Отанына қорған, отбасына қамқор

Кез келген қоғамда отбасы – басты құндылық. Бұл ең жақын адамдардың алынбас қамалы, кіршіксіз қорғаны. Жанұя – кез келген жағдайда шексіз сүйіспеншілік пен қолдау деген сөз. Отан – отбасынан басталады дегенмен, осы екеуіне де адал қызмет етіп, ортақ бақытты қызғыштай қорып, болашақтың шамын сөндірмей, қайта жалынын жарқыратып жүрген отбасы деп Владимир Мартыненко мен оның жұбайы Ирина Кононученконың шаңырағын айтуға болады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Медиа-контент орталығы, Тараз гарнизоны баспасөз қызметінің сержанты Владимир Мартыненконың есімі әскери ортаға етене таныс. Қандыкөйлек жолдастары Владимирді дарынды әріптес, адал жауынгер ретінде, тамаша отағасы ретінде таниды. Владимир әйелі Иринамен сонау 2003 жылы, оның отбасы Гвардейскіден Қордайға көшіп келгенде танысқан.

– Екеуміз көрші болдық – бір көшеде тұрдық, бір мектепте де оқыдық. Бірақ, ол кезде жақсы араласа алмадық. Владимир ұялшақ және ұяңдау еді. Бірақ, анам маған үнемі оның жақсы жігіт екенін айтып, оған көңіл бөлуімді айтатын. Орта мектепте біз көбірек араласа бастадық, тіпті аз уақыт, бір айға жуық достығымыз жарасып, кездесіп жүрдік. Бірақ, содан кейін мен оқуыма назар аударуым керек деп шештім және біздің жолдарымыз біраз уақытқа бөлінді,– деп еске алады Ирина Кононученко.

Бір жылдан кейін Владимир мен Ирина достарының ортақ компаниясында қайтадан кездесіп, олардың көзқарастары көп нәрсеге ортақ екенін түсінді.

– Тағдыр болған шығар. Осы уақыт ішінде ол көп өзгерді. Басында ол маған жақсы дос болды. Біз әлемдегі барлық нәрсе туралы сөйлесе аламыз. Сосын тағы да кездесуге шақырды, бірақ осы жолы ғана бас тартсам, Таразға кететінін айтты. Мен келісуім керек еді, – деді Ирина. Ерлі-зайыптылар алты жылға жуық кездесіп жүрген. Осы уақыт ішінде өмір жолы тойтарыстарға толы болса да, олар бәрін мөлдір махаббаттың арқасында жеңе білді. Ирина Владимирдің әскерден келуін күтті, содан кейін ол оны Германияға оқудан кейін тағылымдамадан өтуге кеткенде де бір жыл күтті.

– Қашықтықпен сыналған қарым-қатынастар ең мықтылардың қатарында. Сіз өзіңіздің сүйікті адамыңыздан алыста болған кезде ғана қаншалықты жақсы көретініңізді және бұл қарым-қатынас сізге несімен құнды екенін анық түсіне бастайсыз. Біз бір-бірімізсіз өзімізді жайсыз сезіндік, кездесуді күтумен өмір сүрдік және осыны түсіну бізді отбасын құруға итермеледі, – дейді Владимир.

Олар 2014 жылы үйленіп, содан бері тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Әрине, отағасының әскери өмірдегі қызметінде іссапарлар көп болып жатады. Бірақ, Ирина антына адал азаматының Отан алдындағы перзенттік парызын жоғары бағалайды.

«Мен күйеуімнің жұмысын қатты құрметтеймін. Мен оны мақтан тұтамын және оның бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенемін», – деп атап өтті Ирина.

2017 жылы ерлі-зайыптылардың үлкен қызы Виктория дүниеге келді. Үйдің тұңғышы биыл бірінші сыныпқа барды. 2021 жылы Владимир мен Ирина екінші рет ата-ана болды, олардың кіші қызы Вероника дүниеге келді.

– Біз өз перзенттеріміз үшін білгенімізді үйретіп, жақсы тәрбие беруге барымызды салудамыз, өйткені әрқайсымыз балаларымызбен мүмкіндігінше көп уақыт өткізуге тырысамыз. Отбасы мүшелерімізбен бірге серуендеп, бірге кітап оқитын игі дәстүрлеріміз бар. Ең бастысы, қыз баласы үшін қамқорлық ауадай қажет. Менің жолдасым бір сөзбен айтқанда, өз саласының мықты маманы ғана емес, тамаша әке. Қыздар әкелерінің әрбір ісін, оның тәрбиесін өнеге тұтады. Мен өз шаруаларыма қыздарымды емін-еркін әкелерімен қалдырып кете беремін. Себебі, әкелері әскери адам болғандықтан дәмді тамақ даярлап, киімдерін жуып, таза жүріп, таза тұруларына көмектесе береді. Ал, мен қыздарға қатал анамын, өйткені мен оларды үлкенді сыйлауға баулуға тырысамын, кейде ұрсып та айтамын, бірақ мұның бәрі олардың жақсы адам болып өсуі үшін қажет. Қыздарымызды тәрбиелеуде отбасының аға буыны – ата-әжелеріміз де үлкен рөл атқарады, – дейді Ирина.

Жанұяда Отан алдындағы қызметпен қатар, елге, жерге, үлкенге, қазақи құндылықтарға деген құрмет те ерекше.

– Біз алғаш үйленгенде күйеуімнің атасымен бірге тұрдық. Үлкен қызым оның көз алдында өсті. Атамыз қазір 95 жаста. Атамыз тұңғышымызды қатты жақсы көреді. Кіші қызы қазір бізбен бірге тұратын, барлық жағынан көмектесетін анама қатты бауыр басып қалды. Ақсақалымыз отбасылық өмірдің даналығын бөлісіп, бала бойына дұрыс құндылықтарды сіңіретіндіктен, үлкендердің қолдауынсыз толыққанды тағылым-тәрбие жоқ деп ойлаймын, – дейді Ирина.

Владимир мен Ирина әрбір мерекені отбасымен қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Ондай сәтте туыстарының барлығын өз шаңырақтарына шақыруға асығады.

– Мереке неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы, ондай сәттер туыстардың байланысын нығайтады. Басқа мерекелермен қатар біз Наурыз бен айтты ерекше жақсы көреміз, жомарт дастарқанды қуана жаямыз. Жүзден аса ұлт өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан елімізде ұлттық мерекелерді бірауыздан атап өтуді мақтан тұтуымыз керек. Өзіміздің қыздарымыз да қазақи дәстүрге қанығып өсіп келеді, – дейді Владимир.

Шаңырақ көтергендеріне он жылға жуықтаған жанұя өмірдің қиындықтарын да бірге еңсеруге үйренген. Себебі, отағасы үшін қызметте де, отбасында да жауапкершіліктің жоғары болуы маңызды. Ал, отбасына қамқор, Отанына адал азамат үшін жауапкершілік өмірлік ұстанымға айналған.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