«ОТБАСЫ БЕРЕКЕСІ» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ
26 ақпанда Астана қаласы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі қоғам қайраткері, қазақтың рухани анасы әрі тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызының жаңа еңбегі – «Отбасы берекесі» кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, тілшілер мен көпшілік қатысты. Кітап «Қазына» баспасынан 3 мың данамен шығып, оқырманға жол тартты.
Бұл еңбекте қазақ отбасының рухани тұтастығы, ер мен әйелдің қоғамдағы және жанұядағы орны, бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтар туралы маңызды ойлар қозғалады. Автор отбасы ұғымы, оның рухани құндылықтары мен бірлігі жөнінде терең толғаныстарымен бөлісіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударады.
«Бұл кітапты жазуда әр қазақ отбасының босағасы кең, шаңырағы биік болсын деген ниетті мақсат тұттым. Әр шаңыраққа пайдасы тисе екен дедім. Бірде бір жас келіншек менің жас отбасыға айтқан ақыл-кеңесімді тыңдап, ажырасу райынан қайтқанын айтты. Осындай шынайы оқиғалар менің «Отбасы берекесі» кітабын жазуыма түрткі болды. Отбасында ер мен әйелдің орны бала үшін маңызды. Ер адамның баласы алдындағы үш міндеті бар: жақсы ана табу, жақсы есім қою және жақсы тәрбие беру. Ұлттық құндылық насихатталатын, отбасылық ортадағы рухани бірлікті арттыруға ықпал ететін бұл туынды оқырманға ұнайды деп үміттенемін», – деді Оразкүл Асанғазы.
Кітаптың жарық көруіне редактор Жәмиля Бахтиярқызы ерекше үлес қосыпты. Ол автордың идеяларын жинақтап, еңбектің жүйелі түрде шығуына жауапты болған.
Жәмиля Бахтиярқызы, редактор: – Оның жазылуына, басылуына көмектестім. Ойы, идеясы – толықтай Оразкүл Асанғазы апайдікі. Біз кездесіп, ойымыз бір жерден шығып, мен апайдың кітабын жазуға үлкен жауапкершілік алдым. Апайдың әрбір ойы, халыққа айтары, жеткізгісі келген тағылымы жүрегіме де, сана-сезіміме де қона білді, сіңе білді. Осыдан болар, бұл кітапты жазуға деген ниетім үлкен әрі таза болды. Мен шынымен осындай тағылымы мол, жастарға айтары бар кітаптың қоғамға қажет екенін түсіндім. Осындай туындының жарыққа шығуына үлес қосқаным мен үшін, біріншіден – жауапкершілік, екіншіден – абырой, үшіншіден – бақыт.
Оразкүл апайдың ойы ғана емес, өмірі де маған үлгі. Отбасы құрғанда жар атанамыз, келін атанамыз. Болашақта кішігірім қиындықтар туындаса, оларға қалай төтеп беру керектігін үйрендім. Бұл кітап мені даналыққа, парасаттылыққа баулып, көптеген дүниелерге көзқарасымды өзгертті.
Әр оқырманға берері мол бұл кітапты жазарда біз ажырасу статистикасына сүйендік. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Сондықтан бұл туынды еліміздегі осындай мәселелердің алдын алады деп үміттенеміз. Отбасы институты – қашанда қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі. Бұл кітап өзектілігін ешқашан жоғалтпайды. Біздің ендігі мақсатымыз – бұл кітапты қалың оқырманға тарату. Ондағы сабырлы, парасатты ойларды жастар бойына сіңірсе екен дейміз. Ұрпақтан-ұрпаққа тарайтын кітап болады деп сенемін.
Әкім Ысқақ, мемлекет және қоғам қайраткері:
– Кітапты мен қысқа уақыт ішінде оқып шықтым. Адам жүрегіне жағымды дүние екен. «Отбасы берекесі» кітабы – қоғамға, жастарға, жоғары сынып оқушыларына, студенттерге, өз өмірін дұрыс бағытта құрғысы келетін жандарға керек еңбек. Бір кітапқа қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті жинақталып, әдемі жеткізілген. Бұл кітапта «Отбасы берекесі неде?» деген сұраққа автор «Махаббатта» деп жауап береді. Иә, шынымен өмірдің ең биігі де, діңгегі де – махаббат.
Маған ерекше ұнаған, есімде қалған оқиға – Оразкүл апайымыздың Жора ағаймен танысуы. Екеуі де студент. Жатақхана терезесіне тас лақтырады ғой. Сонда Оразкүл апайымыз: «Сол лақтырған тасқа басқа біреу емес, терезеден мен қарағаныма Құдайға мың алғыс. Себебі мен оның жанарынан тұнықтық пен тазалықты көрдім», – дейді. Жора ағайымыз да естелігінде арнайы альбом жасап, оған сурет салдырып, «Бақ құсым менің, арманым менің» деп махаббатын білдіретінін жазады. Осылай, нағыз бақытты, шабытты кезеңдер басталған. Кітаптың таныстырылымы барысында зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдіріп, қоғамдағы отбасы институтының рөлін арттыру және жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету жөнінде маңызды ойлар айтты.
Кітаптың тұсауын филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов, мемлекет және қоғам қайраткері Серік Шаяхметұлы Ақымбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Светлана Жақияқызы Жалмағамбетова кесті. Жиын соңында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрінің дирижері Нұрлан Бекенов күмбірлете күй орындады.
«Отбасы берекесі» кітабы – әр қазақ отбасының рухани бірлігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, сондай-ақ болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие мен бағыт-бағдар беруге ықпал ететін тағылымды еңбек. Автордың бұл еңбегі оқырманға ой салып, қазақ халқының отбасы мен қоғамдағы рөлін қайта бағалауға түрткі болары сөзсіз.
Саяжан Қайдар