Отбасы бақытының сыры

Бабалардан қалған «Жақсыдан жақсы туса, еккен шынарың емес пе. Жаманнан жақсы туса, елдің шырағы емес пе» деген сөз бар. Бірақ ата-ана перзентінің бақытты болғанын қалайды. Әрине, шаңырақ көтерген әрбір жас бақытты көксейді. Дегенмен, некелесіп жатқан барлық жұбайдың бақыты баянды бола бермейтіні де бар. Меніңше, бұл жарыңның кемшіліктерін инеге тізген жіптей жинай беру, бойында бар мінін үнемі бетіне басып кінәлай беру орынсыз. Сонда отбасы тыныштығын қалай ұрыс-керістен, келісе алмаушылықтан қорғау керек дейтін боларсың, ұлым. Ертеде бір жас жігіт дәл осындай сауалға жауап іздеп бас қатырады. Ол жолынан кездескен әр адамнан «отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болады?» деп сұраумен болады. Әркім әрқалай жауап қатады. Бірақ жігітті ол жауаптар қанағаттандырмайды. Жолай жолыққан бір ата: «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, бақытты тұрмыстың сырын солар жақсы біледі. Өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрмеген, естімеген. Олар өмір бойы тату-тәтті тұрып келеді», — дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, қал-жағдай сұрасқаннан кейін, үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастарқан басына қонақты жайғастырып отырғызады. Кемпірі де дастарқанға бір қауын әкеледі. Қария қауынға бір қарайды да, кемпіріне: «Ханым, бұл қауын онша піспегенге ұқсайды, ауыстырып әкелші», — дейді. Әйелі: «Жарайды», — деп қауынды алып кетіп, басқа қауын әкеледі. Күйеуі қауынның сыртына қарап отырып: «Бұл да болмайды, тағы басқасын әкел!» — дейді. Әйелі күлімсіреп: «Жарайды», — деп, бұл қауынды да ас үйіне алып кетеді. Сонда қария жігітке: «Әйелім онша таңдай алмаса керек, кеттік бірге таңдап келейік», — деп, екеуі бірге ас үйге кіреді. Жігіт ас үйге кіргенде бір ғана қауынның тұрғанын көреді. Таңдана қарияға қарайды. Сол кезде ғана қарт жігітке: «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе?» — дейді. Жас жігіт: «Түсінбедім», — деп жауап береді. «Балам, үйде бір ғана қауын бар. Білетінмін біреу ғана екенін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп, басқасын әкел дегенімде, «жарайды» деп әкетіп, дәл соны қайта әкелді. «Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың?» — демеді. Міне, отбасы бақытының сыры әйелімнің қонақ алдында маған қарсы шықпауында, айтқанымды орындауында. Біз бір-біріміздің көңілімізді қалдырмауды ойлаймыз. Сол себепті біздің арамызда ұрыс-керіске жол жоқ. Біз бір-бірімізді сыйлаймыз, құрметтейміз. Отбасы бақытының сыры осы», — дейді.

Міне, осы бір қысқа ғана әңгіме жас жұбайларға үлкен ой салса екен деймін. Отбасы болған соң керіс те, келіспеушілік пен түсінбейшілік те болып тұрады. Ерлі-зайыптылардың басына үнемі күн түспейді, көлеңке де түседі. Көлеңке түсе қалған жағдайда себепті өзгеден емес, өзіңнің мінез-құлқыңнан, өмірге деген көзқарасыңнан іздегенің жөн. Өзен суы жылдың төрт мезгілінде бірде тасып, бірде тартылып, иірімі мен қайраны қабаттасып ағатыны секілді реніш те, керіс те, соңынан татуласу мен түсінісу де болады. Тіршіліктің ұсақ-түйек мәселелерінде келісе алмай қалу барлық ерлі-зайыптыларда кездеседі. Бірақ кешірімді болу және кешірім сұрай білу мұндайда үлкен араша бола алады.

Айтпағым, ұрыс-керіс кезінде араша түсуді өзге адамнан күтпе, «Кешірші» деген сөзді араша ретінде өзің қолдана біл. Өйткені кекшілдік пен кесапаттық құтыңды кетіреді. Осы екеуінен сақтан. Кешірімсіздіктің соңы қайда апарып соғатынын алдын ала ойлаған абзал.

 

Нұрабайдың хатынан