағаланың бұл сөздерінен мұсылман жүрегі енді былапытқа жақын келмейтін болады. Ол өсек айту, ғайбат сөйлеу марқұм болған бауырының етін жегенмен бірдей екенін сезінеді әрі кешірім сұрап, жалбарынуға асығады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Кімде-кім өзінің бауырын ғайбат сөзден қорғайтын болса, онда Алла міндетті түрде оны оттан құтқарады» деген. Сонымен бірге шынайы мұсылман ешқашан өсек айтпайды, өйткені ол өсек айту арқылы өзгелер арасында араздық туады, достар арасына іріткі түседі. Адамдар арасына от тастайтын өсекшілерді бұл дүниеде бақытсыздық күтіп тұрса, ал о дүниеде хадисте айтылғандай, «жұмаққа кірмейді».
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Миғражқа көтерілгенде тозақтың ішінде тілдері желкесінен шығып азапталып жатқан бір топ қауымды көріп, Жәбірейілден (ғ.с.) бұлардың кімдер екенін сұрайды. Жәбірейіл: «Бұлар өсек, өтірік, ғайбат айтқандар» деді. Сондықтан да Алланың Елшісі (с.ғ.с) хадисінде «Біреуге қолымен немесе тілімен зәрердей зиянын тигізбеген адам — нағыз мұсылман» деген. Яғни, Алла тағаланың алдында нағыз мұсылман болу үшін тек намаз оқып, ораза тұтып, садақа беріп қана қоймай, адам өзінің тіліне де ие болуы керек.
Бір адам пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) «Я, Расулла, бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие бомайды. Ал басқа бір әйел бар, ол кедей тұрады. Ешқандай садақа бере алмайды. Бес уақыт намаз оқиды. Бірақ тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайысысына сауап жазылады» деп сұрады. Сонда ардақты пайғамбар (с.ғ.с.): «Бай әйел көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие боламаса, оның жақсылығының сауаптарын айтқан ғайбаты мен балағаттаған тілі жойып отырады. Ал екінші әйелдің қолы қысқа болып, қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болады, ешкімді ғайбаттаған жоқ, оның барар жері – жәннат», — деді. Міне, намаз оқып, ораза тұтып, бірақ басқа адамға тіл тигізіп, өсек, ғайбат айтқан адам бұл әдетін қоймаса, оның ғибадатының сауабы болмайды. Адам баласының тілі кіші болғанымен оның адамға тигізер пайдасы да, зияны да өте көп.
«Басқа бәле – тілден» деген қазақ. Ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар. Жаратқанның құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып оның алдына әкелінетіндіктен, адам «сөйлесе, жақсы сөз сөйлесін, жақсы сөз сөйлемесе, тыныш отырсын». Кейбір замандастарымыз ғайбаттан сақтанған болып, «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат бола ма деп қорқамын» дейді. Ал шындығында, бұлай сөйлеу – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ғайбат пен өсек-аяң адамның нәпсісін семіртеді. Олар өздері ғайбаттаған адамдарының күнәларын істемейміз деп ойлайды да өзін басқалардан жоғары санайды. Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ сол күнәні өздері де жасағанын байқамай қалады.
«Есепке тартылмай тұрып, өздеріңді есепке тартыңдар» деген хадис те бекер айтылмаған. Мақшар таңындағы машақаты мен қайғысы мол күнді еске ала отырып, амал дәптеріміздің беттерін адамдардан кешірім сұрап, тазалап алғанымыз жөн. Ғұлама Мәулананың: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл-есіңді жина да, үндемей жүруді әдетке айналдыр» дегенін жадымызға мықтап түйсек игі.
Өсек айтудан осылай сақтаныңыз…
«Ғайбат – бір адамның сыртынан оған ұнамайтын сөз айтуың» дейді ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Сонда бір сахаба: «Ал, егер ол айтқаным рас болса ше?» деп сұрады . Алла елшісі (с.ғ.с): «Егер ол туралы айтқаның рас болса, міне, сол ғайбат. Ал, өтірік болса, жазықсыз жала жапқаның» деп жауап берді. Нағыз мұсылман біреудің бойынан кемшілік көрсе, қайта ол адамның кемшілігінің түзелуін тілеп дұға етеді. Өсек таратудың қаншалықты күнә екенін ескеріп, мынау кеңестерді есінде ұстаған мұсылман өзін тозақ отынан қорғаған болар еді:
1. Ғайбаттың зиянын ойлау керек! Ғайбат етумен сауаптарының кететінін, тіпті, ғайбаттаған адамының күнәлары өзіне жүктелетінін білу керек. «Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады» (Табарани) деген хадисті есте ұстаған абзал.
2. Бір адам басқа бір адамға ренжісе, оны жамандауға тырысады, оны ғайбат етеді. Ал біреуге ренжігені үшін өзін тозаққа тастаудың ақымақтық екенін білетін адам ғайбат етпейді.
