Өскеменде алғаш рет «Әжелер алқасы» форумы өтті

Өскемен қаласында «Әжелер алқасы» Шығыс Қазақстан облыстық форумы өтті. Оған облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысты.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған форумға облыстың түкпір-түкпірінен әжелер жиналды. Оларды бірінші болып ШҚО Ардагерлер алқасының төрағасы Айтқазы Шерубаев құттықтады.
— Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі. Сондықтан жас буын үнемі әжелерінің айтқандарына құлақ асып, оларды сыйлауы керек. Осы форумның мақсаты – бабаларымыздың ұлы қасиеттерін бойына сіңірген, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған асыл әжелер арқылы отбасылық құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды насихаттау. Осылайша, өскелең ұрпақтың елге, жерге деген патриоттық сезімі қалыптасып, ұлттық мәдени бірегейлікті дәріптейміз. Бірлік пен ынтымақтықта, татулық пен тұрақтылыққа алға қойған мақсаттарымызға бірлесе жете берейік, — деді ол.
Облыстағы ардагерлер алқасының жанынан «Әжелер алқасы» кеңесі құрылған болатын. Сол кеңеске мүше болған әжелер форумға қатысып, сөз сөйледі.
— Форумға шақырту түскен соң ойланбастан келісімімді бердім. Себебі осындай шаралар аса қажет. Ұрпақ тәрбиесі отбасынан басталады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Сол қазынаны өзімізбен бірге алып кетпей жас буынға бөлісуіміз қажет. Біз кітапханаға, мектептерге, университеттерге, қарттар үйіне барып түрлі шараларға қатысып келеміз. Қайырымдылыққа да атсалысып, мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмектесуге тырысамыз. Ең бастысы, мейірімділік. Бір-бірімізге мейірімді болып, қуаныш сыйлап жүрейік, — деді 12 немере, 3 шөбере сүйіп отырған әже Раиса Жакубаева.

 

Облыс әкімі Ермек Көшербаев өз сөзінде Өскемен қаласында әжелердің құрметіне арналған алғашқы «Әже» монументалды ескерткіші орнатылатынын жеткізді.
Біз әкесін құрметтеген, анасын ардақтаған халықпыз.Сондықтан, бүгінгі іс-шараның мәні мен мағынасы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек» деп атап өткен болатын. Бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған аға буынға біз әрқашан қарыздармыз!Құрамында жүз жиырма мыңнан астам қариясы бар облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылды. Асыл әжелеріміз салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды нығайтып, салт-дәстүрді насихаттап жүр. Әжелер алқасы облыстың әр қаласы мен ауданында жұмыс істейтін болады. Ақ жаулықты аналарымыздың бастамаларын толығымен қолдаймыз. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру жолында жастармен жүйелі жұмыс жүргізу ерекше маңызды. Ұлы Абай атап өткен «Пайда емес, арды ойлайтын» ұрпақ тәрбиелеуде асыл аналарымыздың орны ерекше. Барлық аналар мен әжелерге құрмет көрсете отырып, біз Өскеменде «Әже» монументалды ескерткішін орнатамыз, — деді аймақ басшысы.
Форум соңында облыстың қоғамдық өміріне үлес қосқан аға буын өкілдеріне «ШҚО құрметті ардагері» төс белгісі табысталып, Алғыс хаттармен марапатталды.