Жастар патриот болса деймін, қазақшыл, намысшыл болса екен.
Өтелбаев өсиеті…
Жастар патриот болса деймін, қазақшыл, намысшыл болса екен. Мені бәрі ғалым деп сыйлап жатыр. Ал мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата дәстүрім маңызды. Ата-бабам аруағын сыйламасам, мыңдаған жыл өмір сүрген ана тілімде сөйлемесем, ата салтымды сақтамасам, мен ешкім емеспін.
***
Мен сізге жақсы математиктердің үлесі шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымыздың есебінен толығып отырғанын айтайын. Себебі олар орысша білмегендіктен, жоғары жалақы төленетін жерге жұмысқа тұра алмағандықтан, ғылымға келіп жатыр. 20-30 жылдан соң көрнекті ғалымдардың көпшілігі солардан шығуы мүмкін. Ал жергілікті қазақтардан, орыстілді қазақтардың арасында ендігәрі математика саласында ғалымдар шыға қоймайды-ау.
***
Маған бірінші кезекте, қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Халқымның, әкемнің, анамның ар-намысын аяқасты қылсам, адамдығымнан не пайда, не қайыр?!
Өзімнің ана тілім, мемлекеттік мәртебесі бар тіліміз ғой. Шәкірттерім де диссертациялық жұмыстарын қазақ және ағылшын тілдерінде жазады. Себебі жас ғалым ағылшын тілін білуі тиіс. Қазақ тілі оған қалайда керек. Ал қазақ тілінде жаздыру себебім, болашақта қазақтар өз дегеніне жетеді. Қазақ тілін мемлекеттік тіл деңгейіндегі дәрежесіне жеткізеді. Сондықтан қазақ тілінде де жазуды талап етемін. Ал егер мен шәкіртіме орысша жаза бер десем, қазақ тілінің болашағына күмәнмен қарасам, шәкіртіме қастық істеген боламын.
***
Мен 1 млн доллардың таңғаларлық дүние жасауға жұмсалғанын қалаймын. Ал отбасыма менің жалақым да жетеді.Бала кезімде әлемді аралауды армандаушы едім, енді жас келген соң ешқайда шыққым келмейді. Тек Қырғызстанға барар ем, онда туыстарым бар ғой.
***
Халық қашанда тәртіпті, тазалықты бағалайды. Бірақ қай заманда да парақорлар мен мансапқұмарлар болған, бола береді. Олардың шектен тыс көбеюі қауіпті – мемлекеттік жүйенің құлауына алып келеді. Мұны Қытай тарихынан да көруге болады. Бір династия билікке келеді, 100-200 жылдан кейін ол билік жүйесі де жемқорлықтың салдарынан құлайды, оның орнына билікке басқа династия келеді. Ол династия да алдыңғы династияның кебін киеді. Себебі жемқорлық жайлаған мемлекет басқаруға көнбейді. Біздің елде адал ғалымдар бар, олар 200-дей ғана. Ал 3000 адамның ғылым докторы деген атағы бар. Ал осы 200 ғалым сол 3 мыңмен қалай күресеміз? Олар бізді тұншықтырып жібереді ғой. Бұл жерде тек табиғи сұрыптауға ғана иек артамыз, себебі уақыт өте келе, нағыз ғылыммен айналысатындар ғылымда қалады да, ал ғалымсымақтар ғылымнан кетеді, сөйтіп, олардың қатары сирей береді. Сол сияқты жемқорлар да бір-бірін жеп, тонап, ең соңында күшті жемқорлар тобы жеңіске жетеді. Бірақ сол топтың өзі халыққа арқа сүйеуге мәжбүр болады.
***
Білесіз бе, мен осы ғылымның дамуынан қатты қорқамын. Себебі ғалымдар атом бомбасын ойлап тапты, ал ол саясаткерлер қолына түскен соң не болды? Енді оларды тоқтатар күш жоқ. Қазіргі ғылымда ашылып жатқан түрлі жаңалықтарға қуанғаннан бұрын қорқатын әдет таптым. Мысалы, биология саласында жантүршігерлік жаңалықтар ашылуда. Ол жаңалықтар белгілі бір заңдылықтарды сақтаса ғана пайдалы. Ал ол заңдылықты айналып өтсе, адамзатқа орасан зор қауіп төндіреді. Мысалы, адамды ананың құрсағынан басқа жерде өсіріп шығару. Пиғылы теріс жандар жер астынан жабық зертхана ашып, адамды қолдан жасап жатса не болады? Бұл құлдыққа алып келеді ғой.
***
Ешкім Құдайдың бар-жоғын дәлелдей алмайды, бірақ бізді жаратқан бір тылсым күштің, Иеміздің басқарып отыратынын сеземіз, өзім Құдайға сенемін, мен күрделі есепті шештім, кейін ойлап отырсам, осы есепті мен емес, мені жетелеп отырған бір тылсым күш шешкен сияқты.
***
Көп адам гуманитарлық ғылымнан гөрі, нақты ғылымдарды дамыту керек деген пікір айтып жүр. Мен бұл пікірге түбегейлі қарсымын. Себебі балаларға патриоттық тәрбие беру үшін тарих ғылымы, сөз жоқ, керек. Тіпті тарихқа ерекше көңіл бөлу қажет. Ал тіл болмаса, ұлттың жойылатыны бесенеден белгілі. Сізбенен сөйлесіп отырғанымыздың өзі тіліміздің арқасы емес пе, тілсіз адам маймыл, ал маймылға математиканың не керегі бар? Меніңше, гуманитарлық ғылымдарды да, нақты ғылымдарды да қатар дамыту қажет. Тек дұрыс бағытпен… Гуманитарлық ғылымдардың да, математиканың да болашағы бар біздің елде. Ал техника ғылымдарының болашағы күңгірттеу сияқты. Бұл саланы дамытудың да қажеті жоқ. Себебі бұл салада бір жаңалық ойлап тапсаңыз, ол сол күні-ақ жүз жерде табылып қойған болып шығады. Сосын ол жаңалыққа ақшасы барлар ғана иелік етеді. Сондықтан да нақты ғылымдарда дамып жатқан саланы ғана дамыту керек. Ал қалғандарын шетелден сатып алып, пайдалануға болады.
***
Рас, көп адам баласының данышпан болғанын немесе болашақта басшылық қызметте отырғанын қалайды, бұл баланы бақытсыздыққа душар етеді. Ең бастысы, баланы адал, тәртіпті болуға үйрету керек, қалғанын ақылды бала өзі-ақ жүзеге асырады.
***
Жалпы, менің принцибім – бір теңге пайда болса да, Қазақстанға келгенін қалаймын. Ондай еңбекпен келген ақшаның біздің елге емес, өзге елдің қажетіне жарауын күнә деп түсінемін. Сондықтан есептің дұрыстығы анықталған соң ақшаны сөз жоқ аламын.
DALANEWS.KZ