От басын сабау, артынан топырақ шашу

Ел ішінде күшіне сенген, малына сүйенген жуандардың кейбірде әлсіздерге, жетім-жесірлерге қиянат жасап зорлық-зомбылық көрсетіп отыратыны бұрыннан белгілі. Осындай жағдайда кеткен есесін алуға шамасы жетпейтін бейшара
есіріп кеткен зәбіршіснің ауылына барып, оның үйін сыртынан қамшылап, от басын, ошақ қасын сабалап күлін көкке шашып, өшін бір алғандай сезімге бөленіп қайтатын болған. Мұны от басын сабау деп атаған. Осылай, құнын сұрайтындай қанын төкпей, сүйегін сындырмай, малын шығындамай, дүние-мүлкін бүлдірмей, ішкі қынжыл-ашуын басып алған қорғансыз жан, қайсарлық көрсетіп, жасаған қаракетіне риза болып, сонысын қанағат тұтып, біршама болса да жаны жай табатын болған. Алайда іс мұнымен шектеліп қоймаған. Себебі, мұндай шартты жазаға ұшыраған адамның есімі лезде ел арасына жаманат болып тарап кетіп, жазаланған кісінің арына өшпес таңба боп жабысып қалатын. «Бәленше ананың үйін сабап кетіпті» деген сөздің өзі-ақ атына кір келтіріп, туыс-туғандарын жерге каратқан.
Кейбірде билікке масайғандар қорғансыз жандарды өз аулында қорлық көрсетіп кетсе, олардың артынан топырақ шашатын болған. Мұны артынан топырақ шашу деген. Бұл да есіріп кеткеннің ел арасындағы беделін түсіріп, есімін масқара еткен.
📖 Кітаптан: Қазақ халқының салт- дәстүрлері
✍️ Автор: Ералы Оспанұлы