Отан қорғаушылар онлайн байланыста
«Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы өз жалғасын табуда. Демалыс кезінде сарбаздар ұялы телефон арқылы шалғайдағы ата-аналарына хабарласып, жағдайларын біліп, туыстарымен оңаша сөйлесе алады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Луговой гарнизонындағы сарбаздардың ата-аналарымен бейнебайланыс арқылы хабарласуы психологиялық жеңілдеу бөлмесінде ұйымдастырылды. Бұл жер гарнизонның әскери бөлімдерінің режимдік объектілерінен бөлек орналасқан және де ұялы телефонды пайдалануға тыйым салынбайды.
Сарбаздар смартфондарын өздерімен бірге әскерге ала алмайтындықтан, офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қолдау көрсете отырып, жас жауынгерлерге өз телефондарын ұсынады. Бұл ретте барлық дерлік ұялы байланыс операторларында шексіз тарифтер бар болғандығы қуантады.
Т-72 танкінің көздеуші-операторы, қатардағы жауынгер Данияр Тұрсынов әскерге Алматы облысынан шақырылған. Ол бейнеқоңыраумен Ұйғыр ауданының Кетмен ауылындағы өзін қатты күтіп жүрген туыстары мен достарына хабарласып, жағдайларын білді. Даниярдың әскердегі бір жылы артта қалды, санаулы күннен кейін үйіне оралмақ.
Қатардағы жауынгер Жанболат Сырлыбаев Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылындағы туыстарына қоңырау шалды. Туыстары бір жыл уақыт ішінде оның есейіп қалғанын, онымен мақтанатындарын айтып әңгімелесті. Мерзімді қызметі кезінде Жанболат екі гарнизонды ауыстырған. Алдымен Гвардейск гарнизонындағы кіші мамандарды даярлау орталығында оқыған, кейін Луговой гарнизонындағы танк бөлімшесіне жіберілген. Барлық бөлімде ол өзін тек жақсы қырынан ғана көрсете білген.
Қатардағы жауынгер Александр Игначенков Ақтау қаласындағы туыстарына хабарласты. Станислав Аноприев болса Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылындағы жақындарының жағдайын білді. Ал Ақтөбе қаласында тұратын Иван Ихсановтың ата-анасы ұлдарын көріп қуанып қалды. Танк батальонының сарбаздары Қазақстанның түрлі облыстарынан келген. Бірақ оларды әскер, жауынгерлік достық біріктіреді, ал «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы туыстарымен хабарласуға көмектесті.
Кез келген адам телефонмен сөйлескенде әңгімелерін «Кездескенше» деп аяқтайды. Ал бұл сарбаздар жақын арада туыстарымен шынымен де кездеседі. Олардың бір жылдық әскери қызметі аяқталды. Енді санаулы күндерден кейін үйлеріне барып, өздерінің ұялы телефондарымен тек ата-аналарына ғана емес, жауынгерлік достарына да хабарласа алады.
Дина МУХАРИНОВА, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі