Отан отбасынан басталады!
Еліміздің өркендеп дамуы мен қатардан қалмай жаңалықтарға ілесуі алдағы уақыттың еншісіндегі дүние болса, сол жарқын жетістіктерге елімізді болашақ ғалымдар, ақын-жазушылар, елім деген ерлердің жеткізетіні сөзсіз. Ал бұл мәселелерде қазір біз тәрбиелеп отырған жас ұрпаққа көп дүние байланысты.
Өскелең ұрпаққа келелі кеңестер беріп, болашаққа бағыт-бағдар сілтеп, үлгілі де өнегелі іс жасау – аға буынның өкілдері мен ел ағаларының парызы болып саналады. Бала тәрбиесінде нәтижелі жетістіктерге жетудің бірден-бір жолы – оқушының ата-анасы мен ұстаздар арасында тығыз байланыс орнатудың маңызы зор.
«Отан отбасынан басталады» деген ұлағатты сөзге орай отбасын құрған әрбір азамат пен азаматша сол отбасының басты бағдаршысы болып, шаңырақтың беріктігіне жауап беріп, отбасындағы ұл-қыздарын мейірімділікке, бауырмалдыққа тәрбиелеуі қажет деп білеміз. Бір сөзбен айтқанда, отбасы – дүниедегі барлық жақсылықтардың бастауы саналатын қасиетті ұя. Ұстаздар қауымы өскелең ұрпақтың отбасынан қалыптасқан дәстүрлерін ұштап, ары қарай дамытатын міндетке ие кісілер. Ұстаздар әрбір баланы ең біріншіден тәрбие мен тәртіпке үйретіп, сапалы білім алуына, ата-аналардан кейінгі қамқоршысы болып, баланы жан-жақтылыққа тәрбиелейтін жанашыры болуға тиіс. Білім беру саласында болып жатқан жаңалықтар мен жаңа жүйенің қиындықтары мен қызықтарын оқушыға меңгерту ісінде ұстаздардың рөлі зор.
Міне, осылай ұстаз бен ата-ана өз кезегінде жас ұрпаққа бірлесе қамқорлық көрсетіп, жанашырлық танытса, жолда кездескен қиындықтар мен тығырықтан шығар жолдың да жеңілдері сөзсіз. Бала тәрбиесінде баса көңіл бөлетін кезең – жасөспірімнің «өтпелі кезең» болып есептелетін уақытына көп көңіл бөлу қажет. Сондықтан, баланың өмірінде орын алатын барлық кезеңдердегі өзгерістерді ата-ана мен ұстаздар қауымы дер кезінде байқап, бақылап, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, кейбір шиеленіскен жағдайларда қолдан келгенінше тіл табысып, дер кезінде көмек қолын созса, көптеген орны толмас жағдайлардың алдын алған болар едік.
Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бала тәрбиесіндегі озық үлгілері мен дәстүрлері қазір де өзекті. Мысалы, жас бала жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық сияқты нәзік, қамқорлықты көп қажет етеді. Жас шыбықты қалай исең, солай қарай иілмей ме? Баланы да қай бағытқа тәрбиелесең, солай қарай бейім болып өседі. Сондықтан баланы жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелеген дұрыс. Иә, қай кезде де баланың бойын жат қылықтардан аулақ ұстауымыз қажет. Біз осыған жұмыс істеу керекпіз. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» демекші, ұл болсын, қыз болсын, оның әрбір басқан қадамы мен іс-әрекеті, жүріс-тұрысы, өз өзін ұстауы – ата-ананың, ұстаздың, қала берді, қоғамның бақылауында болуы тиіс.
Бала – шырақ. Бала – жарық жұлдыз. Тек оның жарқырауына жәрдем ету – біздің міндетіміз. Шырақты жаға білу, оның жарқырауына жәрдем ету дегеніміз – баланың бойындағы талап пен талантты дөп басып, оның дер кезінде ашылуына дұрыс бағыт-бағдар берілсе, бала өмірдегі өз орнын адаспай табатыны сөзсіз. Ол үшін көп еңбектену қажет. Асылында, баланың бойындағы талантты танып, оның бос уақытын тиімді пайдалануға тәрбиелеу – ата-ананың да, ұстаздың да алдындағы үлкен міндет болып саналады. Баланы жақсылыққа тәрбиелеу көп уақыт пен қажырлы еңбекті талап етсе, оның жемісі де соғұрлым тәтті болмақ. Сондықтан бала тәрбиесіндегі әрбір кішкентай нәрселерге дейін мән бергеніміз жөн.
«Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» деген ізгілікті халықтың өкілі болғандықтан, біз өз балаларымыздан, оның болашағы мен келешегінен мол үміт күтеміз. Сондықтан, періштедей пәк көңіл балалардың бойына тек жақсылық пен ізгіліктің дәнін егуіміз қажет. Олардың бойын әрдайым жат қылықтар мен жаман әдеттерден аулақ болуға шақыру және оны талап ету де ата-ана мен ұстаздың алдындағы зор міндеттің бірі. Балалардың қоғамнан, ата-ана мен ұстаздан алыстап, оқшау қалуына ешқашан жол бергеніміз дұрыс. Үнемі байланыста болу көп жағдайдың алдын алады. Олардың бос уақытын тиімді пайдаланумен қатар, араласатын достары мен ортасынан үнемі хабардар болып отыруымыз қажет-ақ. Мұның бәрі оларды орынсыз мазалау немесе басқан ізін аңду еместігін, керісінше оның болашағына алаңдаушылық білдіріп, жанашырлық танытып отырғанын орайын келтіре отырып түсіндіре білу де оларды қолдаудың бірден-бір жолы.
Барлығымызға жасырын немесе жұмбақ емес. Қазір біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Кейде ненің пайдалы, ненің зиян екенін ажырата алмай қалатын кездеріміз де болады. Қазіргі таңда ел өміріне, қоғамға дендеп еніп жатқан жаңалықтардың пайдалы жағымен қатар зияны мен залалы да жетерлік. Соның ең негізгісі – әлеуметтік желі. Қазір жасыратыны жоқ, балалардың көбісі ұялы телефонға тәуелді болып барады. Адамзаттың болашағына қауіп төндіріп отырған бұл жағымсыз құбылыс әсіресе жастар арасында жете түсіндіруді қажет етіп отыр. Бұл ретте ата-аналар мен ұстаздар қауымы тығыз байланыста болып, балалардың ұялы телефонды орнымен қолдануына шектен тыс тәуелділікке бармауын қадағалау маңызды. Оны тек қажеттілікке қолдануын қатаң бақылап, олқылықтарға жол бермеуге тиіспіз.
Одан бөлек, өзге елдің өнерпаздарына немесе кино артистеріне еліктеп жатқан жастардың да терең ойланғандары дұрыс. Себебі, өзіңдегі дүниенің қадірін білмей, өзгеге еліктеу ешкімге де абырой әпермейді. Бір сөзбен айтқанда, өмірден көргені мен түйгені көп, көп қиыншылықты бастан өткеріп, өмірдің қатал сынынан өткен аға буын мен аталар қауымы жастардың тәрбиесінде ақыл айтып, келеңсіз жағдайлардың алдын алып, жас ұрпақтың болашағына араша болуымыз қажет. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Оқу мен білім, спортпен шұғылдану, пайдалы кітаптар оқып, үйірмелерге қатысу – баланы өсіреді, талантын дамытуға үлкен септігін тигізеді. «Мен болашақта үлкен мамандықтың иесі боламын» деген мақсаты берік баланың болашақта да адаспай жол табатыны сөзсіз. Кітап оқу – адамның ой-өрісін арттырумен қатар, бос уақытты да тиімді пайдаланудың бірден-бір тиімді жолы. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» демекші, жаман әдеттен жирендіріп, жақсылыққа үйреткен дана, ойшыл, Абайдың сөздері талапты да талантты азаматты тәрбиелеуде қолданылатын озық үлгілердің бірі. Абай сөзі, ойшыл ұлағаты – жалпы адамзатқа ақыл мен сабырдың негізгі көзі. Иә, қазақтың басқа да ойшыл, ақындарының сөзі мен шығармашылығын оқып, ұлылардан қалған ұлағатты бойына сіңіріп өскен ұрпақтың әсте жаман болуы мүмкін емес. Қайтып оралмайтын алтын уақыты мен бақытты кезеңін телефонға телміріп өткізгенше, ұлылықтан, халық ұлағатынан сусындаған әлдеқайда тиімді емес пе?!
Бүгінгі жас буын – елдің ертеңгі болашағы. Елдің болашақ иесі мен тұтқасы да солар. Елдің тілегі де, тірегі де отбасында тәрбиелеп отырған балаларымыз. Елін сүйіп, оны қорғайтын жас буынға айтарымыз, Отанды сүйіп, оған қызмет етулерің қажет. Ол үшін ата-ана мен ұстаздардың айтқанын екі етпей, олар берген тәрбиені бойға сіңіргендерің абзал болмақ.
Бүгін біз, аға ұрпақтың өкілдері Сіздердің болашақтарыңыз туралы ой қозғадық. Тәрбие мен білім өмір бойы жүргізілетін құбылыс. Өйткені, ұрпақтар ауысып жатыр. Бүгінгі ұрпақ елдің ертеңі болса, ертеңгі ұрпақ арғы дәуірдің куәгерлері. Сондықтан, сөз соңында айтарым, аға буын ақылды, парасатты болса, жастардың да тәрбиесі соғұрлым жақсы болады. Ал тәрбиелі де ұлағатты ұрпақ – елдің жарқын болашағы.
Мұратқали РАХМЕТОВ,
аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті ардагері