3. Өсек айтпауға бекініп, табандылық танытыңыз. Өсек тыңдаудан әрі оны біреуге жаюдан аулақ болыңыз. Егер біреудің міні талқылауға түсіп кетсе, әңгімені басқа жаққа бұруға тырысыңыз. Қарсыңыздағы адам қауіпті әңгімелерді бастап жатса, өзіңізді және серігіңізді өсек дейтін ауыр күнәдан қайтарыңыз.
4. Егер өзіңізге ұнамайтын белгілі бір адам туралы жағымсыз сөздер айта бастасаңыз, онда ол адамнан аулақ болыңыз. Себебі, сізге ұнамағандығы үшін ол кінәлі емес. Сондай-ақ, оны жер жаһанға жаман атты қылып жүргеніңізге төзуге ол міндетті емес. Адам өзін қатты ренжіткен, ұнамайтын адамының мінін, кемшілігін айтқысы келіп тұрады. Қанша ақылды болса да, кейде ашу айтқызады. Сондықтан, одан құтылудың бір жолы – әлгі адамнан алыстау.
5. Егер жаныңызда жоқ бір кісі туралы айтқыңыз келсе, оның жақсы жақтарын ғана айтыңыз.
6. Біреу сізге өсек айтса, сізді басқаға жамандап жеткізуі ғажап емес. Ондай адамдармен алыстан араласыңыз, абзалы мүлде араласпаңыз.
7. Кейде өзге біреу туралы ойыңызды біреумен бөліскіңіз келіп тұратын жағдайлар болады. Ондай кезде қолыңызға қалам мен қағаз алыңыз, тым болмағанда ноутбукке жазыңыз әлгі ойыңызды. Сонда ешкім жапа шекпейтін болады.
8. Егер біреуді талқылап жатқан әңгіменің үстінен түсіп қалсаңыз, оның жақсы жақтарын айтып ақтап алуға тырысыңыз. Аузыңызға сөз түспесе, үндемеген дұрыс немесе әңгімелерін басқа жаққа бұрып алып кетіңіз.
Қазір ғаламтор арқылы ғайбат, өсек жаюдың түрлері дамып келеді. Әлеуметтік медиа біздің күнделікті өміріміз іспетті болып кеткендіктен, ауызбен айтқан мен ғаламтор арқылы тарату – екеуі бір нәрсе. Бүркеншік ат жамылып таратсаңыз да, Алла бәрін көруші екенін ұмытпаңыз.
…«Ғайбаттан сақтаныңдар, өйткені, ғайбат зинадан да ауыр. Адам зина етіп, тәубе етсе, Алла тағала оның тәубесін қабыл етеді. Ғайбатталған адам, ғайбат еткен адамды кешірмейінше, кешірілмейді» дейді хакдисте Алланың Елшісі (с.ғ.с). Ғайбат, сөз тасудан және басқа да күнәлардан қашу нәпсімен жиһад етуге жатады. Бұл – үлкен жиһад. Ғалымдар мен ғұламалар ғайбат айтудың үш түрін былай тармақтайды: бірінші, күпір болған ғайбат – ғайбат етіп «менің айтқаным ғайбат емес, онда бар нәрселерді айттым» десе, харам болған ғайбатқа халал дегені үшін күпір болады. Онсыз да онда бар болған нәрсені айту ғайбат болады. Ал онда болмаған нәрсені айту жала болады, яғни, одан да үлкен күнә болады. Бұлай айтқан адам күпірге тәубе ету секілді тәубе етуі керек.
Екінші, естілген ғайбат – айтқан ғайбатын ғайбатталған адамға естірту. Бұл үлкен күнә болып табылады. Тек тәубе етумен кешірілмейді, одан кешірім сұрап, оның разылығын да алу керек болады.
Үшінші, естілмеген ғайбат – ғайбатталған адам бұдан хабары болмайды. Тәубе және истиғфар айтумен және оған игі дұға етумен кешіріледі.
Өсектен тиятын өсиеттер
Біреу туралы айтылып жатқанда, «Әлһамдулилла, Алла бізді ондай арсыз етпеді» деген сияқты сөздер де өте жиіркенішті ғайбатқа жатады. «Пәленше өте жақсы кісі, бірақ ғибадаттағы мына кемшілігі болмаса, тіпті жақсы болар еді» деу де ғайбат болады екен. Енді Құраннан бастап, ғұламалар арасында ғайбаттың зияны мен залалы туралы айтылған түйіндер мен ойларды ұсынсақ…
Хужурат сүресінің он екінші аятында: «Бір-бірлеріңді ғайбат етпеңдер!» деп бұйырылды.
«Қияметте бір адам сауап дәптерінде жасамаған ғибадаттарын көреді. “Бұлар сені ғайбат еткен адамдардың сауаптары” делінеді» (Хараити).
«Бір жамағат ішінде болғаныңда бір адам туралы ғайбат айтылғанын көрсең, ол адам үшін көмекші бол. Және жамағатты да оны ғайбаттаудан қайтаруға тырыс немесе ол жерден тұрып кет», «Бір адамның жанында дін бауыры ғайбат етілгенде, оған көмектесуге күші жете тұра көмектеспесе, Алла оны дүниеде де, ақыретте де масқара қылады» (И. Әбиддуния).
