Өтініштер ескерусіз қалмайды
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың тұрғындар алдында 2017 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беру жиынында 60-тан астам сұрақтар мен өтініштер түскен болатын. Аймақ басшысы жақында әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде сол сауалдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, ешқайсысы қараусыз қалмайтынын айтты.
— Халықты толғандыратын сұрақтың қайсысы болса да жауапсыз қалмауы керек. Тұрғындардың проблемаларын білу үшін есептік кездесуді күтудің қажеті жоқ. Мүмкіндігінше алдын ала шешу жағын қарау керек. Кез келген елді мекенге барсаңыз, күрмеуі қиын мәселеге тап боласыз.
Елді толғандырған мәселелердің бірі – дәрілік препараттардың халыққа уақытында жетпеуі. Есептік кездесу кезінде зейнеткер Тамара Иванова мемлекеттен арнайы берілетін диабетке қарсы тегін дәріні ала алмай жүргенін айтып, шағымданған еді. Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері болса диабетке шалдыққандарға берілетін дәрі-дәрмек жеткілікті екенін айтты. Бірақ, мамандар оның халыққа уақытында жетпеу себебін мемлекеттік сатып алу механизмінің өте баяу жүргізілетіндігімен байланыстырды.
— Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі, оны шешумен нақты айналысу қажет. Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы облыстық телеарналарда тоқсан сайын тікелей желіде тұрғындардың сауалдарына жауап берулері керек. Сонда ғана бұл жұмыс тікелей халықтың бақылауында болады, — деп атап өтті аймақ басшысы.
Жиналыс барысында Павлодар қаласына қарасты Жетекші ауылының тұрғындарынан түскен жаңа мектептің құрылысы туралы өтініші де қаралды. Жауапты мамандар жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттарын 1-шілдеге дейін тапсыруға уәде берді. Яғни, бұл мәселе де кешікпей шешімін табады деген сөз.
— Жетекші ауылынан үш шақырым жерде Теміржолшылар кенті бар. Кенттегі мектеп жасындағы балалар бірнеше қала мектептеріне автобуспен жеткізіледі. Егер Жетекші ауылына мектеп салынса, Теміржолшылар кентіндегі оқушылар алысқа тасымалданбай үйлерінің іргесіндегі жаңа мектепте білім алар еді. Бұл бағытта да жұмыс істеу керек, — деді Болат Бақауов.
Аймақ басшысы өзінің атына келіп түскен өтінішті жеке бақылауында ұстайтынын айтып, қарамағындағыларға тұрғындардан түскен сауалдар бойынша жұмыс атқаруды тапсырды.
Т.Сахаба облыстағы меншікті тілші