Отан қорғау – қастерлі парыз

Қазақстан деп аталатын егемен елімізді көздің қарашығындай қорғап, сақтап, келесі ұрпақ еншісіне қалдырудан артық ұлы мұрат болмаса керек. Осынау қастерлі міндет үдесінен көрініп, күндіз-түні ел күзетінде қырағылық танытып, ата-баба аманатына адалдықтың асқан үлгісін көрсетіп келеміз бе? Жаһандану заманында жан-жағымыздағы құбылыстар мен оқиғаларға қарап, Қарулы Күштеріміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге бүгінгі ұрпақ өкілдерінің қосып отырған үлесі қандай деген сауалдың туындайтындығы заңды. Осы жайында сөз қозғау үшін облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Ерлан Махановты әңгімеге тартқан едік.

– Жер-жаһанда болып жатқан оқиғаларға зер сала отырып, өз еліміздің әскери күш-қуатының, оның қауқары мен әлеуетінің қандай екендігіне ой көзімен қарайтынымыз ақиқат. Ерлан Жұмағалиұлы, сіз бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Ата-бабамыз кейінгі ұрпағына аманаттап қалдырып кеткен еліміз бен кең-байтақ жерімізді қызғыштай қорғап, тыныштығын сақтап, Мәңгілік ел болу жолындағы қастерлі міндетіміздің биігінен көрініп, қорғанысымызды нығайтып, күш-қуатымызды барынша еселей түсудің аса жауапты шағы өтуде. Туған жер мен Отанға деген ұлы сүйіспеншілік болған жерде кез келген қауіп-қатерге бүгінгі ел қорғаушылары тойтарыс беретіндігіне кәміл сенемін. «Мен Отанымды ұлы болғаны үшін сүймеймін, өзімдікі болғаны үшін сүйемін» деген қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының осы сөзіне лайықты жас ұландарымыз көз ілмей ел күзетінде жауынгерлік міндеттерін мінсіз атқарып, берген анттарына адалдық танытып жүргендерін айту парыз. Әскери техникамыз бен құрал-жабдықтар жылдан-жылға жаңарып, күш-қуатымыз мейлінше артып келеді. Қарулы Күштеріміздің нысандары заманауи әскери техникамен жабдықталып, әскер құрамы білімді де білікті мамандармен толықтырылған. Әскери құрамалардың даярлығын жетілдіру мақсатында оқу-жаттығулар тұрақты өтіп тұрады. Жақында еліміздің шығыс аймағында «Шығыс» атты оқу-жаттығудың және оңтүстік өңірде «Батыл тойтарыс-2023» атты оқу-жаттығудың өткізілуі осы сөзіміздің дәлелі. Сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштері мемлекетаралық әскери жаттығуларға да қатысып, өздерінің жан-жақты даярлықтарын көрсетуде.
– Бүгінгі күні күзгі әскер қатарына шақыру науқаны басталғаны белгілі. Биылғы жылы бұл науқанның өту барысына тоқтала кетсеңіз.
– Отанымыздың тірегі – Қарулы Күштер екендігі даусыз. Оның дамуына тек әскерилер ғана емес, Ата заңда атап көрсетілгендей, еліміздің әрбір азаматы жауапты. Ел егемендігін қорғау, оның сенімді сақшысы болу: «Мен қазақпын! Мен қазақстандықпын!» деген әрбір азаматтың сенімі мен адалдығына сын екендігі сөзсіз. Мерзімді әскери қызметті өткеру тек қана қару қолдану, күрделі әскери техниканы меңгеру дағдыларын игеруге ғана мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар денені шынықтырып, рухани жағынан нығая түсуіне ықпал етеді.
Әскери қызметке шақыру 18-27 жас аралығына дейінгі денсаулық жағдайы бойынша жарамды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған (сотталмаған) және әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе шақырудан босатуға құқығы жоқ азаматтар жатады. Әскерге шақырылатын адамның білім деңгейі, мамандығының болуы және моральдік-психологиялық ерекшеліктері, Қарулы Күштерінің түрлері мен тектері бойынша, сондай-ақ басқа да әскери құрылымдар бойынша бөлуге әсер етеді.
Департаментте азамат­тарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылуда. Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші – бұл мемлекеттің тірегі, біздің қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» екендігі атап көрсетілген.
Осыған байланысты жергі­лікті атқарушы органдар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес аза­маттарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырып, қамтамасыз етеді.
