16 наурыз — Шаңырақ күнінде үлгілі жанұялар мен отбасыларды елге насихаттау мақсатында іс шаралар легі жалғасып жатыр.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, Саудакент ауылдық ардагерлер кеңесінің Арқабай Төлмағанбетов және аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлбике Сәлімова Саудакент ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаз Сайлау Ұзынғазиевтің үйіне барып, мерекемен құттықтады.
Еңбек жолын ұстаздыққа арнаған Сайлау ағамыз 1940 жылы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. 1966 жылы КазПТИ-дің «тарих» мамандығын бітіріп, ауылға оралып, Гагарин мектебінде мұғалім болып жұмыс атқарып, зейнетке шықты. Жұбайы Жібек Көшкенова екеуінің отандасқандарына 55 жыл толып отыр. Бүгінде өсіріп отырған 5 ұл — қыздан 17 немере, 5 шөбере көріп отыр. Жібек апамыз өзінің өмірбаяны баяндалған «Өткен өмір белестері» атты кітабын жазған.
Бүгінде ауылдың құрмет тұтар әулетіне айналған жанұяның тірегі Сайлау Ұзынғазиев ағамыз мерекемен құттықтап келген аудан басшылығына алғысын білдіріп, шаңырақ күнімен барша аудан тұрғындарына жылы лебізін арнады.