«Отбасылық аллея» – тєуелсіздікке тарту

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында аудан орталығы — Сарыкемер ауылындағы Кеңес Орынқұлов атындағы көшесі бойынан «Отбасылық аллеясы» ашылды.
Айтулы шараға қатысқан аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ел бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтын мерекеге орай ел игілігіне берілген көрікті аллеяның ашылуымен құттықтап, ауыл тұрғындарының демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне демалыс орнының әсері мол болатындығын айтты. Неміс этномәдени орталығының жетекшісі Варвара Найденова еліміздің басты құндылығы- бірлік, татулық пен ұлтаралық келісімде екендігін жеткізді.

 

Бұдан соң аудан басшысы бастаған зиялы қауым өкілдері аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының, этномәдени орталықтарының «Бірлігі жарасқан ел» тақырыбындағы ұлттық қолөнер көрмелері мен концерттік бағдарламасын көрді. «Біз бір халықпыз, бір елміз» тақырыбындағы балалардың мальбертке сурет салу жұмыстарын, «Оқуға құштар қазақ елі» атты орталық кітапхана мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен кітап көрмесіне қойылған Ж.Жабаев, М.Мақатаев, Ы. Алтынсарин, О.Сүлейменовтың шығармаларын көріп, ақын өлеңдерін оқыған оқушылардың өнеріне ризашылығын білдірді. Асық ату, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындарды тамашалай келе, аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы «Отбасылық аллеяда» тұрғындардың отбасымен демалуына жағдай жасалғандығын атап өтіп, мердігердің еңбегіне ризашылығын білдірді.
— Аудан орталығы күн санап ажарланып, көркейе түсуде. Байзақ өңірінде тұрып жатқанымды мақтан тұтамын. Игілікті істерге мұрындық бола білген іскер азаматтарға шын жүректен алғысымды айтамын. Тұратын жеріңнің әдемі болғанына не жетсін, Халық игілігі үшін жасалынған жасампаз іс, желмен жайқалып тұрған тал-дарақтар, бүлдіршіндер ойнайтын спорттық құрал-жабдықтар, келісті орындықтар, аспалы шамдар көздің жауын алады. Аллея жергілікті тұрғындар мен сырттан келетін меймандардың демалыс алаңына айналарына сенімдімін,- деді монғол ұлтының өкілі Салтанат Жабо.
Бұл күнгі шаралардың барлығында әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық талаптар сақтала отырып өткізілді.