Жамбыл облысының жинақтау пунктінен биылғы жылдың күзінде ҚР ҰҚК-нің шекара қызметіне 200-ден аса азамат және 600-ден аса азамат Қарулы Күштердің сапын толықтырады. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне және Республикалық ұланға 500-ден аса азамат жіберіледі.
Әрбір азамат өз Отанын қорғау, қасиетті азаматтық борышын орындауы қажеттігін түсінуі тиіс. Армия – әр адам өтуі тиіс өмір мектебі. Әскери қызмет атқару барысында жас жігіт ер-азаматқа айналады. Әскер – жігіттерді ширатады. Олар бірден есейіп, өмірге басқаша қарай бастайды.
5 қыркүйекте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне әскерге шақырылушылардың алғашқы тобы Қордайға аттанып кетті. Оларды департамент басшылығы, ардагерлер мен ата-аналар салтанатты жағдайда шығарып салды.
– Әскер қатарына шақырылатын жастардың сапалық құрамы қазіргі талапқа жауап бере ме?
– Мәселе әскер жасына толған жігіттердің денсаулығы жөнінде болып отыр. Көктемгі, күзгі шақырулар кезінде жастарды медициналық комиссиядан өткізгенде тепсе темір үзетін жігіттер майтабан және көзден жарамсыз болып жатады. Бұл – балалардың жастайынан спортпен тұрақты түрде шұғылданбауынан, компьютерде, ұялы телефондарда, әлеуметтік желілерде ұзақ уақыт отыруынан орын алып отырғаны жасырын емес. Ал көз көбінесе күтімге байланысты. Әйтсе де электрондық техникаға, компьютер мен ұялы телефондағы әлеуметтік желілерге телмірудің де кері әсерлері бар. Басқа мәселелер Қазақстан Республикасының нормативті-құқықтық актілердің, Қорғаныс министрінің бұйрықтарының талаптарына сәйкес шешіліп жатады.
– Әскери қызметтен жалтаратын жағдайлар кездесе ме? Бұл мәселе жөнінде қандай жауаптылық қарастырылған?
– Әскери қызмет әрбір жас жігіттің заңды түрде белгіленген міндеті екенін, ал оны өткеруден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауаптылықты көздейтінін түсіну маңызды. Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушыларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 647-бабында шақырылушылардың шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.
Медициналық куәландырудан және тексеруден өтуден жалтарғаны үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу Әкімшілік кодекстің 648-бабында көзделген.
Сонымен қатар заңды негіздер болмаған кезде әскери кызметке шақырудан жалтару Қылмыстық кодекстің 387-бабының 1-бөлігінде көрсетілген 1000 айлық есептік көрсеткіш немесе түзеу жұмыстарына, не болмаса 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу көзделген.
Сол баптың 2-бөлігіне сәйкес аталған әрекет мүлдем өзінің денсаулығына зиян келтіру арқылы, ауру-симуляция жасау, құжаттарды жалған жасау арқылы анықталған жағдайда 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу міндеттелген.
– Әскери борышын өтеп келгендерге Үкімет тарапынан қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Әскеріміз болмаса ел күш-қуатынан, күш-қуатымыз жоғалса – Отанымыздан, азаттығымыздан айырыламыз. Бұл айрықша назарда тұратын басты мәселе. Қорғаныс министрлігі әскер қатарына алынатын жастарды ынталандыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау бойынша бастамаларды жүзеге асыруда.
Отан алдындағы парыздарын өткергеннен кейін жоғары оқу орындарына емтихансыз және Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай білім гранты иегері атану мүмкіншілігі қарастырылған. Бұл бағытта ҚР Қорғаныс министрі мен жоғары оқу орындарымен өзара келісім жасалды. Атап айтқанда, биылғы жылы Қорғаныс министрлігімен – мерзімді әскери қызметін өткерген 1500 сарбазға жоғары оқу орнына құжат тапсыру үшін сертификаттар берілді.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі екінші деңгейлі банктермен әскери борышын өтеп жүргендерге «несиелік демалыс» беру мәселесі қарастырылып, шешімін тауып отыр. Яғни бұл дегеніміз – сарбаздардың әскери қызметін өткеру барысында олардың несиелері тоқтатылады.
– Жастарға патриоттық тәрбие беру – көкейкесті мәселе екендігі сөзсіз. Патриотизмге баулу ісінде нені басшылыққа алуымыз керек деп ойлайсыз?
– Әр мемлекеттің өз шекарасын және тыныштығын қорғайтын кәсіби, білікті әскері болу керек. Ол үшін әрбір азамат өз елінің патриоты болуы қажет. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштері қатарын денсаулығы мықты, шымыр, шыңдалған, отаншылдық рухта тәрбиеленген жастармен толықтыруымызға және олардың намысты да ержүрек болып өсуіне, қиындыққа бой бермейтін жоғары рухта тәрбиеленуіне аса мән беруіміз қажет.
