ӨТКЕЛДЕН ӨТЕРДЕ АТ АУЫСТЫРМАЙДЫ ҚАЗАҚ!
Менің жеке пайымым бойынша, Қазақия дәл қазір үлкен дағдарыс үстінде тұр. (Елдің ынтымағы мен бірлігінің сыналар тұсы да осы кез!). Оған себеп көп. Ең негізгісі – әлемнің ұйқысын қашырған – коронавирус. Бұған кей адамдар жеңіл қарайтын секілді. Ол құптардық дүние емес. Сақтанғанды ғана сақтайды Жаратқан Иеміз. Сондықтан Бауыржан атамыз айқандай ” Тәртіпке бағынған құл болмайды”.
Шынымды айтайын, Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевты мен кейде аяймын. Ел басқару оңай жұмыс емес қой. Ол бір. Екінші өте зиялы тұлға! Дипломатияға жетік. Алыс және жақын шет елдерде қызмет жасаған. Көргені, көкірекке түйгені мол. Азуын айға білеген, қалтарыс – бұлтарысқа дейін сараптайтын саясаткерлердің көбі (шетелдің және өзіміздің) “Былық- шылықтан ада, қолы таза” деп баға берді Тоқаевқа. Бұл тегін емес болар.
“Сынауға тіпті құмар кім көрінген, Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен ” деп Мұқағали ақын айтпақшы, қазір не көп сыншы көп? От басына, ошақ қасына, ағайын- туысына сөзі өтпейтіндер, “Қанденнің пілге үргені ” сияқты билікті сынауға дайын. Он адамды басқарып көрмегендер “ордалы ой” айтуға құмар. Жан жақты бағамдап, салиқалы пікір айту қалып барады.
Иә, биліктің де өз қайғысы өзіне жетеді. Қиын-қыста кезеңде мұқатып, кекетіп не мұратқа жетеміз?
Айту керек болса, билікті, ағынды су шаймаған тоғанға теңерміз. Иістеніп кетті деп мұрнымызды тыржитармыз. Әйтседе жаңа арналар ашылып, тың ағыстар құйылып жатқанын неге көрмейміз? Ел болашағы жастар өсіп келеді. Бәлкім солар жаманнан жиренер, жақсыдан үйренер, оған да көп қалған жоқ қой!
“Президенттің орнында мен болсам “Өйтер едім, бүйтер едім” деу оңай негізі. Кейде беліңнен шыққан өз балаңа бірде сөзің өтіп, бірде өтпей жататыны өтірік пе? Ағайын туысыңа да солай. Кейде жағасың, қасы -қабағын бағасың. Кейде ұнамай қаласың. Осыны біз әркез еске алып жүрсек, көп жерде ұтарымыз анық.
“Базардағы бағаны нарық бұзады ” демекші, ол жақтағы сананы да түрлі идеялар өзгеріске түсіруі әбден мүмкін ғой? Ішкі-сыртқы саясат пен белгілі бір кландар арасында бітіспес майдан жүріп жататынын әлеуметтік желідегі шулаған жұрт, біз, қайдан білеміз? “Тисе тереке, тимесе бұтаққа ” деп билікке қарата тас ата беру жақсылық нышаны емес, ағайын.
Өйткені , екінші президент екі оттың ортасында отыр қазір. Өзіне дейінгі қордаланған проблемалар мен жаңадан бой көтеріп жатқан түйткілді мәселелер қаншама?
Бар – жоғы бір жылда әжептәуір жұмыс жасады халық үшін. Оны айтпасақ арға сын!Белшеден қарызға батқан көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен халықтың банктердегі қарызын мемлекет өтеп берді. (Өтемесе де болар еді).
Бұған дейін болмаған төрт баладан жоғары отбасыларға (әр балаға 10 мың теңге шамамен ) төлеп жатыр. Әрине, келешекте Қазақстанда дүниеге келген әр балаға, алаламай төлесе нұр үстіне нұр.
Халықтың тұрмысына алаңдайтыны әр сөзінен аңғарылады. Елді жайлаған қымбатшылық, өзге де көкейкесті мәселелер толғантпайды деймісің?
Демократияның да шам – шырағын жағып қойды президент Тоқаев. Бұған дейін дәл мұндай ашықтық болып па еді?
КІМ не демей жатыр, қазір? Ақ ит кіріп, көк ит шығып жатыр ауыздардан. Біреудікі нысанаға дөп тисе, енді бірінкі лағып кетуде. Құдайшылығын айтайық, Тоқаевқа дейін кім шетелдік журналистке “Халық көшеге кедейліктен шықты ” деп айта алды?
Демек, шындықтың жүзіне тура қарай алатын адам, Тоқаев!
Қазақта қосақ арасында кетіп қалатын адамды “Тұзы жеңіл” деп жатады. Менде президент Тоқаевты сол қатарға жатқызар едім.
Елде болған көптеген апаттар мен келеңсіздіктер осы кісіні күтіп тұрғандай алдынан шыға келді. Ол аз дегендей коронавирус тығырыққа тіреп тұр.
Әйтседе ХАЛЫҚҚА деген ниеті түзу ең бастысы! Олай болса, халқының қамсыз тіршілігін ойлап, бүгінгі жағдайда тарыққанын қаламай, миллиондап қаржы бөліп жатқан мемлекеттер бізден бай емес. Ендеше көзі ашық, көкірегі ояу президент Тоқаевқа да халқы үлкен сеніммен қарап отыр. Күйзелген елдің күйін күйттесе, жүзі де жарқын, ісі де берекелі боларын “қырық кісінің ақылы болады” деп дәріптелетін президенттің білмеуі мүмкін емес қой..
Иә, ғаламды дағдарыс “елесі” кезіп жүр. Бұл да біздің билікке “Арық атқа қамшы ауыр” болғалы тұр.
Әсіресе мұнай бағасының құлдырап, доллар бағамының шарықтап кетуі де қайбір жақсылық дейсің!
Қазақ даналығында “Өткелден өтерде ат ауыстырмайды” деген тәмсіл бар. Бұл жайт біздің басқа да туып тұр.
Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде: “Бұл дағдарыс біз үшін, билік үшін сынақ…” деді.
Демек, Ел Президенті ел ішіндегі көп жайдан хабардар. Сыртқы жаулардың да пиғылы таныс оған.
Тағы айтамын, өткелден өтерде ат ауыстырмайды атамыз қазақ.
Осындай қысылтаң сәтте, президентке мүмкіндік беріп, тың қадамдарға баруына қолдау білдіру елге сын! “Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады” дейді бабалар даналығы. Ендеше елдік мұрат жолында бірге болайық! Сонда бізді жау да алмайды, дау да алмайды.