«Діндес бауырыңның бетіне айтуды қаламайтын нәрсең ғайбат болып табылады» (И. Асакир).
«Бір адамның мал-мүлкі аз, бала-шағасы көп, намазы жақсы болса және мұсылмандарды ғайбат етпесе, қияметте онымен бірге боламыз» (Хатиб).
«Пәленшенің бойы қысқа» деген адамға пайғамбарымыз (с.ғс): «Бұл сөзің теңізге тасталса, теңіз де сасиды» деді (Тирмизи).
«Ғайбат – адамның сауаптарының азаюына, басқалардың күнәлары өзіне жүктелуіне себеп болады. Бұларды үнемі ойлап жүру, ғайбат айтуға кедергі болады» (Ислам ахлақы).
«Миғражда тозақта иістеніп кеткен өлекселерді жеп жатқандардың кім екендігін сұрадым. “Бұлар ғайбат етіп, адамдардың етін жегендер” делінді» (И Ахмед).
«Ғайбат еткен адамның дұғасы қабыл болмайды» (Шира).
«Ғайбат еткен адам жаһаннамдық болады» (Исфахани).
«Төрт адамның тартқан ауыр азабынан жаһаннамдағылар мазасызданады. Біріншісі, оттан жасалған табыт ішінде, екіншісі, асқазандарын жерге сүйретіп жүреді, үшіншісі, қан мен ірің құсады, төртіншісі, өз еттерін жейді. Біріншісі, қарыздар болып өлген. Екіншісі зәрден сақтанбайтын (таза жүрмейтін) еді. Үшіншісі, әдепсіз сөйлейтін. Төртіншісі, ғайбат және өсекпен айналысатын еді» (Табарани).
«Бес нәрсе ораза және дәретте игілік қалдырмайды: өтірік, ғайбат, сөз тасу, шәхуатпен харамға қарау, өтіріктен ант ішу» (Дәйләми).
«Ораза отқа қалқан болады. Ғайбатпен бөлшектенбегенге дейін қорғайды» (Бұхари).
«Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам» (Хадис).
«Ғайбат етпеген адам Алла тағаланың сенімінде болады» (Ибни Хузәймә).
«Өлексе жеу – ғайбат айтып, досыңның етін жеуден де жеңіл» (Әбушшәйх)
Жаңа жерленген екі мәйітті көрген Расулулла (с.ғ.с) былай дейді: «Қазір олардың қабірлері отқа толтырылды, азап ішінде жатыр. Айғайлаған дауыстарын адам мен жындардан басқа барлық махлұқ естіді. Егер сыр сақтай алғандарыңда, менің естігендерімді сендер де еститін едіңдер. Бұлардың біреуі зәрден сақтанбайтын, екіншісі адам етін жейтін (ғайбат ететін еді)» (И. Ахмед, Ибни Жәрир).
Қандай жағдайда ғайбат айтуға рұқсат?
Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен оның ар-намысын қорғауға басты назар аударады. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Басқа біреу жайлы жаман ойлаудың өзі – ғайбаттың жасырын түрі. Тілмен жамандау харам етілгендей, жүрекпен де жаман ойлауға тыйым салынған. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә» деп бізге жаман ойламауды бұйырады. Адамға келген жаман ой жүректегі сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады.
Хазірет Әнас былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір күні ауыз бекітуімізді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш қараңғылығы түскен кезде Алланың Елішісі (с.ғ.с) алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат берді. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Раулалла! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялады, білем. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын» деген кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с) рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр» дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп: «Кәне, лоқсыңдар» деді. Олар қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Осыдан кейін Расулалла (с.ғ.с) «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді» деген-ді.
Міне, «Хужурат» сүресінің 12-аятында айтылғандай, ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін ардақты Елші (с.ғ.с) үмбетіне осылай үйреткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды» дейді. Яғни, заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекет те харам етілген. Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла: «Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер» десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыртынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады» деп ескертеді. Десе де, Ислам ғалымдарының ортақ пікірінше, біреудің сыртынан сөз етуге мына жағдайларда ғана рұқсат етіледі:
1. Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне зұлымдық жасаған адамның үстінен арызданып, мемлекет басшысына, сотқа немесе сол залым адамнан ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады.
2. Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету жағында болу керек.
3. Пәтуа сұраған кезде ғайбатқа рұқсат етіледі. Пәтуа сұраушы кісі «Әкем, бауырым, жолдасым немесе пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жасауы дұрыс па? Одан ақымды алып, жасаған зұлымдығынан құтылу үшін не істеуге болады?» деп айта алады. Мұндай жағдайда атын атау да күнә емес.
4. Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.
5. Еш дұшпандық ойламай, кемсітпестен, тек таныту мақсатында, «Ақсақ кісі ше» немесе «Соқыр кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сыпайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипаттарын қолданып танытқан абзал.
6. Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады. Пайғамбарымыз «Пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды» десе, тағы бір хадисінде: «Ұяттан жұрдай болған адамның ғайбаты жоқ» дейді.
Әзірлеген Асан Ысты