Біздің алдымызда бабалар дәстүрін сақтайтын, өз елінің патриоттары болатын нағыз елжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Кешегі Ұлы Отан соғысында өз ерліктерімен танылған жерлестеріміз Бауыржан Момышұлы, пулеметті өз денесімен жапқан Ағаділ Суханбаев және Николай Белашовтардың ерліктерін жамбылдық жастар ұмытпақ емес. Сондай-ақ Тараз қаласында террористі құрықтау кезінде опат болған полиция капитаны, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жанкешті ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі. Осындай ержүрек аға буын өкілдерінің жолын жалғайтын ұрпақ тәрбиелеу мақсатында облысымызда біршама жұмыстар жолға қойылып келеді.
Бұл ретте жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызы өте зор.
Әскери-патриоттық тәр­бие беру тек қана Қарулы Күштердің қатарында әскери борышын өтеу барысында ғана емес, жас ұрпақтың бойында отаншылдық рухты қалыптастыру – жастайынан, мектеп қабыр­ғасынан қолға алынуы тиіс. Бұл бағытта өңірімізде қолға алынған істер де жоқ емес.
Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты ертеңгі ел иесі рухында тәрбиелеп, бойына ерлік пен өрліктің нәрімен жігер беруде аға ұрпақ өкілдерінің рөлі орасан. Көпті көрген, өмірлік тәжірибелері мол ата-ағаларымыз жастармен жиі жүздесіп, өткеннен сабақ беріп тұрғаны дұрыс. «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесі құрылған болатын. Оның өңірлерде облыстық филиалдары орналасқан. Қорғаныс министрлігі мен «Қарулы Күштері ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің бірлескен жоспары аясында көптеген жұмыс атқарылуда.
Облыстың қорғаныс істері жөніндегі департамент пен оның аудандардағы құрылымдарының ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылған. Олар облыстың және аудандардың шақыру комиссиясының құрамына енгізілген. Жастарды әскерге шығарып салу, тағы басқа іс-шараларға ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатыстырылып, олар жастарға ақыл-кеңестерін айтып, ақ жол тілеп баталарын береді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, мұның өзі әскерге бара жатқан жігіттерге рух беретіні сөзсіз.
Сонымен қатар ауған және тәжік-ауған соғысы ардагерлерімен де байланысымыз нығайып келеді. Олардың қатысуымен көптеген іс-шара өткізілуде.
Тағы айта кететін мәселе, Қорғаныс министрінің қолдауымен 2018 жылы «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, облыс орталықтарында олардың филиалдары ашылды. Жастарды әскери-патриоттық рухта, отансүйгіштікке және елін сүйген азаматтар тәрбиелеуде, жас ұрпақтың белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруда бұл филиалдың үйретері көп. Бүгінде облыстың білім беру мекемелерінің мәліметі бойынша, 23 мыңнан аса жасөспірім алғашқы әскери дайындық сабағына қамтылған болса, облысымыздағы 446 жалпы білім беретін оқу орындарында 367 әскери-патриоттық клуб пен 527 «Жас сарбаз» сыныбында 12 мыңнан аса бала тәрбиеленіп отыр. Сондай-ақ 111 – «SMART-SARBAZ» сыныптары үйірмелеріне 2 мыңға жуық бала қатысады.
Тәрбие – талбесіктен басталады демекші, бұл істе отбасылық тәрбиенің де рөлі зор. Бала жастайынан «Батырлар жыры», ата-бабаларымыздың Отан қорғаудағы ерлік істері туралы әдебиеттерді оқып өссе, қандай ғанибет!
Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов айтқандай: «Бала күннен батырлар туралы ертегілер, аңыздар тыңдап, ерлікті мадақтайтын тақпақтар жаттап, эпостық шығармаларды етене қабылдамаған адамдардың бойында бес кісінің күші болса да, патриот бола алмайды» деген сөзін қаперге алғанымыз маңызды.
«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген нақыл сөзден халқымыздың ықылым замандардан-ақ білімнің қадірін білгендігін аңғару қиын емес. Бұл күнде осы аталы сөздің өзектілігі артпаса, еш кеміген жоқ. Еліміздің өркениетті мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар білімді әрі патриот ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті.
– Әңгімеңізге рақмет! Ел қорғанын күшейтіп, патриот азаматтар тәрбиелеу жолындағы қызметтеріңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